Тұңғыш Президент стипендиясы 75 қайраткерге берілді. Елбасының тапсырмасымен келген Гүлшара Әбдіхалықова 2017 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны өзі табыстады. Салтанатты жиында сөз бастаған мемлекеттік хатшы қатысушыларға көрсетілген құрмет еліміздің мәдениетін қалыптастыруға, сақтауға және дамытуға қосқан үлесінің бағаланғаны екенін айтты.
Басқосу барысында Гүлшара Наушақызы Қазақстан Президентінің: «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс»- деген сөзін тағы бір еске салды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында мәдениет пен өнер саласының дамуына, түрленуіне байланысты іске асырған ауқымды жобаларды да атап өтті.
Стипендия Асанәлі Әшімов, Мырзатай Жолдасбеков, Сәбит Досанов, Бибігүл Төлегенова және тағы да басқа өнер майталмандарына берілді. Бұған қоса, жастар арасынан суырылып шыққан Медет Шотабаев, Ирина Тен, Жамбыл Дүйсенов, Әділ Ахметов сынды жас дарындарға да мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Марапатқа ие болған жас Жамбыл Дүйсенов әдебиет пен мәдениеттің майын ішіп, жілігін шаққандардың қатарына қосып, қолдау көрсеткен Елбасыға ерекше алғысын айтты. Ол «Қазақ халқы күн сайын рухани жаңғырып, мәдениет және әдебиетімізбен барлық әлемді таң қылып, бірлігіміз бұзылмай, бір үйдің ұл мен қызындай, бақытты ғұмыр кешейік!» -деп сөзін түйіндеді. Сондай-ақ бүгінгінің ұрпақтары алдыңғы буынға қарап бой түзейтіндерін алға тартты. Жастарға жайлы жағдай жасалғанын да жасырмады. Артылған үмітті ақтайтындарын, мүмкіндікті мейлінше пайдаға жаратындарын жеткізді.
Салтанат ШЫРЫНХАН
jasqazaq.kz