Қазақстанның Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров бүгін өңірлердегі үш прокурорды қызметінен босатып, тағы бірнешеуін тәртіптік жауапкершілікке тартты деп хабарлайды Бас прокуратураның сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.
26 қаңтарында өткен Бас прокуратураның кеңейтілген алқа отырысы жұмысының қорытындысы бойынша қылмыстық және азаматтық процесте, қылмыстық жазаны атқару саласында, сондай-ақ атқару өндірістерінде заңдылықты қамтамасыз етуде айтарлықтай кемшіліктер анықталды.
Анықталған бұзушылықтар Бас прокуратураның Тәртіптік комиссиясында қаралды.
Қазақстанның Бас Прокурорының бұйрығымен тәртіптік теріс қылығы үшін Алматы қаласы прокуроры Ғ.Т.Миразов лауазымынан босатылды.
Сондай-ақ қадағалау қызметін лайықты ұйымдастырмағаны, қылмыстық процесте жүйелі бұзушылықтарға жол бергені және сотта мемлекет мүддесін тиімсіз өкілдік еткені үшін Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Д.Н. Сыздықов пен Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары А.А.Қожахметов атқарған қызметтерінен босатылды.
Сонымен қатар тағы бірнеше облыстың прокурорлар мен олардың орынбасарлары әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.