Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиева Мәжіліс депутаттарына қыз баланың суицидтен қалай құтқарылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін бір қыз осы жерге келуге ниет танытты. Ол бетпердеде болады және мұндай қадамға қалай барғанын айтып береді. Оны тыңдауымыз керек. Өйткені, көптеген себептері бар екен. Біз балаға жылу беріп, киіндіріп, қарнын тойдырамыз да, осы жеткілікті деп олаймыз. Алайда, баланың жанын қаперімізден шығардық. Кішкентай бала мұндай қадамға барар кезде қалай десек те өмір жайында ойлайды. Ол біздің «111» телефонымызға қоңырау шалды және психологтар екі сағат бойы онымен жұмыс істеді. Қазір ол өзіне қол жұмсамағаны үшін бізге алғысын айтады. Өйткені, үйінде анасы, туған-туыстары, жақындары бар. Бұл барлық ата-аналар үшін, біз үшін үлгі әрі сабақ болуы қажет шығар. Оған тек ойыншық, киім және білім ғана керек емес. Оған ең бірінші кезекте, сүйіспеншілік, жылулық, ортақтастық және тірек қажет», — деді ол Мәжіліс депутаттары алдында Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі өткен жылдың ішінде атқарған қызметтер жайында баяндай келе. Оның айтуынша, ел Үкіметінің қолдауымен «111» жедел қызмет құрылымы құрылып, екі жылдың ішінде нығая түскен. «Осынау сенім телефоны таяу аралықта АҚШ-тағы «911» телефоны сияқты боларына үміт артамын. Өйткені, бізге тек балалар ғана хабарласпайды. Тіпті кейбір әріптестер көптеген телефонның ішінен «111» нөмірі ғана бірден жауап берген жағдайларға тап болған. Оның арқасында адамның өмірі құтқарылды», — деді Зағипа Балиева. Уәкілдің дерегінше, 2017 жылы «111» сенім телефоны 104 баланы суицидтен құтқарған.