
Қазіргі таңда қоғамдағы тұрақтылық пен рухани қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе, діни келісімді нығайту, жастардың діни сауаттылығын арттыру және этносаралық татулықты сақтау мәселелері еліміздің тұрақты дамуына тікелей әсер етеді. Осы бағытта Алматы облысында жан-жақты жұмыстар атқарылып келеді.
Бүгінде облыс аумағында Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес тіркелген 11 конфессияға тиесілі 436 діни бірлестік пен олардың филиалдары қызмет атқаруда. Оның ішінде 316 мешіт, 37 православ шіркеуі, 10 Рим-католик шіркеуі, 63 протестанттық діни бірлестік, 9 Ехоба куәгерлері ұйымы және 1 Кришна санасы қоғамы жұмыс істейді. Мұндай көрсеткіштер өңірдегі діни ұйымдардың қызметі заң талаптарына сәйкес жүргізіліп отырғанын және конфессияаралық келісімнің жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Осы орайда Jas Qazaq тілшісі Алматы облысының дін істері басқармасының басшысы Ерғали Көшекемен өңірдегі діни ахуал, жастар тәрбиесі және қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстар жайында сұхбаттасты.
— Ерғали Ақылбекұлы, алдымен облыстағы конфессияаралық келісімді нығайту бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
— Біздің басты мақсатымыз – қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтау. Осыған байланысты облыста діни бірлестік өкілдерінің қатысуымен тұрақты түрде клуб отырыстары өткізіліп келеді. Мәселен, 2023 жылы 4 клуб отырысы ұйымдастырылса, 2024 жылы да 4 кездесу өткізілді. Ал 2025 жылы бұл бағыттағы жұмыстар айтарлықтай күшейіп, 11 клуб отырысы ұйымдастырылды. 2026 жылға жоспарланған 7 іс-шараның бүгінгі күні 2 отырысы өткізілді.
Бұл кездесулер барысында түрлі конфессия өкілдері арасында ашық диалог алаңдары қалыптасып, қоғамдағы бірлік, өзара сыйластық пен ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқылануда. Мұндай кездесулер адамдардың бір-бірін жақынырақ тануына, ортақ құндылықтарды түсінуіне және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға үлкен әсер етеді.
— Клуб отырыстары тек ресми форматта өте ме, әлде басқа да шаралар ұйымдастырыла ма?
— Біз тек ресми жиындармен шектеліп қалмаймыз. Қазіргі таңда мәдени-танымдық және рухани-ағартушылық бағыттағы іс-шараларға да басымдық берілуде. Атап айтқанда, тарихи-өлкетану музейлеріне экскурсиялар, мәдени нысандарды аралау, табиғат аясындағы кездесулер, қайырымдылық акциялары, әлеуметтік іс-шаралар, дөңгелек үстелдер мен пікір алмасу алаңдары тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Сонымен қатар жастар тәрбиесі, отбасы құндылықтары, діни сауаттылық және қоғамдағы келісім мәселелері бойынша еркін форматтағы кездесулер ұйымдастырылады. Мұндай шаралар түрлі діни бірлестіктер арасында сенімді қарым-қатынастың қалыптасуына, өзара түсіністік пен татулықтың нығаюына оң ықпал етуде.
— Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
— Иә, бұл өте маңызды мәселе. Алматы облысында жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Негізгі мақсат – жастардың діни сауаттылығын арттыру, олардың радикалды идеологияларға қарсы иммунитетін қалыптастыру және қоғамдағы толеранттылық мәдениетін нығайту.
Биыл жастар аудиториясы арасында 163 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізіліп, жалпы саны 13 927 адам қамтылды. Бұл кездесулер жоғары және арнаулы орта оқу орындарында, мектептерде және өзге де білім беру мекемелерінде ұйымдастырылды.
Кездесуде жастарға дәстүрлі діннің рухани-адамгершілік құндылықтары, радикалды және деструктивті діни ағымдардың қоғамға тигізетін кері әсері, интернет пен әлеуметтік желілер арқылы таралатын теріс діни идеологиялардың қауіптілігі жан-жақты түсіндіріледі.
— Бұл жұмыстарға қандай мамандар тартылуда?
— Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына теологтар, дінтанушылар, психологтар, құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ республикалық және облыстық ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері тартылуда. Жастармен ашық форматтағы пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылып, олардың сұрақтарына нақты әрі кәсіби жауаптар беріледі.
Сонымен қатар кездесуде арнайы дайындалған бейнероликтер мен слайд материалдар көрсетіледі. Бұл жастардың ақпаратты терең қабылдауына мүмкіндік береді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жастар арасында сыни ойлау қабілеті қалыптасып, жалған діни идеологиялардың ықпалына қарсы тұру деңгейі артып келеді.
— Былтыр діни экстремизмнің алдын алу бағытында арнайы конкурс ұйымдастырылған екен. Оның нәтижесі қандай болды?
— Иә, былтыр облыста діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мақсатында жастар арасында арнайы байқау өткізілді. Бұл жоба жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға және олардың азаматтық ұстанымын нығайтуға бағытталды.
Конкурсқа 100-ден астам өтінім келіп түсті. Қатысушылар өздерінің рухани-адамгершілік құндылықтарға адалдығын және қоғамдағы тұрақтылыққа бейжай қарамайтынын көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша Алатау қаласы мен Іле ауданы оқушыларының бейнероликтері үздік деп танылды. Онда деструктивті ағымдардың алдын алу және сыни ойлауды дамыту мәселелері өте креативті түрде көрсетілді. Сонымен қатар Ұйғыр және Талғар аудандарының оқушылары сапалы визуалды материалдары үшін марапатталды. Ал өзге қатысушылар зайырлылық тақырыбындағы мазмұнды мақалаларымен ерекшеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Бұл жобаны биыл да жалғастыру жоспарланып отыр.
— Алматы облысында Қазақстан Халқы ассамблеясының өңірлік рөлі қандай?
— Алматы облысы – көп этносты өңірлердің бірі. Қазіргі таңда облыс аумағында 105 этнос өкілі тұрады. Өңірде 34 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар қоғамдық бірлік пен өзара сыйластықты нығайту бағытында мәдени, әлеуметтік және ағартушылық жобаларды жүзеге асырып келеді.
Ассамблея құрылымдары да белсенді жұмыс атқаруда. Облыс көлемінде 168 Ақсақалдар кеңесі және 168 Аналар кеңесі қызмет етеді. Бұл құрылымдар жастар тәрбиесі, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау, әлеуметтік мәселелердің алдын алу және қоғамдық келісімді нығайту бағытында көптеген іс-шаралар ұйымдастырады.
— Жастармен жұмыс қалай жүзеге асырылуда?
— Қазіргі таңда «Ассамблея жастары» қозғалысы аясында жастар арасында қазақстандық патриотизмді, мәдениетаралық диалогты және көшбасшылық қасиеттерді дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар «Достық» депутаттық тобы арқылы мәслихаттармен бірлесіп қоғамдық және этносаралық мәселелерді шешу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Өңірдегі маңызды құрылымдардың бірі – «Қоғамдық келісім және даму орталығы». Орталық базасында семинарлар, жастар жобалары, мәдени іс-шаралар, этномәдени бірлестіктердің кездесулері, медиативтік консультациялар және қайырымдылық акциялары тұрақты түрде өткізіледі.
— Ассамблея қызметіндегі қайырымдылық және медиация жұмыстары туралы да айтып өтсеңіз.
— Бұл бағыттағы жұмыстар да өте маңызды. «Жомарт жан» орталығы аясында аз қамтылған отбасыларға, ардагерлерге және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға тұрақты түрде көмек көрсетілуде.
Сонымен қатар облыста 1 медиация орталығы, 18 медиативтік алаң және 43 кәсіби медиатор жұмыс істейді. Олар отбасылық және әлеуметтік дауларды шешуге атсалысып, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға өз үлесін қосуда.
Жалпы Алматы облысында Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық татулықты сақтау және ұлттық бірлікті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
— Жақында конфессия өкілдерінің қатысуымен футбол турнирі өткенін білеміз. Сөз соңында осы шара туралы айтып берсеңіз.
— Иә, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай дәстүрлі шағын футбол турнирін ұйымдастырдық. Бұл шараның басты мақсаты – дінаралық келісімді тек ресми кездесулер аясында ғана емес, бейресми ортада да нығайту болатын. Спорт та адамдарды біріктіретін үлкен күш.
Турнирге ислам, православие, методистік, пресвитериан және баптистік қауымдастықтардан құралған 7 команда қатысты. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар бір-бірімен достық қарым-қатынас орнатып, өзара сыйластықтың үлгісін көрсетті. Жеңімпаздар мен белсенді ұжымдарға дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтар табысталды. Осындай шаралар қоғамдағы бірлікті нығайтудың тиімді тетігі деп есептеймін.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық