jasqazaq.kz

Жаңа жыр кітабының тұсауы кесілді

21 қараша 2024, 22:10

«Құс жолында біреу жүр жоқ қараған». Бұл – халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әбубәкір Смайыловтың жаңа жыр жинағының атауы. Жалпы, Әбекең өлеңсүйер оқырманды шөліркетіп, сағындырып барып, баспасөзде сирек көрінетін ақын. Содан болар, халық оның өлеңдерін іздеп жүріп оқиды. Бұл кітабы да араға біраз үзіліс салып жарық көріп отыр.
Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада оқырман асыға күткен жинақтың таныстырылымы өтті. Әдеби кешке ақынның ұзақ жылдар қызмет істеген қорғаныс саласының ардагерлері, әріптес ақын-жазушылар, ұлттық кітапхана ұжымы, «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің басшылығы, курстас достары және оқырмандары қатысты.


Кешті тізгіндеген белгілі ақын Бауыржан Бабажанұлы кітаптың таныстырылымын шын мәніндегі шығармашылық кешке айналдырып жіберді. Әбекеңнің өлеңдеріне жазылған танымал әндер орындалып, ақынның өзі өлең оқыды. Ән демекші, бүгінде тыңдарманның сүйікті әндеріне айналған әр туындының тарихынан сыр шертілді. 17 жасында жазылған «Анаға хат» өлеңі Әбубәкір ағаның курстас досы, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың алғашқы әні екенін естіп білдік. Ол әнді сол кеште талантты әнші, республикалық байқаулардың лауреаты, Ұлттық ұлан әскери оркестрінің солисі Асхат Әмірғалиев орындады. Өмірден ерте кеткен ақын досы Бауыржан Үсеновтің әніне жазылған Әбекеңнің «Ақшағаласын» да осы Асхат шалқыта шырқады. Табыл досының баласы Абыл әкесінің әндерін орындап, замандастарының жүрек түкпіріндегі терең сезімдерді қозғап, өткен күндердің сағынышын оятты.


Тұңғыш демекші, бұл кітап «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының тұңғыш лауреаты Әбубәкір Смайыловтың мемлекеттік тапсырыспен жарық көріп отырған тұңғыш жыр жинағы екенін де айта кету керек шығар.
Әдеби кеште Қарулы күштердің ардагерлері генерал-майорлар Марат Нағұманов пен Еділ Оразов сөз алып, ақынның әскери қызметтегі кезеңінен қызықты естеліктер айтты. Белгілі қаламгерлер Айгүл Кемелбаева, Әділбек Ыбырайымұлы, Әділбек Қаба, Арман Сқабылұлы, Жанарбек Әшімжан ақын шығармашылығына, оның ішінде азаматтық поэзиясына тоқталып, жоғары баға берді.
Жас күнінен қазақтың аузы дуалы ақын-жазушыларының оң бағасын алып, әдеби ортаның есігін именбей ашқан Әбубәкір Смайылов ұзақ жылдар әскери салада қызмет етті. Содан болар саяқ жүрді. Оны өзі де бір өлеңінде «Жыр жазғаным болмаса тиіп-қашып, Ұлылармен жүрмедім иықтасып» деп мойындайды. Осыны дөп басқан кешті жүргізуші Бауыржан да қашанда тауып айтатын қасиетімен Әбекеңнің өлеңге оралғанына қуанып, «Әскерден қайтқан ақындар» деп баға берді.
Әскер дегенге келсек, Әбубәкір Смайылов өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың бұйрығымен запастан шақырылып, «Қазақстан сарбазы» газетіне әскери тілші лауазымына тағайындалды. Міне, содан бастап ақынның әскери журналист ретіндегі өмірі басталды.


Бірнеше жыл «Хабар-Әскер» әскери-патриоттық бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болды. Тәжік-ауған шекарасында болып, қазақстандық біріккен батальонның бітімгерлік қызметі туралы репортаждар дайындады. Сол сапардан туған өлеңдері бір төбе. Ол топтамасы кезінде әдеби басылымдарда жарияланды. Анау алыстағы АҚШ пен бірқатар Еуропа елдерінде өткен көптеген ірі халықаралық оқу-жаттығуларға қатысты.
Ұзақ жылдар Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратында түрлі әскери лауазымдар атқарды, аға офицерден бастап, департамент бастығына дейін көтерілді. Сөйтіп, арада қаламды қаруға айырбастаған бірнеше жыл өтті. Әйтсе де әскерде жүріп, «Жүректегі ақынның жазбалары», «Соңғы солдат» атты екі өлең кітабы жарық көрді.
Бүгінде ақын Әбубәкір Смайылов екі майданда қалам тартып жүрген қаламгер. Оның алғашқысы ақындығы екені айтпаса да түсінікті. Соңғы жылдары ол Джейн Остин, Эрих Ремарк, Джек Лондон сияқты әлем классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Биыл осы аударма саласындағы еңбегі үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.
Әбекең – жаны жазуды жақсы көретін ақын. Олай болса, қаламгердің кемеліне келген шағында оқырманға ұсынып отырған үшінші жыр жинағы да оқырманнан оң бағасын алатыны сөзсіз.

Мұхарбек Жәкейұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ
31 шiлде, 14:48
Қолжетімді баспана – мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым бағыты
31 шiлде, 12:19
Жетісайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші басты назарда