Жанкүйер жеңілгенді қалай ма?

09 сәуiр 2021, 11:26

Келесі жылы Катарда футболдан кезекті әлем чемпионаты өтеді. 2022 жылы 22 мәрте өткізілетін әлемдік додаға іріктеу матчтары басталып та кетті.

Қазақстан ұлттық құрамасы әлемдік аламанға қатысу мүмкіндігін D тобында екі дүркін әлем чемпионы атанған Франция, Украина, Финляндия, Босния және Герцеговина құрамаларына қарсы ойнап таласып көреді.

Талғат Байсуфинов баптайтын ұлттық құрама ойыншылары іріктеу кезеңі аясында екі матч өткізді. Екеуі де жауапты, өте маңызды ойын.

28 наурыздың кешінде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана-Арена» стадионында Франция ұлттық құрамасын қабылдап, 0:2 есебімен есе жіберді.

Одан кейін іле-шала Украина астанасында Украина ұлттық құрамасына қарсы ойнап, 1:1 есебімен тең түсті. 2016 жылы да ұлттық құраманың бас бапкері қызметін атқарған Талғат Байсуфиновке екінші мәрте бас команданы баптау мүмкіндігі бұйырғалы жігіттерде өсу бар. Бұған дейінгі сырттан келген легионерлерге арқа сүйеп, соларға әуестік азайғандай қазір. Есесіне, ұлттық құраманың жейдесін киюші жастардың (әсіресе қаракөздер) да шоғыры қалыңдағаны қуантты. «Өзіңнен тумай ұл болмайтынын» біздің футболшылар Киевтегі «Олимпийский» стадионында әйгілеп берді.

Екі матчтан кейін қостанайлық «Тобыл» мен ұлттық құраманың ойыншысы Сергей Малыйдан Meta-ratings.kz порталы сұхбат алыпты. Сұхбаттың негізгі желісі осы екі ойын төңірегінде, футбол инфра құрылымының айналасында өрбиді. Сергей Малый әлем чемпионатына іріктеу аясындағы тартыста сөз жоқ, барын салып ойнады. Тіпті «Астана Аренада» әлем чемпионы Франция құрамасына қарсы ойынның 43-минутында Марсяль есепті еселер сәтте осы Малый тойтарды. Ал одан кейінгі автоголы ақтап алар іс емес, әрине.

«Біз барымызды салып ойнаймыз, бірақ кейбір жанкүйер кері тартып жеңілгенімізге қуанады. Біздің өреміз осындай тегеурінді командаларға төтеп беру арқылы өседі. Үйренеміз, кем-кетігімізді бүтіндейміз. Бірақ көрермендердің көпшілігі жеңілгенімізді тілеген сыңай танытып, қарсыластың ұтқанына қуанады. Осындай кереғар пікірлерді оқығанда көңілің құлазиды. Қамшылау керек, әрине, бірақ желкелеп жүндей беруге болмайды» депті Сергей Малый.
Әлем чемпионы Дидье Дешам баптайтын Франция ұлттық құрамасы ойыншыларының Қазақ жеріне жетпей-ақ дақпырты басым болды. «Жер түбіне келдік» деп те жатты. «Астана-Арена» стадионының жасанды көгалын да қомсынды. Қысқасы, француздар бас қалада барын салып ойнаған жоқ.

18-ден асқан ойыншыларды да құрама қатарына қосқан бапкер Талғат Маруанұлының тәжірибелі футболшыларға да сауын айтып шақыртуы оң нәтижесін берді. Мәселен, Франция құрамасына қарсы ойында қақпаны қорыған Александр Мокин. Рас, Осман Дембеленің (19-минутта) және Сергей Малыйдың (44-минутта) автоголын қайтаруда әбжілдік танытқан жоқ. Ал Килиан Мбаппенің пенальтиін қайтарды, одан кейін де бірнеше шабуыл кезіндегі соққыны жібермеді. Жасы қырыққа таяған қақпашы осылай ұлттық құрамаға бекер қайта оралмағанын дәлелдеді.
Украина ұлттық құрамасына қарсы матчта біздің жігіттер ұпай олжалау қолдарынан келер іс екеніне көз жеткізді.

Матч алдында Андрей Шевченко біздің жігіттер жайында жылы пікір айтқан-ды. «Қазақстан құрамасының қорғанысы қуатты, жинақы ойнайды» деген рәуіште пікір білдірген. «Екі бүктеп жұта саламыз» деп қоқиланған жоқ. Мүмкін құраманың белді ойыншылары жарақатына байланысты, басқа да себеппен алаңға шықпайтындықтан арық сөйлеген шығар. Есесіне, біздің футболшылар ес жиып ойнады. 20-минутты Роман Яремчуктің соққан голына 59-минутта Серікжан Мұжықов қарымтасын қайтарып, еншісіне гол жазды. Франция құрамасының тыз етпе желаяқ ойыншыларының шапшаңдығына ілесе алмай қиналған футболшыларымыз Украинада қолтығын сөге көсілді. Асып-сасқан жоқ, алақтап абыржымады. Қорғаныста да жинақылық танытты. Ян Вороговский бастап әкелген шабуылды қайталап қарасаңыз, жігіттердің ойын өресі өсіп келе жатқанын бағамдайсыз. Ян команда капитаны Азат Нұрғалиевке пас береді, ол өзі тепсе де болар еді, бірақ алдында топырлап қорғаушылар тұрғандықтан Серікжанға сырғытты. Сол иығына қарай созыла түскен Мұжықов алдына келген допты шиыра теуіп қақпада тулатты.
Андрей Шевченко осы матчтан кейінгі онлайн өткен конференцияда бүй деді: «Біздің футболшыларға бірнеше мүмкіндік туды гол соғатын. Бірақ бұйырмады. Есесіне, Қазақстан ұлттық құрамасы бізді оңдырмай жазалады. Қателіктен сабақ алу маңызды екенін осы матч әйгілеп берді».

Ұлттық құраманың жейдесін киген әрбір футболшы алаңға алаштың намысын арқалап шыққанын сезініп, ширығып ойнаса, алынбайтын қамал жоқ.

Тағы бір ақжолтай ақпар «Астана-Арена» стадионында өткен матчтағы хабарландыру алдымен ана тілімізде одан кейін тек ағылшынша айтылды. Футболшылар Киевке кеп қонғанда да әуежайдан қазақша «қош келдіңіздер» деп хабарлап айтып қарсы алды.

Әлем чемпионатына іріктеу турында екі ойын өткізіп, 1 ұпай олжалаған біздің құрама әзірге көш соңында тұр. Топ басында екі дүркін әлем чемпионы Франция құрамасы, 7 ұпайы бар. Украина футболшылары 3 матчта тең ойнап, 3 ұпайымен екінші келеді. Финляндия футболшыларында 2 ұпай, Босния мен Герцеговина құрамасында 1 ұпай.

Ұлттық құрама ойыншылары келесі матчты 1 қыркүйекте өз алаңында өткізіп, Украина футболшыларын қабылдайды.

Қуаныш Рахмет

Бүгін, 11:30
Әлішер Сатыбалдиев: Индустриалды аймақ Алматы экономикасына серпін береді
27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр