Ұқсата білгенге

20 мамыр 2022, 11:42

1. Перғауынның түсі

Қай халық болсын, қадым заманнан бері қиын күнге азық жинаған. Осыған байланысты Жүсіп пайғамбардың ежелгі Мысыр билеушісінің түсін қалай жорығанын баяндайтын әфсана туралы жазғанбыз. Соған қайта оралудың реті келіп тұр. Перғауын түсінде көгалда жайылып жүрген 7 тоқ сиырды көреді. Содан кейін аштықтан бұратылған жеті ірі қараны. Мәнісін біле алмай, елдегі көріпкел мен балшы атаулының бәрін шақырады. Ешкім таппайды. Мұны естіген Жүсіп сарайға келіп, патшаның түсін жориды. Сондағы айтқаны мынау. 7 семіз сиыр – жеті жыл молшылық болады. Сондықтан жиналған астықтың ішіп-жемнен артылған бөлігін қамбада сақтау қажет. Содан кейін жеті жыл бойы қуаңшылық, егін шықпайды. Көтерем сиыр соның белгісі. Перғауын келелі кеңеске құлақ асып, Жүсіпке сый-сыяпат берген деседі. Ғибратты тағлым ұрпақтан ұрпаққа тарады. 1968 жылы ағылшын композиторы Ендрю Ллойд Уеббер (Andrew Lloyd Webber) осы ғибратты тағылымды атақты шығармасына арқау етті.

Ертеңгі тіршілікті ойлап, қарекет қылу – қазақ даналығында қасиетті қағиданың бірі. «Түстік өмірің болса, күндік мал жи» дейтін нақылдың қай ғасырда дүниеге келгенін тап басып айту қиын. Данышпан Абайдың пәлсапасы осы ұғымды жетілдіре түседі. Түпнұсқадан аспаса, титтей де кем түспейтін әйгілі өлеңінде ала жаздай гөлайттап, қыс қамын ойламаған қалтырауық шегіртке арқылы қыдырымпаз һәм ойын-сауықшыл жалқауды өткір тілмен түйрейді. Ерінбей еңбек еткен, қоймасы дәнге толы, баспанасы жып-жылы құмырсқаны үлгі-өнеге етеді.

2. Кіріс көзі

Қиналғанда сеп болар деп, сары майдай сақтап отырған алтын көмбеден қарпып алу оңай амалға айналып барады. Әсіресе, бюджеттің кірісіне жауапты атқамінерлерге. Әңгіме Ұлттық қордан алынатын қаржы жөнінде. Оның көлемі биыл да 4 триллион теңгеден асып түсті. Соңғы екі жыл мұнайдың мол ақшасынан қаққан тәжкеселдің кесірінен делік. Ал 2022-ге не жорық? «Қара алтынға» да, басқа шикізатқа да сұраныс көп. Соған орай, бағасы да жоғары. Мемлекет басшысының көкейкесті мәселеге қатысты пікірінен осындай сауалды аңғардық. Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы үш жылда қордан жасалатын трансферттің 14 триллионға жақындағанын, мұның шамадан тыс көп екенін айта келе, «Республикалық бюджет Ұлттық қордың қаржысына арқа сүйемеуі тиіс. Трансфертті біртіндеп азайту керек», – деді.

Президент кіріс көзін көбейту үшін үкіметке нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, ірі жобаларды нарық тетіктері арқылы іске асыру, мемлекет пен жекеменшік кәсіпкерлікті дамыту, банк несиесін пайдалану, бюджет шығындарын қайта бөлуді тапсырды. Расында, біздегі банктер бармайтын, жеке инвестор жоламайтын ірілі-ұсақты жобалардың барлығы да бүгін бюджеттің мойнында. Экономикасы дүрілдеп тұрған елдер мен солардың қатарына қосылуға ұмтылған Түркияда Build – Operate -Transfer (Жаса (қолға ал) – Жұмыс Істет – Өткіз (мемлекетке) жүйесінің инвестор тартуда қаншалықты тиімді екеніне таяуда тоқталғанбыз. Нағыз нарықтың заңымен өмір сүріп жатқан түрік бауырлар жол, көпір, метро, әуежай, туннель, өндіріс ошағын салғанда оcы амалға (түрікше: Yap– İşlet – Devret) жүгінеді. Қымбат жобаға қазына қаржысын қалай жеткізуге бас қатырмайтын үкіметтің де жүзі жарқын, қалтасы тоқ кәсіпкердің де есебі түгел.

3. Trans-Hazar

Бюджетке қатысты басқосуда тағы бір ұтымды ұсыныс айтылды. Ол – транзиттік тасымалдың әлеуетін пайдалану. Мемлекет басшысы бұл ретте Достық – Мойынты теміржолы бөлігі мен мемлекетаралық дәліздерді жаңғырту қажеттігіне тоқталды. Инфрақұрылымдық жоба Қытай мен Еуропа арасындағы транзит тасымалын ұлғайтып, осы бөліктің өткізу қабілетін бес есе арттыруға мүмкіндік береді. Ресми статистикаға жүгінсек, биылғы қаңтар мен ақпанда тасымалдың бұл түрі бойынша көрсеткіш 4 млн тоннаны құрапты. Жыл соңына дейінгі меже – 24,5 млн тонна.

