Ұлыңды емес, ұлтыңды ойла

04 қараша 2022, 11:08

Балаңыз кітап оқи ма? Оны қоя беріңіз, өзіңіз күніне бір мезет кітап парақтайсыз ба? Кітап оқылмайтын қоғамда өмір сүріп жүрміз, рухани қазынаны дос етпейтін буынды тәрбиеледік деп байбалам салатындардың ішінде өзіміз де бармыз. Үйдегі аналардың (бәрі демей-ақ қояйық) қолы қалт еткенде қарайтыны – әлемжелі. Оларға «Бай болудың бес құпиясы», «Кедейліктен құтқаратын күре жолға бағыттау», «Қарыздан құтылудың қырық тәсілі» деген сөз сатушылардың семинар-сабағы қызық. Қоғамдық ұғым-түсінік, ойлаудың аңысы соған қарай ауып бара жатқандықтан да шығар бұл. Көпшілігіміз үйде өзіміз смартфонды сипалап отырып, баламызға «неге кітап оқымайсың» деп кейіген түр танытамыз. Бала – айна, айтқаныңды емес, істегеніңді қайталайды.

Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанмен сұхбатымыз қоғамның рухани байлыққа деген көзқарасы төңірегінде өрбіді.

Оқырманмен кездесу – шығармаңды насихаттау

Jas qazaq: Сәуле апай, бүгінгі сұхбатымызға уақыт бөлгеніңізге рахмет. Қазіргі саяси науқан қарсаңындағы қарбаласта қоғамдық жұмысты да атқарып жүрсіз. Өзіңіз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдерінің бірісіз. Шығармашылығыңызға қолбайлау болмай ма, қоғамдық жұмыстарыңыз?

Сәуле Досжан: Иә, сенімді өкілі болғандықтан кездесулер ұйымдастырады. Менің баратын бағытым Алматы қаласының ішінде екен, соған қуандым. Ешқандай қолбайлау емес, қайта оқырманмен кездесу, жүздесудің жиі болуы шығармашылығыңды насихаттауыңа, қаламыңнан туған туындыларыңды таныстыруға да таптырмайтын орта. Сондықтан ешқандай кедергісі тиіп жатқан жоқ.

Менің зейнетке шыққаннан бері көп уақытым жазумен өтіп келеді. Сәт ағаңмен бас құрарда да өзімнің ойымды айтып, жазушылық шығармашылығыма ешқандай кедергі, байлау болмау керектігін, өмірімді жазуға арнаған қаламгер екендігімді, жазу тәртібімді айттым. Тоқетері, жаныңды жалдап жұмысқа жегетін қаламгерлік қуатыма ешқандай талап қойылмайтынын ескерттім. Екіншіден, Дүкенбай Досжан ағаңмен тату-тәтті өмір сүрдім. Ол кісі өзінің тегін берді. Сәуле Досжан деген атпен бірнеше кітабым да шықты. Дүкең өмірден өткеннен кейін де бес жыл шаңырағында отын өшірмей, туын жықпай ұстап отырдым. Сондықтан да мен тегімді ауыстырмайтынымды да құлағдар еттім. Ағаң барлығына келісім берді, менің ойымды қуаттады, шүкіршілік, шығармашылығыма ешқандай бөгесін болған емес. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Өмірде ақ пен қара алмасқан даңғыл жол бар. Сол жолда көре алмайтын күншілдер, қызғаныштың қызыл иті ішін тырнап ұлитындар сыртымыздан сөз айтпайды дейсіз бе. «Дүкенбайдың тегіндегі Сәуле Сәтпен шаңырақ құрыпты» дегенге назар аудармайтын болса, етегінен ұстайтынымды жеткізіп, келісіп алдық. «Жоқ, Сәуле, қаңқу сөзде шаруам жоқ, маған сенің жеке басың қымбат. Сен де, мен де елге қызмет етсек деп жүрміз, сол ортақ мүддеге ұйысақ болды» деген бір ауыз жылы сөзіне тоқтадым. Ер азамат айтқанын орындап, менің шығармашылығыма ешқандай да ноқта салып, шідерлеген емес. Қайта көп қолдау көрсетеді. Семей полигоны туралы жазған «Қасірет пен тағдыр» романыма қажетті деректерді молынан игеруіме пайдасы көп тиді, тіпті көп адамның қолына түсе бермейтін құжаттарды да ағаңның арқасында алып, сүбелі шығармама арқау еттім. Сәт Тоқпақбаев – ана тілінен сырт, орыс, ағылшын, қытай тілін еркін меңгерген кадр. Көп тіл білетін маманды кеңес заманында Алматыдан алыстатып, Семейге сынақ алаңы болған мекенге жұмысқа жіберген. Полигон зардабы мен зауалын тартқан халықтың ортасында өмір сүрген жолдасымның естеліктерін, айтқан әсерлі әңгімелерінен де оқиға желісіне пайдаландым. Мұның бәрін шығармашылық қуатымды сұрағаныңа байланысты айтып отырмын. Менің күнделікті уақытым көбіне жазу бөлмемде өтеді. Таңғы асты ішкеннен кейін бесін ауғанша жазумен шұғылданамын. Жазу дегеніңіз – отыра сала ақ қағазды шиырлай беру емес. Ізденесің, оқисың, тоқисың, ой диірменіне салып қорытасың. Мұның бәрі де қып-қызыл уақыт. Аптаның бес күнінде негізінен шығармашылықпен өткізіп, сенбі күні туыс-туған арасындағы той, мереке, ас-садақаға арналған жиынға барамыз. Жексенбіні отбасымызға арнап, жеке шаруамызды атқарамыз. Арасында шығармашылық кездесулерге де барамын. Мұның барлығы да өзімнің оқырмандарыммен ортадағы жүлгені үзіп алмау үшін, жазған еңбектеріңнің таралуына, оқылуына керек. Шетелге, еліміздегі демалыс орындарына барғанда да мен шығармашылығымды үзбеймін, ноутбугымды, керекті кітаптарымды арқалап алып жүремін де, туындыларымды жазамын.

Шытынаған тағдырды бүтіндеген

Jas qazaq: Тағдырыңыздың шытынауына 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы да әсер еткен сияқты. Бірақ желтоқсанға қатысып, істі болып, қудалау көргеніңізді айтпайды екенсіз.

Сәуле Досжан: Бұл апаң да желтоқсан көтерілісіне, қазақ жастарының буырқанып бас көтерген қанды оқиғасына қатысқан. Сол үшін қудалау да көрдім. Қазір бәзбіреулер секілді қаңылтыр медальға таласып, «мен де желтоқсаншы едім» дегім келмейді. Жұрт арасынан біреулер «мынау жазуды қойып, енді желтоқсаншы болып кеткен бе» деп те сөз етері анық. Алаңға шықсам, елімнің ертеңіне алаңдап бардым. Сол үшін журналистика факультетінің жоғары курсында оқитын мені диплом қорғау мен мемлекеттік емтихан сынағынан сызып тастады. Оқудан да шығып қалудың қаупі туындады. Бар айыбым – Желтоқсан оқиғасына қатысушы. Топтың старостасы да менмін, алда диплом қорғау, мемлекеттік емтихан сынағы тұр. Не істеймін, етегім жасқа шыланып, Кәкімжан Қазыбаев ағамыздың алдына бардым. Орталық Комитетте білдей басшы болған кісі. Оның үстіне біздің мемлекеттік емтихан алушы комиссияның төрағасы. Қандай зиялы адам еді сол ағалар. Араға түсіп, басын тәуекелге тігіп, мені диплом қорғау сынағына, мемлекеттік емтиханға өткізді. Сонда бізге дәріс өтетін ұстаздарымыздың басым көпшілігі тілеулес екен, алаңға барғаны үшін айып арқалағандардың көпшілігі оқудан шығып қалмас үшін араша түсіп, қорған бола білді. Дипломдық еңбегімнің тақырыбын «Қайран, біздің аналар арды ойлаған» деп Мұқағали Мақатаевтың өлеңінен алып едім. Тұрлаусыз тірліктің тұсауы тағдырыма салқынын тигізгенде үлкен қолдау көрсетіп, қанатының астына алған адамның алғашқысы Кәкімжан Қазыбаев болса, екіншісі – қазақтың салқар жазушысы Сайын Мұратбеков ағам. Оқудан шығып қала жаздап, басыма іс түскенде Кәкімжан Қазыбаев қайраткер қалай құтқарса, жұмысқа орналасу кезінде Сайын Мұратбеков ағамның шарапаты көп тиді, алғаш жұмысқа қабылдаған да осы кісі еді. Үнемі дұғама осы ағаларымның есімін атап, Жаратқаннан иманына салауат тілеймін.
Мен бір үйдің жалғыз қызымын. Әкемнің атын шығаратын атақты жазушы болсам екен деген арман бала күннен қиялыма қонақтады. Ол заманда қазіргідей компьютер жоқ, бойжете бастаған шағымнан, студент кезімде жазған әңгімелерімді әдемі қапталған қойын дәптерім – блокноттарға жазып жүрдім. Әдеби орта менің есім-сойымды ақын деп таныған алғашқыда. Бірақ өлеңге қоса, прозалық шығармаларды да жазуға ден қойдым. Сол блокнотымды кейін тағдыр талайымен көшіп-қонып жүргенде жоғалтып алдым. Балалық шағымдағы, мектеп қабырғасында, студент кездегі фото альбомдарым да қалған жоқ, сапырылысқан көштің арасында қолды болып кетті. Соған ішім удай ашып қапаланамын. Амал қанша, өткен іске өкінгеннен орны бүтінделмейді. Өмірдің отына да, аязына да ұрынып, қанша дауыл үйіріп соқса да басымды арашалап келе жатқан адаммын. Оны көпшілік біле бермейді, «бөрі арығын білдірмес, арқа жүнін қомпайтар» демейтін бе еді.

Jas qazaq: Оқудан қудалауға салқыны тиген «желтоқсанға қатысушы» деген қоңырау жұмысқа тұруда да тұсамыс болған екен ғой.

Сәуле Досжан: Тікелей соның салқыны деп айтуға да болмас. Бірақ жоғары оқу орнын тәмамдаған жас журналистке көп редакцияның есігі тарс жабық болды. Арқа сүйер ағаңның жоқтығы, жетекке алар бағдар берушінің болмауынан да шығар. Сонда редакцияларда істейтін журналистер ортасының аурасын сезінуді армандап, еден жуушы да болсам екен дейтінмін. Құрылыста да істедім, басқа да қара жұмысты «арқалап» өмір сүрдім. «Алматы» шипажайында еден жуушылықтан асханада аспаз болып та күн көрдім. Бір күні «Жазушы» баспасына корректор керек деген ақпаратты естіп, бардым. Сайын Мұратбеков ағаның зиялығы сондай, мейірімі төгіліп тұратын еді. Жұмыстың қисыны келмей, кетеуі кетіп жүрген жүдеу шағымда бұл кісі тағдырымның түзелуіне септігін тигізді. Сонда кадр таңдаушы маманы бірден алуға асықпай үш ай мерзім сынақтан өткізді. Одан кейін де түлкібұлаңға салғысы келіп сипақтады. Тіпті бұйрық шығарарда Сайын Мұратбековке «сіз бұл адамнан қандай жақсылық күтемін деп жұмысқа қабылдамақсыз?» деді. Сондағы айтпағы, «әлі толыққанды түстеп танымайтын адам редакцияда қалай жұмыс істейді?» дегені екен. Жүрегіме біреу қанжар сұғып алғандай қалтырап кеттім. Менің күйімді көрген Сайын аға қатуланып: «Сіз бұл қыздың алдына барып келіп пе едіңіз, жұмысқа қабылдаңыз, баспада жұмыс істейді» деп әлгі кісінің жалын жықты. Әдеби ортамен араласуым, жазушылыққа шындап бет бұруыма үлкен өріс ашты. Сайын ағаның жұмыс кабинетіне алғаш қадам басқаным, қалай қабылдағаны, сол кездегі жылы жүзі әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Содан да шығар, ағаның есімін атағанда көзімнің алмасын меймілдеп жас жуады. «Жазушы» баспасы менің тағдырыма үлкен әсер еткен орта болды. Осы баспада қызмет істеп жүріп Дүкенбай Досжанның 1988 жылы шыққан «Мұхтар жолы» кітабына да корректорлық қызметті атқарып, таныстым. Кейін бас құрап, отау құрдық. Сол кітапта тағдырымыздың белгісі ретінде соңғы бетінде корректор деген тұста Сәуле Қожахметова деп жазылып тұр. 27 жасымда Дүкеңмен бас құрап, 27 жыл бірге ғұмыр кештік. Дүкеңнің анасын өзімнің анамдай қабылдадым, ештеңе жасырмай, ене мен келін ортасындағы қылдан нәзік байланысқа сызат түсірмей өтті ол кісі өмірден. Зиялы әулеттің босағасынан аттаған сәттен бастап мен көп жайтты осы енемнен, Дүкеңнің анасынан үйрендім десем де болады. Өз анама қарағанда сол кісінің, өзім «апа» деп атаған енемнің тәрбиесін көп көрдім. Атеистік қоғамда өмір сүргеніне қарамастан, ақтық демі үзілгенше намазын қаза қылған емес. Маған да Қасиетті кітаптың сүрелерін үйретті.

Баспалар неге «құда түседі?»

Jas qazaq: Қазір кітап шығару жүйесі қалай жүзеге асады? Жазған шығарманы оқыту өрісі тарылып кетті, кітап оқымайтын ұрпақ өсіп келеді деген дабыл айтылып жүр.

Сәуле Досжан: «Жақсылық көрсем өзімен» демей ме, мемлекеттік тапсырыспен кітабыңызды шығару үшін ұсынасыз. Бекіткен соң баспалар әзірлеп, ел қазынасынан бөлінген қаржыға шығып, таратылады. Өзімнің жайымды айтсам, маған көбінесе баспалардың өздері ұсыныс айтып хабарласады. Менің жазған әңгіме, повесть, хикаят, романдарымды басып кітапты сатылымға шығарайық дейді. Олар маған екі ұсыныс айтады. Біріншісі – белгілі бір мөлшердегі қаламақы, екіншісі – сатылымнан түскен табыстың белгілі бір мөлшері, мысалы, 20-30 пайызы дегендей есепшотыңызға түсіп отырады.

Jas qazaq: Мұның қайсысы тиімді сізге?

Сәуле Досжан: Жазғаныңның шарапатын қай өріспен алсаң да тиімді ғой. Егер кітабыңыздың сатылымы жақсы болмай, сұранысқа түспесе, бір реттік берілетін қаламақы дұрыс деп санаймын. Ал егер сауда нүктелерінде, кітап дүкендерінің сөресінде шаң басып тұрмай жиі сатылса, баспа қайталап басып, таралымын да арттыра береді. Сондай болса, екінші ұсыныс дұрыс. Өзім кітаптарымды басып шығарарда еліміздегі жетекші баспалардың ұсынысын ғана қабыл аламын. Неге? Оқырманның талғамына татитын туындыны ұсыну үшін. Кітаптың мұқабасының көркемдігі ішіндегі жазылған шығармамен астасып, қабыса кеткенде ғана оқырманды тартады, баурайды. Сізге бір қызық айтайын, ересектерге де, балаларға да жазып жүрмін ғой, менің кітаптарымның сатылымына балалардың тигізіп жатқан үлесі орасан. Әрбір ата-ана баласын қызықтырған кітапты сатып алмай қоймайды. Міне, балалардың әлемі қандай таза, мөлдір болғандығынан да шығар, тұшымды жазған туындың тез таралады. Балаларға арнап жазу үшін өзің бүгінгі күннің баласы қызығатын, соларды еліктіре алатын оқиғаны қамтуың шарт. Оларға сенің бір ізді айнала шиырлай беретін шимайың ұнамаса, оқымайды. Мысалы, «Ауылдан шыққан миллионер» кітабымның бірінші бөлімін жазып, таралымға шығарғанда пышақ үстінен бөліп алып, сатылып кетті. Менің шығармашылығымда табысымды шыңға көтерген – балаларға арнап жазған туындыларым. «Ауылдан шыққан миллионер» жарыққа шыққан соң оқырмандар өмірде бар адамның тағдырын өре отырып тағы да жазсаңыз деген өтініш, тілегін жеткізді. Елімізге белгілі меценат, жомарт жүрек иесі, көптеген қайырымды істердің ұйытқысы болып жүрген кәсіпкер Исламбек Салжановтың прототипі сомдалатын екінші кітабымның да сатылымы жақсы болып, көп тиражбен таралды. Жаңа сөз арасында бірнеше баспамен келісімшарт жасасып, серіктесіп жұмыс істеймін дедім ғой. Айына бірнеше баспа шығарған кітаптарымның сатылымынан қомақты қаражат түсіп отырады.

Кітабыңды өткізу үшін өзіңді-өзің насихаттап, таратпасаң, елді құлақтандырмасаң ішімдегіні тап дегендей тарс бүркеніп алғанды кім дәріптейді? Әлеуметтік желіні де жиі пайдаланып, жазған шығармаларымның таралуына, оқылуына өзім екпін салып, насихаттаймын. Кездесулерге де жиі баруымның себебі – оқырмандардың ортасын молайту. Әйгілі «Гарри Поттерді» жазған британдық жазушы Джоан Роулингті білесіз. Сол кісі бір естелігінде «мен 365 күннің 245 күннен астамын оқырмандарыммен кездесуге арнаймын. Егер бұлай насихаттамасам, кім мені таниды, кім кітабымды оқиды?» депті. Міне, сізге маркетинг. Бізде кітап оқымайды, таратылмайды, сатылмайды деген ұғым бар. Кітап оқылуы үшін автор өзінің арбасын өзі сүйреп, оқырманмен ортаға көпір орнатуы керек. Есімің брендке айналғанда жазған шығармам өтпей қалады деген қауіптің бұлты өзі-ақ сетінеп ыдырап сала береді.

Жазуға отырғанда көп оқығанның пайдасы зор. Сөз сауу, ойды сомдау оңай емес. Ертеректе бір естігенім бар еді, марқұм Әбіш аға Кекілбаев бір шығармасын жазуға отырарда екі жүздей кітапты оқып, кеміріпті деген аңыз айтылатын. Өзім де «Қасірет пен тағдыр» деген романымды жазудың қамында жүріп, елуден аса кітаптарды оқыдым, Семей полигонына қатысты мерзімді басылымдарда шыққан материалды да қалт жібермеуге тырысып, дерек-дәйек сүздім. Әсіресе, осы романымның екінші кітабы «Үзілмеген үмітте» әлемдік кітаптарда полигонға қатысты жазылған шығармаларды көп пайдаландым. Әрине, дерегін алған әдебиетке міндетті түрде сілтеме беріп отырамын. Оның барлығы да жазу алдындағы арыңа сын болғандықтан, плагиатқа бармау керек. Сондықтан да кімнен, қай шығармадан дерек алдым, белгілеп, сілтеме жасаймын. Кітап оқу менің хоббиім емес, ермегім де дей алмаймын, өмірімнің бір бөлшегі іспетті. Қай тақырыпқа қалам салмайын, барлығын да зерттеп, зерделеп, ой көрігінде әбден илеп пісірген соң ғана жазуға отырамын.

Әдеби агент керек

Jas qazaq: Кітап шығару ісіне, қаламақы мәселесіне, қаламгерлерді қолдап-қуаттауға қатысты айтылатын бір мәселе – әдеби агенттің бізде кенже қалып тұрғандығы. Кезінде қазіргі ақын-жазушылардың ішінде Рақымжан Отарбаев әдеби агент өрісін елімізде кеңейтуге көп күш салып еді. Өзінің шығармалары шет тілдерге көп аударылды. Әдеби агенттермен тонның ішкі бауындай тұтасып кетуінің нәтижесінде бірнеше тілде сөйледі шығармалары.

Сәуле Досжан: Сұрағың келгені әдеби агенттің біздегі дамуы туралы ғой. Рақымжан аға тірі тұрғанда әдеби агенттің елімізде еркін қанат сермеуіне қолайлы жағдай туғызар еді, амал қанша, үлгере алмады. Анар Қабдулина деген әдеби сыншы сіңліміз бар. Әдеби агент туралы кітап та жазды. Бақытгүл Махамбетова деген қызымыз да әдеби агент болып еңбек етіп, қазақ ақын-жазушыларын шетел тілдеріне аударылуына айтарлықтай үлесін қосты. Менің де шығармаларымды шет тілдерге аударылуына, Букер сыйлығына ұсынуға осы Бақытгүлдің сіңірген еңбегі зор. Үміткерлер тізіміне енгенімізбен сыйлық бұйырмады. Өйткені «шынтақ ішке иіледі» дейміз, ол жақта да сенің сөзіңді сөйлейтін, шығармаңды табандап тұрып қорғайтын біте қайнасқан танысың болуы керек. «Біздің қаламгерлер неге әлемдік сыйлықты алмайды?» деп даурығамыз. Оған жету үшін әдеби агент абыройлы, шетелдіктермен шендесіп, сөзі өтімді адамың болуы керек. Бақытгүл Махамбетованың көп еңбек сіңіруінің арқасында Швецияда үлкен сайыста «Өгей жүрек» деген романым үшінші орынға ие болды. Еліміздегі жүрек алмастыру отасы туралы жазған еңбегім еді. Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан алғаш болып адамдарға жүрек алмастыру отасын жасауды қолға алды. Осы бір тың оқиғаны қамтыған туындыны шетелдіктер жоғары бағалады.

Әдеби агент біздің әдебиетке ауадай қажет қазіргі күнде. Кеңес одағы кезіндегі кітап тарату, оқылымды көбейту, жаңа туындымен оқырман арасына жиі байланыс орнату деген жүйе келмеске кетті. Кезінде қалай еді? Ақын-жазушылар әлі ақ қағазға түспеген шығармасының қаламақысынан белгілі бір мөлшерін алып алады алдын ала. Содан соң отбасын ертіп, болмаса өзі шипажайда, шығармашылық үйде жатып туындысын жазады. Ешқандай алаңдаушылық жоқ. Кітапты басып шығарып тарату, оқырманның қолына жеткізу дегенге жазушы біткен бас ауыртпайтын. Мысалы, Дүкенбай Досжанның екі томдығы 40 мың тиражбен, Әбдіжәміл Нұрпейісов ағаның «Қан мен тері» 100 мың таралыммен Кеңестер одағына тарады. Міне, көрдіңіз бе, кітап таратумен арнайы жүйе, білдей бір комитет жұмыс істеді. Ал қазір бәрі керісінше. Мемлекеттік тапсырыспен шығарсаң да таралымы аз, барлық оқырманға жете бермейді.

Jas qazaq: Енді қоғамның бетбұрысына қатысты, күні кеше оңтүстік Кореяда болған қасіретті оқиға, Хэллоуинге қызығып көшеге шыққан жұрт бастырылып көз жұмғандардың саны жүзден асады. Арасында отандасымыз да бар болып шықты. Біз де осы жат әрекетті дендей енгізіп, жастарымыз жалаулатып атап өтуге ынтызар. «Қызына қырық үйден тыйым» жасайтын аталы елдің ұрпағы едік…

Сәуле Досжан: Атам қазақ «Қызға қырық үйден тыйым» дегенде бұрымдыларын бүлдіршін шағынан ауыл ел болып баулығанын білдіреді. Бойжеткен қыздың жаман аты шықпауы алуына абырой тек ата-анасына емес. Біз осы үрдістен қол үзіп бара жатырмыз. Мектеп оқушылары арасындағы түрлі келеңсіздікті, көшедегі көзге қораш іс-әрекетті көргенде жағаңды ұстап, ұлттық тәрбиемізді уыстан шығарып алғанымызды ұғынасың. Сосын тағы бір белең алып бара жатқан жайт, әке-шешенің кейбірі қартайғанда ұлдардың емес, қыздың қолына кіріп алуды ар санамайтын болды. Қыздың қамқорлығы жоғары деген қасаң түсінік иектеп бітті санамызды. Ау, оған ертең күйеу балаң қалай қарайды, екі жастың арасына сызат түспей ме? Қазақ ешуақытта қыздың қолына қарамаған, қара шаңырақты, қара қазанды ұлға мирас етіп, соның қолында сүйегі шыққан. Бір жынысты неке деген ақырзаманның белгісін де көрдік. Оларды теледидардан көрсеткенде бетін бүркемелеп, бетперде киіп шығады. Азғындануды неге біз жасырып-жауып бүркемелейміз. Қайта қоғамға ашық әшкерелеп, сазайын тарттырмаймыз ба! Рим қалай құлады, азғындық жетпеп пе еді түбіне?! Осындай кереғарлықтың кесапатын тартамыз ба деп те қауіптенемін. Отбасы институтын қалыптастырып, текті сақтап, шежіренің шынжырын үзбеуге ұмтылмасақ, біз көп жағдайда ұпайымыздан айырыламыз.

Jas qazaq: Қаңтар қасіретінде зиялылар неге үн қатпады? Теледидардан Дулат Исабеков ағамызды көрдік сөйлегенін. Сіз жастарға басу айттыңыз ба?

Сәуле Досжан: Былтыр қазан айында жүрегіме ота жасап, екінші отаны желтоқсанның соңында жасап, Астана қаласында ауруханада жаттым, не болғанын кейін естідім. Зиялылар неге үнсіз қалды дейсің бе? Бізде зиялы дегендеріміз сыйлыққа, марапатқа таласып, рушылдық, жершілдікке ұмтылып жүрсе, қалай басу айтады? Біз кешегі Алаш арыстары секілді қарақан басының қамынан да ұлтының мұрат-мүддесін жоғары қоятын деңгейге жеткенде зиялыларымыз ел алдына шығып дүрліккен жұртқа басу айта алады деп пайымдаймын.

Сұхбаттасқан
Қуаныш Нұрданбекұлы

Бүгін, 11:30
Әлішер Сатыбалдиев: Индустриалды аймақ Алматы экономикасына серпін береді
27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр