Жастар саясаты – ел ертеңін айқындайтын басым бағыт

02 желтоқсан 2022, 10:57

Жастар саясаты – еліміздегі басымдық берілетін ең негізгі бағыттардың бірі. Өскелең ұрпаққа айрықша көңіл бөлудің нәтижесінде олардың жан-жақты білім алып, еңбек етуіне жағдай жасалып отыр. Еліміздің жан-жақты аймақтарында жастарға қолдау көрсетуге айрықша маңыз беріледі. Ал Жамбыл облысындағы мемлекеттік жастар саясатының дамуы қандай? Жастардың әлеуметтік жағдайын көтеруге, рухани тұрғыда өсіп-өркендеуіне бағытталған қандай жобалар бар? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхармен әңгімелескен едік.

Jas qazaq: Жомарт Дүйсенұлы, елімізде әрбір азаматтың жан-жақты дамып, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы үшін барлық жағдай жасалған. Жамбыл облысында жастарды қолдау мақсатында қандай игі істер атқарылып жатыр? Жалпы облыстағы жастардың саны қанша?

Ж.Зұлпыхар: Жастар еліміздің ертеңі. Қозғаушы күші. Жамбыл облысында белсенді жастардың қатары күннен күнге артып келеді.

Облыста 258 (258 164) мыңнан астам жас бар. Жастар облыс халқының 22,4 пайызын құрайды. Жастардың 96 786-і (37,4%) қалада, 161 378-і (62,6%) ауылдық елді мекенде тұрады. Облыс жастарын қолдау мақсатында біршама жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, мемлекет тарапынан түрлі жобалар, бағдарламалар іске асырылып жатыр.

Жергілікті жерлердегі «Жастар ресурстық орталықтары» арқылы жоғары, орта және кәсіптік білім алушылар арасында салалық бөлімдердің мамандарының қатысуымен қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндіру-ақпараттандыру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп тұрады. Елімізде әрбір жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты тетіктер жасақталғандығы айқын көрініс табуда. Жастар келешегіміздің тірегі ретінде ұшан-теңіз білімімен, жасампаз еңбегімен және күш-жігерімен өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктерін меңгеруі тиіс. Басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында әлеуметтік маңызы бар жобалар да іске асырылуда. Айталық, облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. 400 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде қайтарымсыз гранттар және кәсіпкерлік жаңа бастамаларға 5 млн теңгеге дейін гранттар берілуде, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақылар және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға несие берілуде, жастарды маусымдық жұмыспен қамту мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағы жұмысы ұйымдастырылуда.

Сондай-ақ басқарма тарапынан жастарды облыс жастарының азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, облыс жастарының білім, ғылым, өнер, мәдени шығармашылық деңгейінің артуына және өңірдегі жастар саясатындағы өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға жағдай жасай отырып, әр түрлі салада жетістікке жеткен және қоғамдық өмірде белсенді араласқан жастарды көтермелеу және қолдау мақсатында 15 номинация бойынша үздік деп танылған жастарға «Әулиеата үміті» жастар сыйлығы тағайындалмақ.

Jas qazaq: Жастар саясатын дамыту дегенде, ең басты мәселе – жастарды жұмыспен қамту екені белгілі. Әсіресе, қолына енді ғана диплом алып, маман иесі атанған жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуы маңызды. Осы ретте жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған қандай бағдарламалар бар?

Ж.Зұлпыхар: Жастарды еңбекке баулу, кәсіпке бейімдеу жұмыстары жергілікті жерлердегі жұмыспен қамту орталықтары арқылы іске асырылады. Жастарды бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына (бос жұмыс орындары, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, ақылы қоғамдық жұмыс орындары), кәсіпкерлік бастамаларға (кәсіби оқуға, кәсіпкерлік негіздеріне оқуға, шағын несие алуға), маусымдық жұмыстарға («Жасыл ел»), спорттық, мәдени іс-шараларға тарту жұмыстары ұйымдастырылды.
Сондай-ақ жергілікті жерлердегі «Жастар ресурстық орталықтары» арқылы «Jastarga-кеnes» жобасы аясында мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы жастарға кеңес беру және ақпараттандыру мақсатында ақпараттық кеңес беру алаңдары ұйымдастырылды.
Ағымдағы жылы «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында 21 838 жасты белсенді шараларға тарту жоспарланған.

Биылғы жылдың 1 қарашасында аталған жоба аясында барлығы 25 588 жасты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.

Оның ішінде, 7 798 адам бос жұмыс орындарына орналасса, 330 жас қысқа мерзімді кәсіби оқытуға, 525 жас онлайн оқытуға, 1 738 түлек жастар практикасына, 189 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 1 888 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды, 30 жас ұрпақтар келісімшартына, 179 жас алғашқы жұмыс орны жобасына, сондай-ақ 11 391 жас «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданып, 1 520 жас қайтарымсыз грант алды.

Jas qazaq: Жастарға қолдау көрсетуден бөлек, олардың бос уақытын тиімді өткізуге де түрлі жағдайлар жасалуы керек. Жамбыл облысындағы жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, спорт және мәдени шараларға араластыру жағы қалай жүзеге асуда?

Ж.Зұлпыхар: Облыста «Жастар ресурстық орталықтарына» қарасты 16 «Аула клубтары» рухани-адамгершілік, спорттық, мәдени-шығармашылық, құқықтық, психологиялық-танымдық, экологиялық мәдениет және т.б. бағыттарда жұмыс жүргізеді. Аталған аула клубтарында тоғызқұмалақ, шахмат, сурет салу, шебер қолдар, бастауыш сыныпқа қосымша білім беру, поэзия, өнер, айтыс, дойбы, шахмат, үстел теннисі, жастарды ұлттық спортқа баулуға бағытталған үйірмелер бар.

Сонымен қатар, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге облыс көлемінде «Рухани-адамгершілік», «Әскери-патриоттық», «Спорт», «Мәдени-шығармашылық», «Құқық», «Дін», «Психологиялық-танымдық», «Жастарға кеңес беру», «Экологиялық мәдениет», «Этносаралық келісім», «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» сияқты 11 бағыт бойынша жастар арасында іс-шаралар ұйымдастырылуда. Одан бөлек, әр ауданда белсенді жастардан құрылған «Жастар ресурстық орталықтары» бар. Бұл орталықтың негізгі мақсаты – аудан жастарының дамуына үлес қосу. Орталықта белсенді жастар қайырымдылықпен, волонтерлікпен айналысса, шығармашыл жастар өздерінің тобын құрып, шығармашылық орта қалыптастыруда. Қазір жастарға барлық жағдай жасалған, мүмкіндік мол. Жұмыс барысында жастармен көп кездесіп, олардың ойын тыңдаймыз. Бір жағынан, қазір электрониканың дамыған кезеңі. Үйренемін деген адам онлайн да қалағанын үйрене алады. Әрине, зиянды тұстары бар болғанымен, ғаламторды тиімді пайдаланып та дамуға болады. Тек жастар интернеттен өзіне керегін алса екен деймін. Қазір шет тілін үйреніп, білімін шетелде жалғастырғысы келетін жастардың қатары көп. Ертең олар еліміздің болашағына үлес қосатынына сенімдімін.

Jas qazaq: Еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі – баспана мәселесі. Бүгінде осы мәселені шешуге мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар жасалуда. Жамбыл облысы да жастарды баспанамен қамту мақсатында «Әулиеата жастары» бағдарламасын іске қосты. Осы жобаға тоқтала кетсеңіз. Мәселен, биыл қанша жас қоныс тойын тойлады?

Ж.Зұлпыхар: Облыс әкімінің тапсырмасымен аймақтағы мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасының аясында облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасының жобасы әзірленген еді.

Жоба өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жас отбасыларға қолдау мақсатында дайындалды.

Бағдарламаны әзірлеуде облыстың ерекшеліктерін ескере отырып, Астана, Алматы қалаларында оң нәтиже берген пилоттық бағдарламалар негізінде алынды.

Бұған дейін облыста жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарлама болмаған. Қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде тұрғын үй сатып алу үшін азаматтарға ипотекалық кредиттеудің әртүрлі құралдары («7-20-25», «Баспана-хит», «Әскери Баспана», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» 5-10-20 және т.б) қарастырылған. Басқарма тарапынан тұрақты түрде әлеуметтік желіде сауалнамалар ұйымдастырылды, яғни жүргізілген зерттеудің нәтижесінде жастардың 90 пайызға жуығы тұрғын үй алуға ниетті екені және төлеу қабілетінің бар екендігін көрсеткен.

Бағдарламаға жергілікті бюджет есебінен 500 миллион теңге бөлінді. Бағдарлама «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде қолдау тапты.

Жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы – 13 миллион теңгеге дейін. Несие беру уақыты – 19 жыл. Пайыздық мөлшерлеме – 5%, бастапқы жарна – 5%. 50-ге жуық жас қамтылды.
Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі Қазақстан азаматы қатыса алады. Негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 28 наурызында «Отбасы банк» АҚ мен облыс әкімі арасында Жамбыл облысы жастарына жеңілдетілген несие берудің 2022 жылға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы аясындағы №118-22 Ынтымақтастық туралы екі жақты келісім жасалып, облыс әкімдігі, Бағдарлама әкімшісі (жастар саясаты мәселелері басқармасы) және «Отбасы банк» АҚ арасында үш жақты несие шартына қол қойылды.

Бағдарлама аясында өтінімдерді қабылдау үшін облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасымен e-jambyl.kz платформасында «Әулиеата жастары» бағдарламасына өтінімдерді қабылдау бөлімі әзірленіп, аталған бөлімде бағдарлама талаптары мен шарттары орналастырылды және қатысушылардың өтінімдерін қабылдау іске асырылды.
Сондай-ақ бағдарламаның шарттары e-jambyl.kz сайты мен әлеуметтік желі парақшаларында орналастырылды.

Бағдарламаға тұрғын үй алуға барлығы 619 өтінім түсті және аталған өтінімдер Жамбыл облысының жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған. «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың өтінімдерін қарау және бағалау жөніндегі комиссияның қарауына ұсынылып, нәтижесінде 67 қатысушыға «Отбасы банкке» жолдама берілді.
Бүгінгі күнге «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалы тарапынан 27 қатысушының өтінімі мақұлданып, оның ішінде 14 қатысушы бағдарлама аясында баспаналы болды. 13 қатысушы тұрғын үй іздестіруде. Ал 20 қатысушының өтінімі банктің қарауында тұр.

2023 жылға бағдарлама аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалымен бірлесе қаржыландыру арқылы қаражат көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ алдағы уақытта бағдарлама шарттарын оңтайландыру мақсатында бағдарлама ережесіне өзгерістер енгізу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Jas qazaq: Маман ретінде жастардың әл-ауқаты мен дамуын жетілдіруге әлі де болса не істеуіміз керек? Осыған қатысты ойыңыз қандай?

Ж.Зұлпыхар: Жастардың әл-ауқаты мен дамуын жетілдіруге жастарға әр саладан гранттар бөлу қажет, жастар барынша білімге ұмтылғаны жөн. Қазіргі таңда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жастарға ерекше көңіл бөлінуде. Білім саласы болсын, кәсіпкерлік саласы болсын, әр түрлі жеңілдіктер мен гранттар бойынша бағдарламалар қарастырылуда. Дәл осы сияқты бізге бағдарламалар санын арттырып, жастарды білімге, еңбекке қызықтыратын, ең бастысы, жастарға тұлғалық дамуын, ортада өзін қалыптастыруға мүмкіндік беретін жағдайларды жасауға әрекет етуіміз керек. Жастар саясаты – ел ертеңін айқындайтын басым бағыт. Жастар саясаты жастардың білім, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендіру және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру үшін жағдай жасауға негізделген. Мемлекеттік жастар саясатының басты мақсаттарының бірі – еліміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуына үлес қосуға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға тәрбиелеу. Жастар мәселесі қай заманда да өзекті болып қала бермек. Осы ретте келесі жылы жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету мақсатында жеңілдетілген тәртіппен шағын несие беру тетіктері қарастырылып отыр. Бұл да жастардың өз кәсібін дамытуға септігін тигізеді.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Мақпал Ноғайбаева,
Жамбыл облысы

30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары
30 қыркүйек, 16:04
Түркістан: Жастарға заңгерлік кеңес берілді
30 қыркүйек, 16:03
Түркістан: Қылмыс пен жаза
30 қыркүйек, 13:20
Түркістан: Полиция жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
30 қыркүйек, 12:55
Назерке Тәнекеева: Қолдау бар. Тек тәуекел етіп, кәсіп бастау керек
29 қыркүйек, 22:52
Су үнемдеудің сәтті тәжірибесі
27 қыркүйек, 16:46
Түркістан: Жан-жақты іс-қимыл - мал ұрлығына тосқауыл