Әлемдегі геосаяси құбылыстардан туындаған жайсыз да күрделі түйіндерді шешуге тура келіп отырған Үкімет үш жылда 30 млн тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Транзиттік тасымалдың тиімділігіне талас жоқ. Пандемияға дейін қазынаға жыл сайын 450 млрд теңге кіріс беретін. Мемлекет басшысы жуырда Түркияға барғанда бүгінгі күннің өзекті идеясын ортаға тастады. Ол – түріктер «Хазар» деп атайтын Каспий теңізі арқылы жүк тасу көлемін еселеу. «Орта дәліз» деп аталатын жобаның оңтайлы тұсына тоқталмас бұрын, сәл шегініс жасаған жөн.

Өткен жылы наурызда жүк толы контейнер тиелген Ever Given кемесі Суэц каналында көлденең тұрып қалды. Сөйтіп бір жеті бойы жол қатынасы үзілді. Тауарын көздеген жеріне уақытында жеткізе алмаған сауда-саттық жасаушылар сағат сайын жарты миллиард доллардан қағылды деседі. Өткел ақысын алатын Мысыр мемлекетінің шығыны да біршама. Мұнай мен газ бұйырмаған бұл елдің бюджеті осы транзиттен түсетін кіріске көбірек қарайлайды.

Тура бір жылдан кейін оқыс оқиға қайталанды. Қара теңіздегі Новороссийск айлағында орналасқан терминалда танкерге мұнай тиейтін қондырғылар жойқын дауылдың кесірінен істен шықты. Қазақ мұнайының елеулі бөлігін әлемдік базарларға жеткізетін құбыр желісінің қызметі тежелді. Сарапшы мен блогер атаулы апатты сан-саққа жүгіртіп, қара аспанды төндірумен болды. Үкімет шикі майды айлаққа жеткізетін Каспий құбыр желісі консорциумымен шұғыл келіссөз жүргізіп, қондырғыны қалпына келтіру ұзаққа созылмады.

Айтпай келген апат бір бағытқа көбірек байланып қалмау қажеттігін тағы да қаперге салды. Содан болар, Президент Анкарада жүк тасымалында Транс-Каспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) мен Маңғыстаудағы Құрық портының мүмкіндігін пайдалану қажеттігін мәлімдеді. Іскерлік әлеміндегілер Middle Corridor (Орта дәліз) деп атайтын бұл бағыт бірнеше елді қамтиды. Айталық, Түркиядан шыққан жүк пойызы Грузия арқылы Әзірбайжанға келеді. Алят портында контейнерлер кемеге тиеліп, Каспий теңізімен Ақтауға жеткізіледі. Одан әрі Қазақстан арқылы Қытайға бет алады. Ал тасымал қарсы бағытпен жүзеге асқанда, жүкті Анадолы атырабымен Еуропаға немесе Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкаға жеткізуге мүмкіндік бар. Trans-Hazar-дың тағы бір тиімді тұсы – уақыт үнемдеуі. Ресей аумағы арқылы өтетін Терістік дәлізге қарағанда жол 2 мың шақырымға қысқарады. 2015 жылғы 28 шілдеде аталған күретамырмен алғашқы контейнер пойызы (Nomad Express) Қытайдың батыс өңірінен шығып, Ақтау порты арқылы Бакуге 6 күнде жеткен. Ары қарай жүк Баку-Тбилиси– Карс (Түркия) темір жолымен тасымалданады. Бұған қоса, Қазақ мұнайы Каспийді кесіп өтіп, Баку-Тбилиси –Жейһан құбыр желісімен Ақ теңіз аумағында тұтынушыға баратынын да айтқан жөн. Рас, ол кезде бұл бағытқа күмәнмен қараушылар көп болды. Әйтсе де, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарған ел билігінің транзиттік тасымалда да көпвекторлық саясатты жүзеге асыруы ұтымды да оңтайлы ұстаным болғанын өмірдің өзі дәлелдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстаудағы порттардың әлеуетін арттыруға айрықша мән беруі бекер емес. Биылғы қаңтарда Ақтау және Құрық айлақтары арқылы Орта дәлізбен 14 мың тонна жүк тасымалданса, көрсеткіш ақпанда 22 мыңға, ал наурызда төрт есе ұлғайып, 88 мың тоннаға өсті. ТХКБ қауымдастығы Бас хатшысы Ғайдар Әбдікерімов былтыр тауар айналымы 700 мың тонна болғанын, ал биылғы тапсырыс 10,5 млн тоннаға жететінін айтады.

Мақалада көп қырлы ұстаным жайында сөз еттік. Алпауыт күштер арасындағы ымырасыз текетірестен жылдам өзгеріп жатқан бүгінгі құбылмалы дүниеде экономикалық тәуелсіздік пен жеті өлшеп, бір кесетін ұстаным өте-мөте қажет боп тұр.

Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы

25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді