jasqazaq.kz

Жастарды қолдау жалғасады

10 тамыз 2023, 15:04

Жастар — елдің ертеңі, болашақтың бастауы, мемлекетімізді дамытушы қозғаушы күші десек, Түркістан облысы Созақ ауданында жастар саясаты тиісті дәрежеде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде ауданымызда 14-29 жас аралығында 15 517 жас бар. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, қоғамның барлық саласында белсенді жұмыс атқарып келеді. Ізгі істің басында жүретін аудан еріктілері қарттар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созып келеді. Жастар мәдени-патриоттық шараларда қашанда алдыңғы қатардан табылады. Өскін ұрпақтың ұлағатты істері біздің мақтаныш сезімімізді оятады.

Бүгінде Созақ аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен мемлекеттік бағдарламалар бойынша сауда орталығында ақпараттық түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Түсіндірме жұмыстарының мақсаты – жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бағдарламалары мен тұрғынүй жөнінде ақпараттармен таныстыру.

Түсіндірме жұмыстары барысында базар жастарына мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары: «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жөнінде ақпараттар берілді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» шеңберінде іске асырылатын шағын несие, 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған 2,5 пайыздық несие туралы да толыққанды мағлұматтар айтылып, жадынамалық парақшалар тарқатылды. Созақ ауданында мемлекеттік бағдарламалар бойынша халық көп шоғырланған орындарда түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Мемлекеттік қайтарымсыз грант алу бағдарламасы және жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында жастарға 2,5 пайыздық шағын несие бағдарламасына қажетті құжаттар тізімі түсіндіріліп, бағыт-бағдар берілді.
Өңіріміздің бірнеше аудандарында өткізілетін, қазіргі жас буындар арасында әлеуметтік желілерде белсенді азаматтар, спортшылар, әншілер, актерлер және басқа да өнер адамдарының қатысуымен ұйымдастырылып жүрген «SHOW MATCH» спорттық шарасы Созақ ауданында болып өтті. Аталмыш матч Созақ аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ және аудандық маслихат депутаттарымен бірлесіп өткізілді.

Алдымен орталық стадионда жастармен қызықты сұрақ-жауап форматында кездесу өтті. Матчтың ашылуын аудандық «Amanat» партиясының төрағасы Ернар Сағындық арнайы құттықтау сөз сөйлеп ашып, барша жастар мен келген қонақтарға сәттілік тіледі. Матчтың қорытындысы бойынша ең үздік ойыншыға жәнеи жастар арасында танымал «Інілер» командасына Созақ аудандық «Sozaq uni» газеті редакциясы» ЖШС директоры Ержан Әбілпаттаев өз атынан ақшалай сыйлықтар табыстады.
Өнер адамдарынан құралған «Ағалар» және «Інілер» командаларының арасында өткен матчты көруге келген көрермендер «SHOW MATCH» барысында концерттік бағдарламаны көріп, көтеріңкі көңілмен тарқасты.
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай, Бәйдібек ауданында өткен Облыстық «TURAN» интеллектуалдық ойынында Созақ ауданының «Қыран» командасы «БІЛІМГЕР» номинациясымен марапатталды.

Ойынның мақсаты — дарынды жастарды анықтау, сонымен қатар танымдық қызығушылықтарын ояту арқылы білім деңгейін көтеру болып табылады. Орталықтың биыл өткізген тағы бір ерекше кездесуі жайлы айтып өткім келеді. Биыл аудан жастары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Тұрсынбайұлы Әбдиевпен еркін форматта кездесті.
Бұл кездесуге 10 ауылдық округ пен 2 кенттен белсенді жастар қатысып, түрлі тақырып аясында ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Жастар саясатындағы негізгі бағыттар бойынша: жастарды жұмыспен қамту, жас кәсіпкерлерді қолдау, ауқымды жобалар мен гранттардың санын арттыру, шағын және орта бизнеске айрықша көңіл бөлу, «Жастар ресурстық орталықтары» КММ-нің жұмыс жүйесі мәселелері талқыланған жиында Парламент Мәжілісінің депутаты барлық пікірлерді назарға алып, алдағы уақытта жұмыс жүргізетіндігін мәлімдеді. Біздің орталық аудандағы жасөспірімдердің мәселелерін де назардан тыс қалдырған емес. Осы ретте ауданымызда «Жаһандану әлеміндегі жастардың психологиялық денсаулығы» атты семинар-тренинг жыл сайын ұйымдастырылады. Бұл маңызды семинар биыл да өтті. Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Созақ ауданында психолог мамандары мен ата-аналардың қатысуымен жастар мен жасөспірімдер арасында келеңсіз жағдаяттардың алдын алуда мамандарды және ата-аналарды дайындауға арналған семинар-тренинг өте жоғары деңгейде өткен болатын.

Семинар-тренингтің мақсаты: суицидтің, зорлық-зомбылықтың алдын алуда ата-аналарды, қоғамды ақпараттандыру, ескертуші белгілерін үйрету, психикалық, репродуктивті денсаулықты нығайту болып табылады.
Аталмыш семинар-тренингті БҰҰ балалар қорының ұлттық тренері, Еуропа психологтар қауымдастығының мүшесі, 100 жаңа есім жобасының жеңімпазы, психолог маман Әбдірахманова Сымбат Нұртазақызы жүргізді.
Семинар-тренинг барысында «Психикалық денсаулық негізі» мен «Репродуктивті денсаулық» атты тақырыбында интерактивті таныстырылым өтті. Сымбат Нұртазақызы қатысушыларға психикалық денсаулық, оған әсер ететін факторлар, суицидке баратын адамдардың белгілері, олармен сөйлесу, көмек алу, алдын алу жолдарын және репродуктивті денсаулық, оған әсер ететін факторлар, балаларды педофилден қорғау, гигиена тақырыптарын, алдын алу жолдарын үйретті.
Сонымен қатар тренингке қатысушылар «Белсенді тыңдау» қарым-қатынастың негізі айдарында практикалық жаттығу арқылы белсенді тыңдау дағдысына талдау жасады. Тренинг соңы қатысушылар қатысқан зерттеудің ниеті туралы өз ойларымен қорытындыланды.

Бүгінде Түркістан облысында «Серпін» бағдарламасына құжат қабылдау жүріп жатыр. Бағдарламаны ақпараттық түсіндіру жұмыстары біздің ауданда да белсенді жүргізілуде.
Ауыл түлектеріне арналған бағдарлама аясында 2023-2024 жылғы оқу жылдарына 3 653 грант бөлініп отыр. Оған Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарының түлектері қатыса алады. Жалпы өңірлерге гранттар саны нақты белгіленбеген. Бұл ретте, республика бойынша биыл бөлінген гранттың 30 пайызын түркістандық талапкерлердің иеленуге мүмкіндігі бар, яғни 1 400 түлек оқуға қабылданады деп жоспарланып отыр.

13 шілдеден бері «Серпін» бағдарламасы бойынша 18 университеттің өкілдері Түркістан қаласындағы «Жастар ресурстық орталығы» мен Қожа Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ-де, Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы ОҚУ-де және Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, құжат қабылдауды бастады. Бағдарлама аясында мемлекеттік грантқа құжат қабылдау жүріп жатыр. Қазір біз осы бағдарламаларды аудан жастарына белсенді түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастап кеттік. Осы бағдарламаға қызыққан кез келген жас түлек өзіне қажетті ақпаратпен толық қамтылады. Сонымен қатар ауданымыздағы әр ауылдық округтердің жастарына да ақпараттық түсіндірме қағаздары таратылып, орталықтың мамандарынан құрылған жұмыс тобы белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. «Серпін» бағдарламасы бойынша жалпы гранттар Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстарында орналасқан университеттерге бөлінеді. Гранттар техникалық ғылым, ауыл шаруашылығы, медицина саласын қамтиды.

Біздің аудандық «Жастар ресурстық орталығы» өңіріміздегі жастардың ғана емес, барлық тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына көңіл бөледі. Осыған орай, жуырда ғана Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай, қазақ халқының ұлттық спортын дамыту, жастарды спортқа баулу және ұлттық рухты қалыптастыру мақсатында «Рухани төрім — Түркістан» жобасы аясында, Келес ауданы әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен облыстық «Толағай-2023» атты отбасылық сайысы өтті.

Келес ауданында өткен спорттық шараға біздің ауданымыздың жастары белсенді қатысып, жүлдемен оралды. Қазіргі таңда елімізде дәстүрлі садақ ату спорты мен арқан тартыс ойындары жастар арасында ерекше дамып келеді. Сайын даланы мекендеген ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан бұл спортты дамытып, өркендету үшін жаңаша бағытта жұмыстар атқарылуда. Спорттан бөлек, жастар орталығы отбасы құндылығына да аса мән береді. Отбасының басты қызметі — баланы жан-жақты тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйренуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады.
Жарысты ұйымдастырушылардың айтуынша, сан ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан көне дәстүрлі спорт түрлерін жастар арасында насихаттау болып табылады.

Дәстүрлі спорт жастарды шымырлық пен мергендікке баулиды. Өз елі мен Отанын сүюге, тәуелсіздіктің қадірін түсіну арқылы нағыз патриот болуға бастайтын бұл сайыс кемелді келешек иелері арасында аса қызықты әрі тартысты өтуде. Жарыстың қорытындысына сәйкес, Шардара ауданының командасы, Созақ ауданының командасы, Алматы қаласының командасы жүлделі орындарға ие болды. Созақ аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ психологының ұйымдастыруымен «Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау» туралы брошюралар таратты.

Бұл шараның мақсаты репродуктивтік денсаулық репродуктивтік құқықтар бойынша түсіндіру мен жастар мен жасөспірімдердің мәселелерін шешу жолдарын қарастыру мен отбасында қыз баланың жеке тұлға болып қалыптасуы үшін ұлттық тәрбиенің әдіс-тәсілдерін жетілдіру, жас жеткіншектер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу болып табылады. Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастар арасында «Береке-байлық – ауылда!» атты семинар-тренинг өтті. Семинар-тренингтің негізгі мақсаты — жастарға ұлттық құндылықтарымыз бен көнеден келе жатқан салт-дәстүрімізді дәріптеу, жастардың бойына сініру, сондай-ақ қазіргі уақытта қала өміріне көп қызығатын жастарға нағыз қайнап жатқан қызықты өмір мен береке-бірліктің ауылда екенін көрсету. Жастар ұлттық ойындарымыз — садақ ату, арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу бойынша бақ сынап, жеңімпаздарға ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.
Түркістан облысы, Шардара ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жастар Елге!» атты эко-плоггинг облыстық жастар слеті өтті.

Шараның мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, қоршаған ортаны қорғауға деген азаматтық белсенділік қалыптастыру және жұртшылық назарын экологиялық проблемаларға аударту.
Екі күнге созылған «Жастар Елге!» атты эко-плоггинг облыстық слеты барысында жастар жүгіріп жүріп арнайы қапшықтарға қағаз, пластик заттар, целлофан сияқты заттарды жинап, жағалауды қоқыстан тазартты.
«Жастар Елге!» атты эко-плоггинг қорытындысына сәйкес, 9 команда, 100-ге жуық жастар қатысты. Эко-плоггинг барысында көп қоқыс жинаған «Жаушықұм», «Жасыл ел» командаларына арнайы диплом, ынталандыру сыйлықтары мен Ақсу-Жабағылы қорығына екі күнге тегін жолдама берілді.

«Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» деп халық даналығында айтылғандай, табиғатты қорғау — біздің міндетіміз, болашақ ұрпаққа қалдырар байлығымыз. Сондықтан да табиғат жанашырлары табиғатты таза ұстау әр адамның міндетті борышы екенін жеткізгісі келеді. Жоғарыда аталған аудандарда өткен іс-шараның барлығына Созақ жастары белсене атсалысады. Орталық осындай маңызды іс-шаралар арқылы жастардың дамып, қоғаммен етене араласуына жол салуда. Жастарға арналған маңызды шаралар алдағы жылда да жалғасын тауып, жастар үшін бағытталған жоспар мен мақсаттар орындала береді.

Олжас Төлепбергенұлы,

Созақ аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы

15 мамыр, 12:25
Бибігүл Дандығараева: Ұлттық құрылтай – елдің даму бағдары
14 мамыр, 16:42
Маржан Арапбаева: «Бақыттырақ болу үшін, мұрнымды жасаттым» (Видео)
14 мамыр, 16:16
Түркістан: егістік сусыз қалмайды
14 мамыр, 15:14
Түркістан облысында 14 индустриалдық аймақ жұмыс істейді
14 мамыр, 15:02
Түркістан: 41 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізіледі
14 мамыр, 14:50
Түркістан: Жол жөндеу жұмысы қарқынды
06 мамыр, 13:50
Алматыда Tabiğat Labs-тың жаңа маусымы басталды
05 мамыр, 16:31
Телефон алаяқтарының арбауына түскен 25 жастағы жігіттің оқиғасы: “Бәрі бір қоңыраудан басталды…”
04 мамыр, 21:28
Ғибратты ғұмырдың жетпіс жетінші көктемі