Жастар қоғамның саналы әрі салауатты күшіне айналуы керек

02 желтоқсан 2022, 11:29

Ел ертеңі жастар саясатын дұрыс бағытта өрбіту – Тәуелсіздік тұғырын нығайтудың басты қазығы. Әулиеата өңіріндегі жастар саясатына қатысты, бүгінгі студент, ертеңгі жас маманды қалыптастыру ісіне байланысты көкейдегі сауалдарымызды М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департамент директоры Алуа Назарбекова ханымға жолдап, сұхбат алдық.

Jas qazaq: Жастар саясаты дегенде ең алдымен тілге тиек болары – елдің келешектегі тұтқасы саналатын жас буынның тұлғалық қалыптасуы. Өзіңіз басшылық ететін департамент бұл шаруаның шешімін қалай үйлестіріп жатыр?

Алуа Назарбекова: ХХІ ғасырдың өркениетіне ілесу үшін білімді ұрпақ керек. Дамыған елдердің тәжірибесін алып, оған қазақтың өзіндік менталитетін қосып, өмірдің бар саласын жаңғырту ісі жастардың болашағының жарқын болуының кепілі болмақ. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» деген нақылы ұлт үшін ұрпақ тәрбиесінің орнын дөп көрсетіп тұр. Ол үшін ұрпағымыз әлемдік қауымдастықта қоғамдық-саяси, саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени, саяси-экономикалық бағытын нақты білуі тиіс. Өйткені өркениетте білімсіз ел өз орнын таба алмайды. Жастар қоғамның саналы, әрі салауатты күшіне айналуы керек. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Айталық, М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде 15 мыңнан аса студент білім алады. Студент жастардың білім алуымен қатар, азаматтық-патриоттық және құқықтық тәрбие беру, рухани-құндылықтарды дәріптеу, әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету, ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізу, студенттердің білімге деген құштарлығын арттыру, жеке қасиеттері мен коммуникативті мәдениетін қалыптастыру, салауатты өмір салтын құру, интеллектуалдық мәдениетті арттыру бағыттары бойынша көптеген іс-шаралар Мемлекеттік жастар саясаты туралы Қазақстан Республикасының заңы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2020-2025 жылдарға арналған Даму бағдарламасы, Жамбыл облысында мемлекеттік жастар саясатын дамытудың

2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы негізінде атқарылады.
Әл Фарабидің «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді» деген сөзі университет қабырғасында жұмыс істейтін домбыра үйірмесі, сән студиясы, ұлттық би үйірмесі жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға жетелейді, ал «СҰҢҚАР» спорт клубының жанындағы спорттық жетілдіру үйірмелері салауатты өмір салтын насихаттауда тиянақты жұмыс жүргізуде.
Студенттердің оқу үрдісін басқарудағы құқықтарын қорғау, қоғамдағы белсенділіктерін арттыру, әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыру мақсатында 2000-ға жуық студент қамтылған Өзін-өзі басқару/ Студенттік Парламент құрылған. Студенттік Парламент құрылымына 7 студенттік деканат, 3 жатақханада студенттік кеңестер, 4 жастар қозғалысы, 10 студенттік қызығушылықтар бойынша клубтар, 7 жастар ұйымдары кіреді. Жастар ұйымдарының басты бөлігі волонтерлік қозғалыспен айналысады. Әрине, бұл жастардың қазіргі таңда университет қабырғасында жүріп, өркениеттің даму жолына аз да болса өз үлестерін қосуы деп есептейміз.

Jas qazaq: «Саналы ұрпақ» фронт-офисі, студенттік омбудсмен бағыттарының мақсатын айтсаңыз.

Алуа Назарбекова: «Саналы ұрпақ» фронт-офисінің басты мақсаты – елжанды, бәсекеге қабілетті және құқықтық құзыреттіліктері бар, сыбайлас жемқорлықтан арылған мемлекетте тұруды мақсат еткен жастар толқынын қалыптастыру. Университеттің фронт-офисі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, академиялық адалдықты сақтау, ашықтықты қамтамасыз ету бағытында жұмыс жасайды. Сондай-ақ студенттердің мүдделерін қозғайтын, университетте білім беру процесінің сапасын арттыруға ықпал ететін, студенттердің әлеуметтік бастамалары мен құқықтарын қорғайтын «Адалдық әлемі» ұйымы, Студенттік омбудсмендер әр институт, факультеттерден сайланып, өз миссияларын атқарады.

Jas qazaq: Жақында ғана мәресіне жеткен елдегі ең саяси маңызды оқиғаның бірі саналатын кезектен тыс президенттік сайлауға студент жастардың қатысу белсенділігі қалай болды?

Алуа Назарбекова: Жастар бұл сайлаудан өздеріне қазіргі таңда рухани-тарихи тегімізді терең білуі керектігін түсінді. Адамның ой-өрісі ХХІ ғасырда адамның рухани құндылықтарымыз бәрінен де биік тұру керектігін сезінді. Осыған орай, университетімізде барлық 18-ге толған студенттер Қазақстанның болашағы ретінде немқұрайдылық танытпай, белсенді түрде кезектен тыс президенттік сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасады. Сондай-ақ Дулати университетінің белсенді жастары республикалық қоғамдық бірлестіктердің бақылаушысы ретінде сайлаудың әділ, ашық өтуіне өз үлестерін қосты.

Jas qazaq: Жастар саясатын тиімді жүргізуде қандай жаңашылдық бағытта жұмыс атқарылып жатыр? Әлеуметтік қолдау бар ма?

Алуа Назарбекова: Біз қоғамдық дамуға рухани серпіліс, гуманистік пәрмен арқылы жете аламыз деп ойлаймын. Руханиятты жаңғырту мен қоғамды ізгілендіру арқылы, яғни өз психологиямызды өзгерту арқылы өткенімізге тағзым етіп, қазіргі өміріміз бен болашағымызға нық сеніммен қарау арқылы, рухани-моральдық принциптерімізді қалыптастыру арқылы жаңашылдыққа бара аламыз. Екіншіден, инновациялық даму жолына түсу арқылы да жаңашылдыққа бет түзей аламыз. Жаңа білімге негізделген экономикаға өту біздің қоғамның алдында тұрған мәселе болса, одан жастар да сырт қалмауы тиіс. Осыған байланысты жастар саясаты мәдени, адамгершілік және рухани құндылықтар, азамат бойындағы еңбексүйгіштік, жауапкершілік, азаматтық қасиеттер сияқты қағидаттарға сүйенеді. Университетімізде ақпараттық технология, цифрландыру, жасанды интеллект, роботтандыру бағытында зияткерлік сайыстар, Ted-Х форматында іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізіледі. Әр түрлі санаттағы жастарды әлеуметтік қолдау мақсатында жеңілдіктер, студенттерді ынталандыру шаралары қарастырылған. Одан басқа әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге (көпбалалы, мүгедек ата-анасы немесе бауырлары бар) «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан «Тайбурыл» білім гранттарын үйлестірді.

Jas qazaq: Университеттің облыс әкімдігімен байланысы қандай, бірлескен іс-шаралар өткізіліп тұра ма?

Алуа Назарбекова: Платон «Келешекті кім басқару керек?» деген сұрақты қоя берген екен. Осы сұраққа орай, «Көшбасшының бойында қандай қасиет болуы керек?» деген сұраққа тоқталғым келіп отыр. Қазіргі жаһандану заманында, интернет заманында көшбасшыларға керегі көрегенділік қасиеттің болуы дер едім. Себебі көшбасшылардың бәрі бірдей төрт құбыласы тең, әлеуеті жоғары бола бермейді. Бізге керегі – ата-тегімізден қалыптасқан иммунитеттің болуы… Адами қасиеті мен біліктілігі, түйсігі, көрегенділігі болуы қажет. Міне, көшбасшылардың бойындағы осы қасиеті арқылы жастарды сенімділікке, білімге, ақ пен қараны ажыратуға тәрбиелей аламыз. Адамзат баласының бойындағы ең құнды қасиеттері – дұрыс қарым-қатынас, келісім, бір-біріне деген сенім, адамның адамгершілік қасиеті. Осы қасиеттерді жас ұрпақтың бойына қалыптастыру мақсатында облыс әкімімен қазан айында кездесу ұйымдастырылып, еркін әрі ашық сұхбат, кездесу өтті. Бұл кездесудің жастарға берер тағлымы мол болды.

Jas qazaq: Пәтер жалдау ақысы аспандап тұрған шақта жатақханадан орын тимесе, студенттердің көңілі алаң болатыны белгілі. Осы орайда Әулиеата өңірінде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жұмысының жайын айтсаңыз.

Алуа Назарбекова: М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде 1295 орындық 4 жатақхана бар. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жұмысы Мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес жүргізіледі. Студенттер жатақханаға орналасу үшін, университеттегі «Platonus» деректер базасында студент жеке логин/паролі арқылы онлайн өтініш беріп, орындарды арнайы құрылған комиссия базаға тіркелген негіздемелер мен кезектілікті ескере отырып бөледі. Жатақханаға орналасу мәселесі бойынша біздің студенттер арасында қажеттілік пен қиындық туындаған емес. Мәселен, бүгінгі таңда 200-ден аса бос орын бар. Әрине, жатақхананың өзіндік ішкі тәртібі, ережесі, дәстүрі болады. Әр түрлі қызықты кештер, кездесулер, ойындар өткізу арқылы жатақхана студенттері қызықты уақыт өткізуде.

Жатақханаларда студенттерге арналған түнгі оқу залдары, кинозалдар, үстел теннисі, акт залдары, хореграфия залы, компьютерлік кластар, «Жан сыры» психологиялық кеңес беру орталығы, қызығушылығы бойынша клубтар жұмыс істейді.

Jas qazaq: Студенттердің саяси сауатын арттырып, белсенділігін нығайту мақсатында кездесулер, дөңгелек үстел өткізіле ме?

Алуа Назарбекова: Біздің тектілігіміз, ата-бабаларымыздың рухы, болжампаздығымыз, өзгерістерге де тез бейімделе алатынымыз, әлемде болып жатқан өзгерістерді тез түсінуіміз сияқты ұлтымыздың ерекше қасиеттері бар. Бұл игі қасиеттерді жастардың бойына сіңіре түсу бағытында іс-шаралар атқарылып жатыр. Осы бағытта студент жастарымызбен бірге қоғам белсенділерімен, саяси тұлғалармен, құқық қорғау органдары өкілдерімен, жазушылармен, ақындармен, қоғам қайраткерлерімен кездесулер, дөңгелек үстелдер ұдайы факультет, институт, университет көлемінде өткізіліп тұрады. Жастардың терең білім алуына, олардың тәрбиесіне мән беру маңызды мәселе. Жастардың патриоттық, отансүйгіштік сезімдерін көтеру үшін Рахымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов сияқты батырларымыздың ерлігін жастарға үгіт-насихат ету жұмыстары жүргізіледі, кураторлық сағаттар өткізіліп тұрады. Оған қоса, Тоқтар Әубәкіров, Жақсылық Үшкемпіров, Геннадий Головкин, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Бекзат Саттарханов, сондай-ақ жарқ етіп шыққан әнші, қазақты әлемге танытып жүрген Димаш Құдайбергенов сынды тұлғалардың өмірін өнегесін үлгі ету мақсатында жұмыстар әр түрлі іс-шаралар атқарылып жатыр. Абайша айтсақ: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген сөзі қазіргі жастардың моральдық кодексіне айналуы тиіс. Біз Абайдың осы өсиетін жандандыру үстіндеміз. Жастардың жан қуаты олардың ақылы мен ғылымында жатыр дер едім.

Jas qazaq: Уақыт бөліп, сауалымызға жауап бергеніңізге рахмет, істеріңіз өркендей берсін.

Сұхбаттасқан
Қуаныш Әлмерек,
Жамбыл облысы

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды