
Жалған ақпарат (disinformation) қоғамда резонанс тудырғаннан басқа, арандату мақсатын да көздейді. Болып жатқан оқиғаны бұрмалап, әдейілеп өңін айналдырады. Мұндай жаңалық әлеуметтік желіде жылт етсе, әрмен қарай таратуға күш салудың да қажеті жоқ. Желіден желіге өтіп, «саяхатын» бастап кетеді. Кейде жұрттың ашу-ызасын тудырып, қоғамды шайқалтуға түрткі болады. Басым көпшілік әлгі жаңалыққа шырмалып, тұзағынан шыға алмай қалса, мақсаттың орындалғаны. Оған жол бермейтін бір ғана тәсіл бар: дер кезінде жоққа шығарып, тойтарыс беру.
Айталық, сәуір айында әлеуметтік желіде «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» тас жолындағы жанармай құю станциясының жанында көп адамның митингке жиналғаны туралы бейнежазба тарады. Авторы «Бұлар бензин бағасының өсуіне наразылық білдіргендер» деп сендірмекші болды. Сол түні-ақ Сайрам ауданының құқық қорғаушылары бұл мәліметтің жалған екенін мәлімдеді. Сөйтсе, әлгі автожолда біреулер автокөлік жарысын өткізбекші болған екен. Полицейлер жалған ақпарат таратқан Сайрам ауданының екі тұрғынын ізін суытпай ұстады. Мұндай жаңалықтың таралуы бекер емес еді. Алдында ғана ел ішінде жанармай мен дизель бағасының қымбаттайтыны жария етілді. Егер әлгі ақпаратты жылдам әшкерелемегенде, өрттей қаулап, соңы немен тынатынын болжау қиын емес. Сондай-ақ сәуірде Жаңаөзен қаласының 2025 жылға дейін карантиндік аймақ болып жарияланғаны туралы ақпарат тарады. Онда «басқа жақтан келгендерге қалаға кіру үшін арнайы рұқсат қажет болады» делінді. Фейк-ньюске қарсы күресетін Stopfake_kz мұны теріске шығарды. Stopfake_kz жазғандай, жалған ақпараттың иесі Instagram-дағы QazNews24 сатиралық аккаунты. Бұл – 2021 жылы аты шыққан паблик. Еске түсірсек, сол жылы Qaznews24 паблигінің әкімшісі Темірлан Еңсебекті небір қитұрқы жалған ақпарат таратқаны үшін тергеуге алғанда, адам құқығын алға тартып, жалаулатқан белсенділер «сатира қылмыс емес» деп қорғаштаған. Олар әлгі «сатирик-сымақ» таратқан ақпараттың қоғамға ешқандай зияны жоқ деп ақтамақшы болды. Биылғы «әзіл» Жаңаөзен жұмысшыларының дауымен тұспа-тұс келді. Энергетика министрінің экс-кеңесшісі Олжас Байділдинов кейін осы оқиғаға баға бергенде: «Мына толқу Қазақстан үкіметінің Қашаған мен Қарашығанақ операторларынан 16,5 млрд доллар өндіріп алу жөніндегі арызының салдары болуы мүмкін. Бұл — орасан қаржы. Ендігі кезде еліміз қандай да бір технологияны сынақтан өткізу орталығына айналуы мүмкін. Біз ақпараттық соғысқа, арандатуға дайын болуымыз қажет», — деді.
Арандату мақсатында ақпарат тарату үшін БАҚ пен әлеуметтік желі, тіпті ел аузында айтылатын ұзынқұлақ та жарап тұр. Медиа кеңістік пен әлеуметтік желі тәулік бойы арнайы операциялар жүргізілетін ұрыс даласына айналғандай. Жаңа ақпараттық технологиялар әр адамды ақпараттық соғыстың нысаны етті. Ақпараттық соғыстың құралы саналатын фейктердің мемлекет тұтастығына, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретіні баяғыда дәлелденген. От тастауды мақсат еткен фейк таралғанда, кейбіреулер оның ақ-қарасын ажыратып жатпайды. Байбалам салып, одан сайын дүрліктіріп жібереді. Айталық, сәуір айының басында елімізден әскери техниканың Омбы қаласына жөнелтіліп жатқаны туралы бейнежазба тарады. Қорғаныс министрлігі әлгі бейнежазбада жоспарлы жөндеу жүргізу үшін техниканы орталық өңірден шығысқа тасымалдау барысы көрсетілгенін хабарлап, түсінік берді. Әскери техниканы басқа елге аттандыру туралы ақпарат жыл басынан бері әлденеше рет шығып үлгергенін ескерсек, мұндай арандатудың қазіргі қалыптасқан геосаяси ахуалдан туындап отырғаны анық.
Жалпы Stopfake_kz ұдайы жоққа шығаратын фейктер бірнеше топқа бөлінеді.
Біріншісі ел ішінде іріткі салып, арандатуды көздейді. Оған әскери техниканы басқа жаққа жөнелту, қайсыбір өңірде наразы топтың шығуы (бұған жоғарыда мысал келтірдік), «Жаңаөзенге визамен кіру» іспетті ақпараттар кіреді.
Екіншісі, жұрттың жанды жеріне тиетін қаржы саласын қамтиды. Мәселен, жуырда Youtubе желісінде зейнеткерлер, басқа да мұқтаж жандарға 300 мың теңгеден жәрдемақы төленетіні, кейбіреулердің 200 мыңнан үстемақы алатыны туралы жарнама бейнеролик «менмұндалап» тұрды. Таралған бейнежазба Atameken Business телеарнасының жаңалықтарында айтылғандай болып көрінгенімен, шын мәнінде олай емес. Бұл – алаяқтар жиі қолданатын тәсіл, яғни қызығушылық танытқан адамды басқа бір сайтқа өткізудің амалы. Сондай-ақ КТК телеарнасындағы жаңалық ретінде дәл осындай бейнеролик біраз уақыт Youtubе желісінде «тұрып алды». Диктордың «тэнге» деп сөйлеуінің өзі бұл роликтің өзге елде жасалғанын дәлелдейді. Жалғыз бұл емес, әлеуметтік желіде ақша тарату туралы фейк жиі-жиі жарық көреді. Мұндайда алаяқтар беделді адамдардың есімін пайдалануға құмар. Әлбетте, Stopfake_kz мұндай фейктерге бірден тойтарыс береді.
Үшінші бағыт – азық-түлік туралы. Төрт-бес жыл бұрын «СПИД жұқтыратын банан сатылып жатыр» дейтін күлкілі фейктерге қазір ешкім сене қоймас. Дегенмен кейде сенімді көрінетін жаңалық шығарудан фейк авторлары шаршамайды. Айталық, 8 наурыз мерекесі қарсаңында «супермаркетте сатылатын шоколадтар қалдықтардан жасалған» деген фейк тарады. Ал шын мәнінде бұл терістік көршіміздің танымал телеарнасында 2019 жылы көрсетілген әзіл-сықақ бағдарламасынан үзінді екен. Сол сияқты «кофе ішімдікке қарағанда анағұрлым зиян» деген фейктер де бекер шығарылмайды. Бәлкім, кофе саудасын жүргізбеу мақсатында таратылады.
Төртінші бағыт коронавируспен байланысты. Екі жыл бойы адамзатты әбігерге салған тәжтажалдың әлі де үрей тудыратыны рас. Фейк авторлары осыны жақсы пайдаланады. Жуырда «келесі пандемия жоспарланып қойды» деген қауесет тарады. Оған сенсек, ол енді атипті пневмония, АИТВ және құс тұмауының жасанды қоспасынан болады-мыс. Stopfake_kz анықтағандай, мұны америкалық NaturalNews порталы жариялаған. Ол — сенімді ақпарат көзі болып саналмайтын, жалған ғылыми мақалалар мен фейктер жиі жарияланатын сайт. «Үш вирустың қоспасын жасау мүмкін емес» дейді ғалымдар. Себебі бұл үш патоген әр түрлі топқа жатады.
Бесінші бағыт – адам сенгісіз фейктерді қамтиды. Мәселен, бір ай бұрын таралған «жасанды интеллект адамзатты ойыншықтармен басып алу туралы жоспары туралы айтты» деген жарияланым қаншалықты шындыққа жанасымды? Stopfake_kz мұның желіде таралған әзіл екенін дәлелдеп берді. Сондықтан оған егжей-тегжейлі тоқталудың қажеті шамалы.
Әлбетте, әлеуметтік желі өріс алған заманда жалған ақпараттың шығуына тосқауыл бола алмайсың. Дегенмен кез келген жаңалықты сараптап, ақ-қарасын анықтап, әрмен қарай таратпасақ, оған да төтеп беруге болады.
Наргүл Мырзахмет