Жастар масылдыққа бой үйретпеуі керек

25 наурыз 2022, 11:43

Сіз естіп пе едіңіз, табан ақы, маңдай терін бұлдамай, өскелең ұрпақтың қамы үшін деп бір ай емес, екі ай емес, бір жыл бойы тегін еңбек еткен адамдар туралы. Иә, қайырымды, мейірімді атымтай-жомарт жандардың жасаған жақсылығын, көрсеткен қамқорлығын естіп-біліп жүрміз. Ал енді жыл он екі ай жалақы алмай, тіпті алу былай тұрсын, атқарған жұмысын бұлдамаған жан бар. Ол кісі кезінде ұлттық өнеріміз – қазақ күресіне көңіл онша бөлінбей, назардан тыс қалғанда туған жерінде қазақ күресінен үйірме ашып, ауыл балаларын баулыған бапкер. Бір жыл бойы тегін сабақ өтіп, қазынадан да, қарапайым халықтан да бір тиын бұлдамаған. Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісінің иегері, Отырар ауданының құрметті азаматы, бұл күнде жасы жетпіске таяса да кәсіпкерлік саланы өрістетіп, отбасының ырыс-берекесін арттырып келеді.
Оңалбек Өтебайұлымен әңгімеміздің арқауы қоғамдағы масылдық пен жалқаулық тақырыбына арналды.

Jas qazaq: Оңалбек аға, сізді ауылдастарыңыз, яғни Түркістан облысы Отырар ауданы Қоғам ауылының тұрғындары кезінде бір жыл бойы балаларды тегін спортқа баулып, сабақ өткеніңізді жыр ғып айтады. Осыны «өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп Қасым Аманжолов жырлағандай, өзіңізден естісек. Өзгелерге үлгі боларлық қасиет қой, дәл қазіргі қоғамға жетіспейтіні де осы мәрт мінез секілді.

Оңалбек Әуелбеков: Айтсам, мақтанғандай болармын, десе де сұрап отырсың ғой. 1976 жылы кіндік қаным тамған туған ауылымда қазақ күресінен үйірме аштым. Отан алдындағы борышымды өтеп, жоғары оқу орнын бітірген жас маманмын. Ауылдың қарасирақ балаларын қазақ күресіне баулып, аудандық, облыстық, тіпті республикалық турнирлерде шәкірттеріміз оза шауып, төл өнеріміздің қыр-сырын керемет меңгергендігімен көзге түсті. Тіпті облыстық жарыста командалық есепте 16 мәрте жеңгенбіз. Отырар ауданының командасында негізінен өзімнің баптаған шәкірттерім жақсы күресіп дараланды. Кейін тәуелсіздік алған соң, нарықтық экономика дендеп енгенде кәсіпкерлікке бет бұрып, Алматыға қоныс аудардым. Арада бірнеше жыл аунаған соң ауылыма барсам, баяғы өзімнің ашқан күрес үйірмемдегі шәкірттерімнің орнын басар, жеңісті жолын жалған жампоздар жоқ. Облыстық турнирлерді 16 мәрте ұтқан Қоғам ауылының қазақ күресінен көрсеткіші құлдырап кетіпті. Жаным ауырды, қатты батты. Содан тәуекелге бел буып, ауылыма қайта келіп, бір жыл бойы ешкімнен еңбекақы сұрамай, балаларды қазақ күресіне баулыдым. Жастардың көзіндегі ұшқын қайтадан от ала бастады. Жігерін жанып, жеңіс тұғырына қайта көтерілдік.

Қазір байыптап қарасам, біздің сол шаруамыз өз ісімізге деген ынтызарлық, құлай берілгендігіміз екен. Дүниені емес, адалдықты, абыройлы болуды, ең алдымен еңбектің нәтижесін көрсетсек деген мақсат болды. Саған бір ғана жайтты айтайын, күреске икемі бар, білегі жуан балаларды байқап, ата-анасынан сұрап алу үшін есігінің алдында жалынып-жалпайып, басымызды еңкейтіп тұрамыз. «Менің балам ерігіп жүрген жоқ, малды жайғайды, бақшаны суарады» деп жібермейді. Міне, біз өз ісімізге осылай қарадық. Біреуден келсін, айлығымызды арттырсын, ақшасын төлесін деген міндетсіну болған жоқ.

Jas qazaq: Бәріне топырақ шашып, даттаудан аулақпын. Десе де, алдына келген, жаттығуға сұранып тұрған жастарды жеңіс жолына бастайтын бапкерлердің қатары сирек. Оны көзіміз де көріп жүр.

Оңалбек Әуелбеков: Мен алдыма келген балалардан ең әуелі тәртіпті талап еттім. Батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген тәмсілі бар. Тәртіп орнағанда ғана ісің ілгері басады. Өзім жаттығудан бес минутқа да кешікпеймін, шәкірттерімнен де соны сұраймын. Нәтижесінде, жетістігіміз де жоғары болды. Ал қазіргі жастардың ұғым-түсінік, таным көкжиегі мүлде бөлек. Ең алдымен материалдық құндылық озық тұр. Жаттығуға «келсең кел, келмесең өзің біл» деп қарап отырады. Тіпті жаттығу залындағы спортшылардың жай-күйіне назар аудармайтын бапкерлер де бар.

Біз балаларды төзімділікке шыңдап, жалқаулықтан арылту үшін жаттығудан кейін тағы да жаттығуға саламыз. Мысалы, резеңкені жаттығу барысында 200 мәрте тартса, кетерінде тағы да 100 рет қосымша жасайды. Сонда оның төзімі шыңдалады, еріншектік мінезі жоғалады.

Jas qazaq: Осы күнде кәсіпкерлік саланы өрістетіп жүрсіз, жасыңыз жетпіске таяса да, жастарға қолғабыс етіп, ауырдың бір жағын көтерісіп жүретініңізді де білеміз.

Оңалбек Әуелбеков: Масылдық, жалқаулық, еріншектік бізге жат. Сөзіңнің жаны бар, жұмыскерлерді жұмсап қойып, тыныстап отыруыма да болады. Бірақ оған қимылдап үйренген қол мен аяқ тыным таптырмайды. Ал қазір керісінше, жастардың энергиясы аз. Үңілетіні телефон, көретіні кино, сылдыр сулы әзілсымақ дүние. Әлжуаз сосын. Спорт шұғылданамын, қай спорт түрін таңдайсың, бәрі де қолжетімді қазір. Жаттығу залдары жарқырап жайнап, ашылып тұр. Бәрі сондай деп аузым жазықты болмасын, көзіммен көрген бір-екі мысал айтайын.
Жас жігіттер жұмыс сұрап келеді, бізде еңбекақы түсірген затының көлеміне, яғни атқарған жұмысына қарай төленеді. Соны азырқанады, істегісі келмейді. Сонымен қоймай, өзінің кежегесі кейін тартып тұрғанын басқаларға да сеуіп, үгіттеп ертіп кеткісі келеді. Олардың ойында ақша ауадан жауып, жеңіл жолмен тапқан тиімді екен. Қазақ «Еңбекпен тапқан нан тәтті» деп тегін айтпаған. Ал олар оны түйсінбейді, тіпті қолының сұғанағы барлары затымызды жымқырып та ұсталды. Ал енді кейбір төбесінде түйсігі бар балалар келеді. Тапқанын тірнектеп жинайды, қыдыруға шашпайды, той-томалақ деп шабылмайды. Бес тиынын он тиынға құрап, ауылдағы ата-анасына қарайласады, жоғары оқу орнындағы бауырларына көмектеседі. Орта көрген, көргенді жерден шыққан жастар осындай болады. Қоғамның қозғаушы күші жастар дейміз, ал сол жастарымыздың бойынан жалқаулықты, масылдықты арылтқанда ғана біз алға басамыз.

Jas qazaq: Қайырымдылық іс-шараларында, қоғамдық жұмыстарда, демеушілік жасау жолында да сізді жиі көреміз. Жастарды масылдық пен жалқаулықтан қалай арылтамыз?

Оңалбек Әуелбеков: Кезінде ауылда жерлерді таласып-тармасып бөліске салып, әркім иемденіп алдық. Қазір сол ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді кім игеріп отыр? Иесі емес, сырттан келетін жалдамалы жұмыскерлер. Қожайыны түскен табыстың пайдасын солармен теңдей бөліп алғанына мәз. Балаларын аққаптал етіп өсірген, қолын жылы суға ғана малып отырады. Не кием, не жеймін деп бас қатырмайды, ішкені алдында ішпегені артында, төрт құбыласы түгел. Астына жаңа мәшине мінгізеді. Масылдықтың, жалқаулықтың бұдан өткен қандай зоры бар? Ал енді сол баласын кішкентайынан жерді игеруге, егін егуге, бақша суаруға баулып, еңбекпен есейтсе, сырттан жұмыс күшін қажет етпес еді. Ұлдары мен қыздары да ақша табудың адал жолының қаншалықты ауыр екенін сезініп есейеді. Жалқаулықтан арылтатын бір ғана жол – ұлттық тәрбие, сапалы білім, еңбекке үйрету. Қалғанын сатып алсаң да, санасына сіңіре алмайсың.

Былтыр өзіміз тұратын үйіме жөндеу жұмысын жүргіздік. Хабарландыру бойынша бір жігіттер келіп көріп, еңбекақы қанша болатынын, неше күнде аяқтайтынын айтып кетті. Ақшасын алды, ал бірақ жұмысты тиянақты тындырмады. Ақыр соңында істемейтін болдық деді. Еңбегінің ақысы неше болатынын өздері айтып отыр және сол жұмысты тындыра алмады. Ал Қарақалпақстаннан келген адамдар олардан әлдеқайда аз сомаға жөндейміз деп келісті де, айтқан мерзімде жөндеп беріп кетті. Міне, біздің қоғамның қазіргі көрінісі мен жұмыс істеуге қабілетті буынның бет-бейнесі, болмыс-бітімі осындай.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет, аға жастарға үлгі көрсетіп, еңбек ете беріңіз.

Сұхбаттасқан
Қуаныш Көшек

25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары