jasqazaq.kz

Жастарға жігер берген жиын

28 наурыз 2018, 19:23

Бүгін «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанатының кезекті IV Съезі өз жұмысын бастады. «Жаңа әлемге жол саламыз» деген ұранмен өтіп жатқан Съезге еліміздің әр өңірінен келген 1500-ден астам делегат қатысуда.

Іс-шараның алғашқы күні «Jas Otan conf» атты конференция ұйымдастырылды. Сондай-ақ, бес панельдік сессия өтіп, қатысушылар ғылым, білім, инновация, кәсіпкерлікті дамыту, цифрландыру және саламатты ұлт қалыптастыру ісіне қатысты өзекті мәселелер мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы басым бағыттарды жүзеге асыру барысын кеңінен талқылады.
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың қарашасында өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия қызметін жаңғырту жөнінде нақты тапсырма бергені белгілі. Бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып қолға алған жасотандықтар бүгінге дейін ауқымды жұмыстар атқарып үлгерді. Алдымен «Жас Отан» өзінің орталық кеңсесін түбегейлі өзгертіп, «open space» форматында жұмыс істеуге көшті. Сондай-ақ, бұл Съезді де жаңа бағытта өткізуге бел буып, тың бастамаларға басымдық бергенін атап өткен жөн.
Съездің салтанатты ашылу рәсімінде «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, баяндама жасады. Сонымен қатар бұл жиында сайлауда жеңіске жеткен Орталық кеңестің жаңа мүшелерінің есімдері белгілі болды. Айта кетейік, осы жылдың басында «Жас Отан» тарихында алғаш рет Жастар қанатының жоғары өкілдік органы болып саналатын Орталық кеңестің ашық онлайн-сайлауы өтті. Оған еліміздің әр түкпірінен 363 жас үміткер өз кандидатураларын ұсынып, соның 16-сы жеңіске жетті. Кеңес мүшелігіне сайланғандардың қатарында жас кәсіпкерлер, еріктілер қозғалысының белсенділері және өнер саласында тер төгіп жүрген жандар бар. Мәселен, Орталық кеңеске Алматы қаласынан «Ninety One» тобының әншісі Дулат Мұхаметқалиев сайланды.
Конференциядан кейін жасотандықтар бірнеше топтарға бөлініп, түрлі тақырыптарда пікір алмасты. Атап айтқанда, съез делегаттары «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан», «Қазақстанда жасалған», «Білім. Ғылым. Инновация» және «Саламатты ұлт» тақырыптарында панельді сессияларға қатысты. Соның аясында жасотандықтар қоғамдағы бүгінгі ахуалды ой таразысынан өткізіп, жаһандық тұрғыдан зерделеп, күрмеуі қиын мәселелерге назар аударды. Сондай-ақ, оларды шешу жолдарын да ұсынды. Әр сессия жұмысына спикер ретінде орталық мемлекеттік орган басшылары, белгілі саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері қатысып, жастармен еркін әрі емен-жарқын пікірлесті. Нәтижесінде бірқатар жаңа жобалар ұсынылды. Олардың ең үздіктері Съездің екінші күнінде өтетін Гала-форумде көпшілікке таныстырылмақ.
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өткен «Рухани жаңғыру» сессиясына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қатысты. Ол өз сөзінде Елбасының аталған бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылғанына назар аударды. Мәселен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық, «Туған жер» және тағы басқа бағыттар бойынша қазірдің өзінде нақты нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы барлық басымдық еліміздің кемел келешегіне бағытталған. Соның ішінде латын әліпбиіне көшу бағыты бізді әлемдік өркениетке, интеграцияға одан әрі жақындатып, дамудың жаңа кезеңіне бастайды. Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша әлемдегі ең жақсы оқулықтарды қазақ тіліне аударуды көздейтін «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы да жастарымыздың сапалы білім алуына бағытталған. Әр адамның өзінің туған жері мен елінің тарихын, мәдениетін, құндылықтарын дәріптеуге үндейтін «Туған жер» бағдарламасының да маңызы зор, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары бағдарламалық мақалада басымдық берілген «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Әлемдік бәсекеге қабілеттілік» сияқты бағыттарға да ерекше назар аударды. Одан бөлек, жарияланғанына бір жыл болатын бағдарлама аясында атқарылған жұмыстардың барлығы ұлттық болмысымыз бен ұлттық кодты сақтауда айрықша мәнге ие екенін жеткізді.
– Рухани жаңғырудың басты мәні – бабадан мирас болған асыл мұраларымызды дәріптеу, ұлттық кодымыз бен құндылықтарымызды сақтау және халықты ортақ мүддеге ұйыстыру. Ұлтымыздың бар қадір-қасиетін өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, сол жолда аянбай еңбек етуіміз керек. Осы тұрғыда «Жас Отанға» сананың ашықтығын қалыптастыру, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, прагматизм, еңбекқорлық сияқты міндеттер жүктеліп отыр. Әр жасотандық жаңғыру аясында әлемнің озық тәжірибелерін еркін меңгере отырып, өзінің ұлттық коды мен рухани және мәдени бірегейлігін сақтауы тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сөз соңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары барша жасотандықтарды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні мен маңызын халыққа түсіндіруде белсенділік танытуға шақырып:
– Елбасымыздың осындай игі бастамаларын жүзеге асыруда жастардың атқарар рөлі ерекше. Өйткені бұл бастамалардың барлығы жас буынның жарқын болашағына арналған. Сондықтан осы жолда күш біріктіріп, жұдырықтай жұмылып жұмыс істейік, – деді.
Сессия барысында Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов рухани жаңғыру ең алдымен ұлттық құндылықтарды дәріптеу екенін атап өтті. «Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, насихаттауда білім ошақтарының рөлі ерекше. Сондықтан біздің министрлік тарапынан бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда әр өңір өлкетану бойынша өз оқулықтарын дайындап қойды. Соған орай алдағы оқу жылынан бастап ол оқулық пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізілмек», – деді А.Аймағамбетов.
Бұдан басқа аталған сессия жұмысына Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Борашев және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы Мұрат Әбенов қатысып, тақырып аясында өз ойларын ортаға салды.
Назарбаев Университетінде өткен «Білім. Ғылым. Инновация» сессиясында Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев пен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жасотандықтармен кездесті. Өз сөзінде А.Өрсариев төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адам капиталы мәселесіне тоқталды. Ал университет ректоры Е.Сыдықов Президенттің бес әлеуметтік бастамасының білім саласына ерекше серпін бергенін айтып, таяу жылдарда Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне арналып бес жатақхана салу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Ақпараттық технология, цифрландыру, жасанды интеллект, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында қазақстандықтардың өмірін одан әрі жақсарту сияқты мәселелер «Цифрлы Қазақстан» сессиясының басты тақырыбы болды. Мұнда Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Дарын Тұяқов пен «Қазпошта» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов сөз сөйлеп, аталған игі істі жүзеге асырудың тиімді тетіктеріне назар аударды.
«Қазақстанда жасалған» атты сессияда жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту мәселесі кеңінен сөз болды. Басқосуды модератор ретінде «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев жүргізіп отырды. Ал «Қазақстанның ет одағының» төрағасы Асылжан Мамытбеков, Парламент Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев және «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Исатаев спикерлер қатарында сөз алды.
Келесі «Саламатты ұлт» сессиясында Съезд делегаттары қазіргі таңда қазақстандықтардың денсаулығына кері әсерін тигізіп отырған факторларға тоқталып, олардың алдын алу тетіктерін қарастырды. Өйткені бүгінгі жаһандану жағдайында бәсекеге қабілетті болудың басты талабы – саламатты ұлт қалыптастыру. Сондықтан жасотандықтар бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, тұтас бір сессия жұмысын осы тақырыпқа арнады. Сессия барысында Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин жастардың арасында саламатты өмір салтын ұстанатындардың қатары жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын айрықша атап өтті. Өз кезегінде Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман жастарға адам денсаулығын жақсартуға бағытталған мобильді қосымша жасап шығару жөнінде ұсынысын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, мұндай қосымшалар, жүкті әйелдерге, қант диабеті мен басқа да ауыр дертке шалдыққандар үшін ауадай қажет.
Одан бөлек, аталған басқосуда «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының басшысы Жәмилә Садықова мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар кафедрасының аға оқытушысы С.Нұркенова қатысып, тақырып аясында сөз сөйледі.
Барлық сессияда жасотандықтар аса белсенділік танытып, көтерілген тақырыптар бойынша ұтымды ұсыныстарын жолдады. Сұрақ-жауап кезінде де еркін пікір алмасып, өзекті де ұтқыр ойлар айтылды. Нәтижесінде әр бағыт бойынша жастарға арналған бірнеше тақырыптық жобалар ұсынылды. Съездің бірінші жұмыс күнінің қорытындысы ретінде ол жобалар арнайы құжат болып дайындалды. Ол ертеңгі Гала-форумда кеңінен талқыланбақ.
Айта кетейік, Съезд алғаш рет VR, яғни виртуалды шындық форматында онлайн көрсетілді. Соның нәтижесінде сессиялар жұмысын қазақстандық жастар ғана емес, әлемнің барлық интернет қолданушысы 360 градуста көруге мүмкіндік алды. Бұл – биылғы Съездің басты ерекшеліктерінің бірі.

Бүгін, 19:27
Түркістан қаласының жалпы өңірлік өнімі 159,5 млрд теңгені құрады
Бүгін, 19:13
Түркістан: Жылыжай агробазасы - барлық саланы біріктіретін ауқымды бастама
25 маусым, 16:42
Түркістан: Ағын су тапшылығын еңсеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
25 маусым, 15:56
Түркістан: Саурандағы индустриалдық аймақтар кәсіпкерлікке серпіліс береді
25 маусым, 15:45
Түркістан: 130 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 100-ге жуық жоба жүзеге асуда
25 маусым, 14:58
Алматы қаласында жаңа отбасылық емхана пайдалануға берілмек
24 маусым, 16:32
Chevron -ҚМГ: Сенімді серіктестік жолымен
24 маусым, 15:51
Бақытжан Төлімбет: Түркістанда балалар арасындағы суицидтің алдын алу жұмыстары дұрыс жолға қойылған
24 маусым, 14:23
Түркістан: Түлкібаста жалпы өңірлік өнім 29,9 млрд теңгеге жетті