jasqazaq.kz

Жаһандық климат түйткілдерін шешу — ортақ міндетіміз

12 қараша 2024, 13:59

Жуырда “Қазақстан Республикасы — Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 21-отырысы өтті. Жиында депутаттар еуропалық әріптестерңмен бірге парламентаралық ынтымақтастықты арттыру, сауда-саттық, жасыл энергетика, виза мәселесі және өзге де маңызды мәселелерді талқылады. Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай климаттың өзгеруі, табиғи апаттардың алдын алу бойынша күш біріктіру, АЭС құрылысы , Арал теңізі бассейіні мен су дипломатиясын дамыту мәселелеріне қатысты баяндама жасады. Ол Еуропалық одақтың мол тәжірибесін пайдалануға және осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге бағытталған ниетімізді білдірді.

Бүгінгі таңда планетада жаһандық климаттың өзгеруін сезінбейтін бірде-бір ел, адам жоқ. Қазақстан аумағының үлкендігіне, әлемдік мұхитқа шыға алмауына және құбылмалы климатына байланысты елімізде шөлейттену, орман және дала өрттері санының өсуі, мұздықтардың еруі, су жүйелерінің тозуы, ал жекелеген өңірлерде — су тасқынына, дауылдарға және басқа да табиғи жағдайлардың салдарының ауыртпалығы үлкен болары сөзсіз .
Климаттың өзгеруінің салдарларымен күрес емес, алдын алу Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия аймағы үшін маңызды мәселе болып табылады. Биыл Қазақстанның бірнеше өңірі соңғы 80 жылда болмаған ауқымды су тасқындарының қаупімен бетпе-бет келді. Біз қиын-қыстау уақытта қолдау көрсеткен Еуропа мен Орталық Азиядағы серіктестерімізге алғысымызды білдіреміз. Бұл дағдарыс трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тиімді механизмдерін әзірлеу қажеттілігін көрсетті.

Бұл төтенше жағдайдан сабақ алып, Еуропалық Одақтың трансшекаралық өзендерді басқарудағы «бассейндік тәсілін» зерттеуге ерекше қызығушылық танытып отырмыз. Биылғы жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) төрағасы болып табылады. Біздің төрағалығымыз Арал теңізі бассейніндегі жағдайды жақсартуға және Орталық Азия халықтары мен мемлекеттерінің мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған.

Арал бассейніндегі экологиялық дағдарыс судың жетіспеушілігі мен ластануының артуымен, жерлердің деградациясы және кең аумақтардың шөлейттенуімен, ормандардың, экожүйелердің және биоалуантүрліліктің жоғалуымен сипатталады. Қазақстан өңірдің климат және су мәселелерін ілгерілетуге үлес ретінде Париж келісіміне сәйкес 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу ұлттық стратегиясын қабылдады. Сондай-ақ біз елімізде Орталық Азияның климат және жасыл энергия мәселелері бойынша өңірлік жобалық кеңсесін орналастыруды ұсындық.

2023 жылдың желтоқсан айында Қазақстан метан жөніндегі Жаһандық міндеттемеге қосылып, метан шығарындыларын азайту жөніндегі жаһандық күш-жігерге өз үлесін қосу үшін маңызды міндеттемелерді өз еркімен қабылдады. Бұл еліміздің төмен көміртекті дамуға деген адалдығын растайды және «жасыл» инвестицияларды тарту үшін елеулі мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар, 2026 жылы Қазақстанда БҰҰ қамқорлығымен өңірлік климаттық саммит өтеді.

Бүгінгі таңда Қазақстан қоршаған ортаны қорғау және химиялық қауіпсіздік мәселелерін халықаралық реттеуге белсенді қатысады. Ел осы саладағы көптеген халықаралық келісімдер мен конвенцияларды ратификациялады. Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасы қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі шараларды іске асыруға да бағытталған.

Біз Еуропалық Одаққа су инфрақұрылымы, климаттың өзгеруіне тұрақтылық, суды үнемдеу технологиялары, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау және ластануға қарсы күрес сияқты салаларда нақты ынтымақтастық орнатуды ұсынамыз. Атап айтқанда, Қазақстан болашақта еуропалық экономиканы қажетті ресурстармен және энергиямен, сондай-ақ болашақтың отыны – сутегімен қамтамасыз етуде сенімді серіктес болуға дайын.

Осы тұрғыда Германияның «Svevind» компаниясы жүзеге асырып жатқан «жасыл» сутегі өндіру кешені маңызды бірлескен жоба болып табылады. Геологиялық-барлау жұмыстары өткен жылдың маусым айында Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында басталды. Бұл оқиға Қазақстанның ауқымды энергетикалық трансформациясындағы тарихи сәтке айналды. Анықтама ретінде: «Svevind» компаниясы Маңғыстау облысында жылына 2 млн тонна қуаттылықтағы «жасыл» сутегі өндіру жобасын әзірлеп жатыр. Неміс тарапының мәліметінше, алдын ала инвестиция сомасы шамамен 50 миллиард еуроны құрайды.

Сонымен қатар, біздің еліміз Еуропалық Одақтың көміртегі шекараларын реттеу механизмі (CBAM) шеңберіндегі ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытады. Бұдан бөлек, қазақстандық ұлттық компания «Kazakh Invest» ЕО институттарымен және еуропалық компаниялармен бірлескен жобалар, соның ішінде маңызды минералдар саласындағы тікелей өзара іс-қимыл үшін Брюссельде өз кеңсесін ашты. Мысалы, немістің «HMS Bergbau» компаниясы Шығыс Қазақстан облысында литий кен орындарын игеру бойынша құны 500 млн доллар болатын флагмандық жобаны іске асыруда. Біз басқа еуропалық инвесторларға елімізде асыл металдарды барлау және өндіру үшін қолайлы жағдайлар ұсына аламыз.

Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізудің тағы бір маңызды құрамдас бөлігі Қазақстанда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану болып табылады. Қазақстан уран қоры бойынша әлемде 2-ші орында және оның өндірісі бойынша көшбасшы болып табылады – әлемдік тұтынудағы уранның 40%-ы бізде өндіріледі. Елімізде уранды қайта өңдеуді, байытуды қоса алғанда, ядролық-отын циклінің басқа сатыларын дамыту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап Қазақстанда Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) қамқорлығымен төмен байытылған уран банкі (ТБУБ) жұмыс істейді.

Қазба отын, көмірдің шектен тыс пайдаланылуы қазірдің өзінде өмір мен тіршілік құралдарын бұзатын климаттық хаосты тудырып отырғаны аян. Біз климаттық төтенше жағдайды оның түпкі себебін: қазбалы отынға тәуелділікті шешпей мүмкін еместігін түсінеміз.
Сіздер білетіндей, осы жылдың 6 қазанында өткен ұлттық референдум қорытындысы бойынша Қазақстан азаматтарының көпшілігі елімізде атом электр станциясын салуды қолдады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстанда атом электр станциясын әлемдегі озық технологияларға ие халықаралық консорциум салуы тиіс. Қазіргі уақытта Қазақстан Үкіметі әлеуетті серіктестермен тиісті талдау мен келіссөздер жүргізуде. Бұл мәселені қарау барысында біз АЭС құрылысына тартылған еуропалық компаниялардың бай білімін және тәжірибесін де ескереміз.
Қазақстан-Еуропа ынтымақтастығының қызықты және маңызды бағыты биоалуантүрлілікті қалпына келтіру және сақтау болып табылады. Мысалы, елімізде Пржевальский жылқыларын қайта енгізу бағдарламасы аясында осы жылдың маусым айында Чехиядан «Алтын дала» қорығына сегіз жылқы әкелінді. Барлығы 5 жыл ішінде 40 Пржевальский жылқысын әкелу жоспарлануда. Сонымен қатар, Қазақстанда Тұран жолбарысын қайта енгізу бағдарламасын жүзеге асыру басталды. Осы жылдың қыркүйек айында Нидерландтан Іле-Балқаш қорығына генетикалық тұрғыдан жойылған түр – Тұран жолбарысына жақын амур жолбарыстарының жұбы жеткізілді.

Жалпы алғанда, біз Қазақстанның жаһандық климаттың өзгеруіне қарсы күрес және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бастамаларын жүзеге асыруда Еуропалық Одақтың белсенді қолдауына сенеміз. Және бұл бағыттағы бастамалардың заңнамалық базасын сіздермен бірлесе іске асыруға дайын екенімізді жеткізгім келеді.

Бибігүл Жексенбай,
Сенат депутаты

Бүгін, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
Бүгін, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті