Ұшты, ұшты баға ұшты

15 шiлде 2022, 11:11

Бұрын аса мән бермеуші едік. Қазір дүкенге тиын-тебенімізді алдын ала санап баратын болдық. Кеше үйдің қасындағы азық-түлік дүкенінен 1 келі күріш, 1 бөлке нан, 1 келі сәбіз, сары май мен тәттілер алдым. Өзімнің есептеуім бойынша екі мыңның үстінде болуы тиіс. Ал сатушы 3700 теңге дейді. Алған затыма бір қараймын, сатушыға бір қараймын. Ұялсам да, қайта есептеуін сұрадым. Жо-жоқ, ол жаңылмапты. Баға өсіпті.

Иә, азық-түлік бағасы аспандап барады. Базар мен дүкенге кіріп шыққандар көпке дейін есін жинай алмай есеңгіреп қалады. Әсіресе, күнделікті тұтынатын қант, күріш, сүт, картоп, сәбіз, күнбағыс майы мен қарақұмықтың қымбаттағаны ерекше білінеді. Бағаның бұлайша өсуі қарапайым халыққа оңай тимейтіні анық.

Қаланың қақ ортасындағы супермаркетті қоя берші, бағасы арзан дейтін базарда қалай екен? Жағдайды өз көзімізбен көрейік деп әдейілеп «жорыққа» шықтық.

Бір жарым сағат кептеліспен «Алтын Орда» базарына әрең жеттім. Адам қарасы сыртта да, іште де көп. Бала-шағасын ерткен аналар, дорбасын сүйреткен зейнеткерлер әр заттың бағасын бір сұрайды, қолындағы әмиянына бір қарайды. Ал әккі саудагерлер келушілерді өздеріне қарай шақырып әлек. Базарға келгендердің көзі жеміс пен көкөністе. Анадайдан «менмұндалайтын» құлпынай мен таңқурайға қызығып бағасын сұрайды. Бұлардың келісі 1800-2000 теңгенің арасында.

Тосап жасайтын қыз-келіншек құмшекердің бағасын көріп жүрегін ұстай алады. Енді қайтеді, қанттың бағасы күн өткен сайын ғарышқа ұшқан зымырандай шарықтап жатса.

Базардың азық-түлік сататын бөлігінде де ығы-жығы адам. Жан-жақтан «мынауың қымбат қой», «ойбай, бағасы удай ғой» деп шырқыраған дауыстар естіліп қалады. Қаладағы ең арзан саналатын бұл базардың өзінде қанттың бір келісі – 750 теңге. Онда да қаппен алып жатқан ешкім жоқ. Ары кетсе 2-3 келіден өлшетеді. Қарақұмықтың келісі – 650 теңге, күріш – 500 теңге, сүттің бір литрі – 500 теңге.

Көкөніс мұнда арзан еді ғой, қазір қалай екен? Картоп– 200 теңге, пияз бен сәбіздің бағасы түсе қоймапты, келісі 200– 300 теңгеден басталады. Халық көп тұтынатын қиярдың келісі 300-350 шамасында болса, қызанақ 150-200 теңге.

Базардан 2-3 келі қант сатып алып кетуге айналған әжейді әңгімеге тарттық. Есімі – Ләзиза, зейнеткер екен. «Ең арзан базар болған соң дорбамды арқалап осында келдім. Бәрі қымбат. Үйдегі өрік төгіліп тұр. Обал болмасын деп аз-маз тосап қайнатсам деп едім. Немерелерім үшін ғой. Балалар «базарға барма» десе де шығып кеттім. Сиыр етін алайын десем, бағасы удай. Одан тауық еті арзанға түседі. Бұрын оның келісін 500-700 теңгеден алушы едік. Қазір тауық етінің өзі 1200-1400 теңге. Бұрын 10 000 теңгеге біраз зат алып шығушы едік. Қазір түк те келмейді», – дейді зейнеткер.

Өткен-кеткеннің назарын өзіне аударып «Келіңіз, не іздедіңіз?» деп саңқылдап тұрған сатушыға жақындадық.

– Саудаңыз қалай?

– Өй, қазір көбісі маңызды деген азық-түліктерді сатып алады. Адам қарасы көп болып көрінгенімен, былтырғымен салыстырғанда сауда аз, – дейді жеміс-жидек сатушысы.
Бұдан кейін жұрт «Оптовка» деп атап кеткен базарды бетке алдық. Кері қарай кептеліс аз екен. Автобуспен 25 минутта Райымбек даңғылымен зыр етіп «Оптовкаға» жеттік. Мұнда да адам толып жүр. «Алтын ордамен» салыстырғанда бағаларында кәдімгідей айырмашылық бар. Шамамен 50-100 теңгеге қымбат. Бірақ әр тиынын есептеп, күн көретіндер үшін 50 теңгенің өзі ақша ғой.

Азық-түлік сататын жағында да халықтың қарасы қалың. Байқаймыз, мұнда да аста-төк азық-түлік алып жатқан адам көрінбейді. Көбі шақтап, ойланып, ақшасын үнемдеп жұмсайтын сияқты. Айтпақшы, бұл базарда қанттың бағасы 800-850 теңге екен. Сатушы әйелден «Қантты қаншаға аласыз? Үстіне қанша қосасыз?» деп «сыр тартып» едім, ол жақтырмаған кейіппен: «Сондай бір керемет те пайда көріп отырғаным жоқ. Ары кетсе 10 пайызы ғана біздікі. Қант сату да тиімсіз болып кетті ғой», – деп теріс айналды.

«Оптовка» деген аты болмаса, бұл жерде арзан тауар көрмедік.
Әрмен қарай «Көк базарға» келдік. Бұрыннан келе жатқан «көк» деген атауын енді басқаша мағынада түсінуге болатын сияқты ма, қалай… Өйткені мұндағы баға да «көкке өрлепті». Салып ұрып қант сататын бөлігіне жетіп бардық. Жетісіп тұрған жоқ екен. Бір келісі 850 – 900 тг. Тіпті кей түсында 1000 теңге деп жазып қойыпты. Бұл не сонда, қаланың шетінен ішке ендеген сайын баға өсе бере ме?

Бірақ қымбат болса да алып жатыр. Енді қайтеді? Бүгін алмаса, ертең бұл бағамен жылап көрісуі мүмкін ғой. Осыдан бір ай бұрын газетімізде құмшекердің бағасы 600-700 теңге деп жазған едік. Енді, міне, ол баға да көзден бал-бұл ұшты! Кей саудагер айтады: «Қант бар, бірақ бәрін шығармай отыр. Бағаны өсіру үшін әдейі дүрбелең тудырады» дейді. Өткенде қала әкімі Алматыдағы қанттың бағасы 400 теңгеден асады деп еді. Ондай бағамен қант сатып алу үшін бір-екі супермаркетті күндіз-түні аңдуың керек. Ал жұмыстағы адам демалыс күндері базардан алып үйренген. Сондықтан ең алдымен базардағы бағаны реттеу керек емес пе?

Жүре берсе, көре береді екенсің. «Алтын Орда» базарында келісі 150-200 деген қызанақ мұнда 800 теңгеден сатылып жатыр. Пияздың келісі – 500 теңге. Саудагерлердің бұған өз уәжі бар. Көкөніс сатушысы Жанар: «Біз «Алтын Ордадан» тапсырыспен аламыз. Таңертең өз көліктерімен жеткізіп береді. Өйткені ол жақтан тікелей әкелуге көлігім жоқ. Тауар бағасына жеткізу құнын қосады. Бізге де пайда түсу керек қой. Сол үшін өз шығынымды қосамын. Орынның ақысы, пәтерақы бар. Қазір сауда бұрынғыдай болып жатқан жоқ. Бірақ халықта ақша бар, алып жатыр», – дейді.

Хош, «Ет дегенде бет бар ма» дейтін қазақ етсіз бір күн де тұра алмайды. Оның бағасы қандай? Оны да білдік. Жылқы етінің бір келісі 3000 теңгеден асады, сиыр еті 2400-2500 теңге, қой етін 2300 теңгеден табасыз.

Картоп – 250 теңге, пияз – 300 теңге, сұйық майдың 5 литрі – 3800 теңге, бірінші сұрыпты ұнның бір қабы (25 келі) – 13 000 теңге. Енді есептеп көрейік. Мәселен, еліміздегі ең төменгі жалақы – 60 000 теңге. Бұл ақшаға не келеді? Жоғарыда келтірген бағаларға қарап, тамаққа жұмсалатын ақшаның есебін шығару қиын емес. Демек төмен жалақы алатындар қарны тойып тамақ ішпейді. Ал өткенде денсаулық сақтау министрлігі «біздің адамдар ашқұрсақ емес, керісінше, керегінен көп ішеді» деп айды аспанға шығарып еді.

Көп балалы ана Сәуле Әлібаеваның сөзіне құлақ түрейік: «Өткенде 5 литр сұйық майды 3800 теңгеге алдым. Қалтама 20 мың теңге салып барып едім, түк болмады. Не деген сұмдық, барлығы қымбаттап кеткен. Әсіресе, жұмыртқаның бағасын айтсаңызшы! Бір бөлке нан – 200-250 теңге. Балаларым кішкентай болғандықтан памперсті жиі аламын. Бұрын 1 талын 100 теңгеге алушы едім, қазір ең арзанының өзі 200-250 теңге. Төрт балаға арналған атаулы әлеуметтік көмектің көлемі 44500 теңге. Ол да қазір азық-түлікке ғана жұмсалады. Жолдасымның айлығы пәтерақы мен басқа да шығындарға әрең жетеді. Жазғы демалыс қой, балаларды ауылға жіберіп жұмысқа шықпасам, жағдай қиындап барады».

Биыл қымбатшылық кәдімгідей сезіледі. Артық шығынды азайттық, барынша үнемдеуге тырысамыз. Жалақы өспесе де, баға күн сайын көтеріліп жатыр.

Мақпал Ноғайбаева

22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде