Ақтөбе қаласының тұрғыны Мейрамгүл Өтепбергенованың сәбиі перзентханада шетінеп кеткен. Ол нәрестенің өліміне денсаулық сақтау министрлігі қабылдаған ережені кінәлап отыр. Жас келіншек дәрігерлер оны жатыр суы ағып кеткеніне қарамастан, босандыруға асықпағанын айтады. Алайда бұған ақхалаттылардың айтар өз уәжі бар.
32 жастағы Мейрамгүл үшінші сәбиін асыға күткен көрінеді. Тіпті киім-кешегі мен арбасына дейін алып қойыпты. Алайда дүниеге келген шарана екі күннен соң ауруханада шетінеп кеткен. Жас ана аяғы ауыр кезде денсаулығында еш кінәрат байқалмағанын айтады.
-Перзентханаға 15 сәуір күні түстім. Барлық талдауларым дұрыс болды. Скрининг бойынша 3 рет ультрадыбыстық зерттеуден де өттім. Баланың бүйрегі, өкпесі,аяқ-қолы , басы бәрі сәйкес келді. Туғанда салмағы 4 келі 428 грамм, бойы 54 см болды. Бала жетіліп туды,- дейді ол.
Алайда айы-күні жетіп перзентханаға барған оны дәрігерлер босандыруға асықпаған көрінеді. Тіпті толғақ қысып,жатыр суының ағып кеткеніне де қарамаған. Дәрігерлер осыдан 4 жыл бұрын қолданысқа енген құжатқа сәйкес, тек бір тәуліктен кейін ғана босандыруға болатындығын айтыпты.
-Перзентханаға түскенде суым тап-таза болды. Бірақ уақыт өте келе түсі өзгеріп, жасыл бола бастады. Медбикелерге бірнеше рет айтқанмен, олар мұның қалыпты жағдай екенін айтты. Кейін баланың жүрек қағысы да өзгере бастады. Ауа жетпей, қатты қозғала бастағанын байқадым. Бірақ ешкім сөзіме құлақ аспады. Медбикелер ұйықтап жатты. Босануым өте жеңіл болды. Бірақ баланың даусын естіген жоқпын. Бауырыма басып, емізіп те үлгермедім. Мен “24 сағат бойы сусыз ұстау тәртібі” туралы ережені алып тастағанын қалаймын. Бұл ережені қайта қарастыру керек. Соның кесірінен қаншама бала өлуі керек?!-дейді келіншек.
Мейрамгүл Өтепбергенова баласын жатыр суы кеткеннен кейін 27 сағаттан соң өмірге әкелген. Бірақ өмірге келген нәресте шырылдап, дауыс та шығармаған.Екі күн бойы жасанды тыныстандыру аппаратының көмегімен жатқан сәби жансақтау бөлімінде шетінеп кетіпті. Алайда дәрігерлердің сәби өліміне қатысты өз айтарлары бар. Қарғалы қалалық ауруханасының босану бөлімінің меңгерушісі Дариға Оспағамбетованың айтуынша, дәрігерлер клиникалық хаттамаға сәйкес әрекет еткен. Яғни , олар жүкті әйелдің жатыр суы кеткеннен кейін 24 сағат ішінде табиғи жолмен толғатып, өз бетімен босануына мүмкіндік берген көрінеді. Дегенмен әйелдің денсаулығында да ақау болғанын айтып отыр.
-Баланың мәйітіне сараптама жүргізу кезінде онда туа бітті екі жақты пневмония анықталды. Яғни, балада жүктілік кезінде созылмалы гипоксия, оттегі жетіспеушілігі болған. Жаңа туған сәби жылаған кезде бүктеліп тұрған екі өкпесі жазылып, қалыпты жұмыс істей бастайды. Екі күн бойы бала жасанды тыныс алу аппаратында жатты, бірақ еш өзгеріс болмады. Әйел жүктілік кезінде есепте тұрған, дәрігерлерге қаралған. Бірақ оның талдамалары жақсы емес. Несебінде лейкоцитоз болды. Онда қабыну процесстері мен инфекция көздері де болған,-дейді Дариға Оспағамбетова.
Алайда сәбиінен айрылған келіншек дәрігерлердің бұл айтқанымен келіспейді. Ол Денсаулық сақтау министрлігінің осы жағдайдан соң бұл мәселеге назар аударып, бір шара қолданғанын қалайды. Ол сонда ғана бала өлімінің қаралы статистикасы едәуір төмендеген болар еді деген пікірде.