Ұлттың тамыры һәм құндылықты қадірлеу

28 қантар 2022, 11:39

Алматының астаң-кестеңі шығып жатқанда кітап дүкені аман қалыпты. Жолындағыны жапырып, сөредегіні сыпырып, біреудің мал-мүлкін аяусыз тонағандар жан азығын керек қылмапты. Дұрысы, тегін жатқан дүние, оңай олжа деп қарамаған.

Дәл сол күндері шетелдік ақпарат құралында жарияланған сұхбатта Шыңғыс Айтматов туралы айтылды. Әлем әдебиетінің көрнекті классигі шалғайдағы қазақ ауылына барады. Жолай қолында қаламгердің шығармалар жинағы бар балақайды көреді. Сөйтсе, заңғар жазушының осы арадан өтетінін біліп, қолтаңба алып қалғысы келген оқырман екен.

Шыңғыс ағасы әлгі баламен тілдесіп, өзінің кейіпкерлері мен оқиғалар желісін сұрайды. Кішкентай кітапқұмар мүдірмейді. Қоштасарда Адамзаттың Айтматовы былай дейді: «Шүкір, мынадай балалар тұрғанда Қазақстан да, Кіндік Азия да көштің соңында қалмас».

Ықылым заманнан бері кітап – адам бойына «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дейтін қағиданы сіңірген тәрбие құралы. Өркениетті өрге сүйреп, ғылым мен мәдениетте ұлы өзгерістер жасаған да осы білім бұлағы. Қазір де сондай. Илон Маск, өзі айтқандай, Айзек Азимовтың шығармаларын оқымаса, алып қиялды ақиқатқа айналдырып, ғарыш пен технологияда таңғажайып төңкеріс жасай алмас еді.

Қалың қазақты оқуға, үйренуге шақырған Абайдың, Шәкәрімнің, Сұлтанмахмұттың, Ахмет Байтұрсынұлының кей ұрпағы бүгінде талмай ізденуге, дүниетанымын байытуға енжар. Президент өткен жетіде Гегель мен Бабельді бір-бірінен ажырата алмайтын, арнайы білімі жоқ, бірақ байлығы асып-тасыған алпауыт бизнесмендерді сөз етті. Сол-ақ екен, неміс ойшылы мен кеңес жазушысы туралы білгісі келгендер жапатармағай Гуглға кіріп жатты. Бұлар күні бойы базарда немесе құрылыста жүргендер емес. Бір емес, бәлкім, бірнеше оқу орнын тәмамдаған, өзін мәдениетті, көзі ашық, көкірегі ояу деп есептейтіндер. Күнделікті жаңалықты сайттан, түрлі өсек-өтірікті әлеуметтік желіден оқып, содан ой түйетіндер, соған қарап тон пішетіндер.

Шыңғыс Айтматовты сүйсіндірген өренді қазір де кездестіруге болады. Бірақ ондайлар тым аз. Журналист-депутат Нұртөре Жүсіп жазғандай, бүгінгі балаға түзу жол көрсетіп, «тәк-тәк» дейтін ата-ана мен ұстаз емес, Тик-Ток боп тұр. Әлі оң-солын танымаған жасөспірім мен бозбаланың өмірге, айналаға деген көзқарасының қалыптасуына да осы Мета (Фейсбук), Инстаграм, Ютуб, Телеграм-каналдың ықпалы өте-мөте зор.

Қаңтар қасіретін сарапқа салғандар көп себептің бірін ата-бабадан бүгінге бұзылмай жеткен ұлттық дәстүр мен тәрбиенің кемшін түсуінен іздейді. «Ала жіпті аттама», «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дейтін халықтық қағиданың мәні жоғалып бара жатқанына назар аударады. Сауда орталықтарын түк қалдырмай тонағандардың арасында ұры-қары мен қарақшы ғана емес, тепсе темір үзетін жігіттер, отбасының ұйтқысы болар қыз-келіншектер, ең сорақысы, немересін ерткен ақ шашты әжейдің жүруі осы ойды растай түскендей. Оның үстіне жанға батар жайсыз дерек күн сайын көбейіп келеді. «Жоқшылық не істетпейді», «Қайтсін енді, күн көру керек қой» деп теріс әрекетті ақтауға тырысқандар да бар. Абай «Жарлы болсаң, арлы болма» дейтін мақалды не адамшылыққа, не құдайшылыққа жатпайтынын айтып өткір сынаған. Данышпан хакім біреудің дүниесіне көзін сатпай, алақан жайып тіленбей, маңдай тер, адал еңбекпен мал табуды арлы адамның ісіне жатқызады.

Жаппай сипат алмаған әлгі жат қылықтың жаһандану жемісі екенін басқа айтқымыз келеді. Таяуда телеарналар әлемдегі ең бай мемлекетте (АҚШ) жұмыссыз тұрғындардың пойыз тонап, құны миллиондаған доллар тұратын азық-түлік пен тұрмыстық бұйымды әкетіп жатқанын көрсетті. Осыдан екі жыл бұрын Америкадағы бейбіт шерулер жаппай тонауға ұласқанда наразылықты ұйымдастырушылар әлгілерді қорғап қалған. Олар біреудің дүние-мүлкін қолды қылған қарақшылар емес, ғасырлар бойы көрген қиянат үшін өтемақы талап еткендер боп шыға келді.

Әлемде белең алған жатыпішерлік, масылдық пиғыл бізге де келіп жетті. Қазынасы «қара алтынға» қарап тұрған елімізге «қазба байлықтың қарғысы» (resource curse) немесе «Байлық пен молшылық парадоксы» (paradox of plenty) да кесірін тигізгені белгілі. Атауын ағылшын экономисі Ричард Аутиден алатын осы құбылыс пен оның, әсіресе, жастар арасында жұмыссыздар санын көбейтетін ерекшелігі туралы әлі айта жатармыз. Бір анығы, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбейді» емес, «Қалауын тапса, қар жанады» дейтін түсінікті қағидаға айналдырды. Жан қинамай ақша табу, инемен құдық қазбай-ақ білімділер қатарына қосылу, тез байып кету басты идеалға айналып барады. Қыздар өнердің қыр-сырын меңгермей-ақ, әп-сәтте «жұлдыз» атанғысы келеді. Ұлдардың арманы – қалталы бизнесмен, блогер, коучер болу. Бұдан жарты ғасырдай бұрын өмір сүрген жапонның ұлы ойшылы Мусаси Миямото бұл құбылысты «өткінші, арзан рахатқа» теңеген. Замандастары «Қасиетті қылыш» деп атаған семсерлесудің хас шебері ұрпағына жиырма бір қағидадан тұратын өсиетін қалдырған. Ол қымбат дүниеге қызықпауға, бойдағы ашкөздіктен арылуға, аянбай еңбек етуге шақырды. Ұлы ұстаздың осы өсиеті қазір де Күншығыс елінде сан-салалы ұлттық тәрбиенің қайнар бұлағы. Жапон халқының жаһанданудың жойқын ықпалына қарамастан, рухани құндылықтан ажырамауы, салт пен дәстүрге беріктігі Мусаси Миямото сияқты даналардың аманатына адал болғанының арқасында. Соның айқын бір көрінісі – радиациялық апаттан кейін Фукушима кентінде бірде-бір тонау немесе ұрлық дерегі тіркелмеуі.

Әділдік пен адалдықты, білім мен еңбекті, ұлттың тамыры мен руханиятты, салт-дәстүр мен тәрбиені ту еткен қазақтың даналық мектебі әрдайым халқымызды ұлы мұратқа бастап келген. Келешекте де солай болады. Білім мен зерде, ақыл-ой мен еңбек бәсекеге түскен мына заманда қазаққа, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, санада сілкініс, той емес, ой қуу қажет боп тұр.

Срайыл Смайыл

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды