Wimbledon бізге де бұйырды!

15 шiлде 2022, 11:51

Елена Рыбакина – Тәуелсіз Қазақ елінің тарихында үлкен дулыға санатына жататын Wimbledon – 2022 турнирін жеңген тұңғыш теннисші. Иә, күні кеше қазақ спортының ақсары қызы Англия жерін алашаңға көміп, аламан дүбірде жеке-дара қара үзіп келді.

Бала баққандікі

Осы күнде ресейлік һәм шетелдік басылымдар Елена Рыбакинаның кіндік қаны Мәскеуде тамып, жаялығы Сетуннің сағасында жайылғанын жырғап жүр. Рас, Рыбакинаны Ресей керексінбей, тіпті іске алғысыз еткенде табалап, құрамадан орын тимегенде біздің бапкерлер болашақта бұл қыздың жұлдызы жарқырайтынын дөп басып тани білді. Нәтижесі мінекей, әйтпесе Еленаның қазақ топырағын басқанына төрт жыл енді толады.

Елена Рыбакина кәмелет жасына толған шағында спорттық мансабын бастамай жатып тәмамдаудың аз-ақ алдында тұрды. Оған түрлі себептер де болды. Оны күні кеше өзі де айтты. «Мен кәмелеттік жасқа толған шағымда спорттағы кәсіби мансабымды жалғастыру не болмаса жоғары оқу орнына тапсыру деген екі таңдау тұрды. Мені АҚШ оқуға шақырған еді. Міне, сол сәтте Қазақстан теннис федерациясынан маған шақырту келді.

Дәл өзінің мезгіл мезетінде жеткен шақырту деп білемін» деген еді. Осындай қысылтаяң шақта Қазақстан теннис федерациясы талантты қызға кең өріс ашты, бауырын жаза, қолтығын сөге көсілуіне еркін кеңістік берді. Жетістігі көз алдыңызда, тарих туғызды. Жылнаманың жаңа парағы ашылып, әйгілі турнирдің тарихына жаңа есім жазылды. Және қандай! Wimbledon Wimbledon болғалы бұл турнирдің ең жас чемпионы деген мәртебелі марапаты бар. Бұл марапатты соңғы рет 2011 жылы чех Петра Квитова 21 жасында алса, араға бір мүшелдей уақыт айналтып біздің тенисші Елена Рыбакина иеленіп отыр. Ақсары қызды қалай мақтасақ та, орасан жетістігімен қалай мақтансақ та жарасады. Ресейлік ақпарат құралында журналист Бен Ротенбергтің мынадай пікірі жүр, жаны бар сөз. «Елена Ресейден өз ұланының талантын мойындауға аса құлықты болмағаны үшін, қолдау көрсетпегені үшін, тіпті мұндай теннисші қыз барын елемегені үшін кетті». Дәл қойылған диагноз. Бәзбіреулер тантып жүргеніндей, Рыбакина Ресей атынан түрлі додаларда оза шауып бәйгенің алдын бермей жүргенде құда түссек бірсәрі еді. Біз бұл қызды Ресей қырын қарап сыртқа тепкенде шақырдық.

Рас, Ресейдің теннисшілері біздің елден пана тауып, сағалап келіп жүргені ақиқат. Еленаның «Спартак» академиясында тәлім алғаны ақиқат. Ресей теннис федерациясы мәймөңкелетпей турасын айтқанда Рыбакинаны асыраудан бас тартты. Келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатып, қаржы тауып беруде қиналатынын жеткізді.

Енді қайтпек керек дейтін қысылтаяң шақ туғанда тіпті спорттық мансабына нүкте қоятын шақта демеу қазақ даласынан табылды. Қазақстан теннис федерациясы тек Рыбакинаны ғана емес, ресейлік бірнеше теннисшіні құшағына басып басына үй, бауырына қазан салып берген жоқ па.

Жалпы Ресейде туып, бағы басқа елде жанған теннисші тек Рыбакина емес. Алысқа бармай-ақ екі жыл бұрын Australian Open туринирін ұтқан Софья Кенин осы күнде АҚШ-тың атынан аламанға түсіп жүр. Сондықтан да кезінде кемеліне келтірудің орнына өзекке теуіп сырттатып, ал бүгінде биікке шыққанда талантымыз еді деп тұлыпқа мөңіреген мәскеуліктердің мекіренуі қызғаныштан басқа ештеңе емес. Бір жағынан мәскеуліктердің қызғануы да орынды секілді. Бүгінгі Мәскеуде 12 миллионнан астам халық тұрады десек, Рыбакинаға дейін бірде-бір мәскеулік Уимблдон турнирін жеңбеген екен.

Теннис спортының тарихын тәпсірлеушілер Уимблдон тарихында финалға дебютанттар, яғни екі қарсыластың да алғаш финалда ойнау сәті осыдан алпыс жыл бұрын тіркелді деген мәліметті жылт еткізді. Дәлірек айтсақ, 1962 жылы Wimbledon турнирінің финалы америкалық Карен Ханце Сусман мен чехословакиялық Вера Сукова арасында өткен екен. Содан бері қарай бұл үлкен дулыға санатына жататын мәртебелі бәйгенің чемпиондық атағына дебютанттар таласу құрметіне жете алмаған. Арада алпыс жыл өткенде тағы бір жаңа дерек осылай тіркеліп отыр.

Биылғы доданың финалына дейін Елена Рыбакина канадалық Бьянка Андреескуді жеңді. Канаданың теннисші қызы кезінде Австралия ашық біріншілігін, US Open турнирін ұтқан, әрі адымы аңызға айналған теннисші Серена Уильямстың өзін сүріндірген саңлақ. Одан кейін қытайлық Чжэн Циньвэннен басым түсті. Үлкен додаларда олжа салып жүрген хорват қызы Петра Мартичты ұтып ширек финалға шықты. Ширек финалда Еленаның жолын тосып аустралиялық Айла Томлянович тұрды. Көкөрім шағынан талантымен дараланып көпшіліктің көзайымына айналған Айланың да қылар айласы аз емес. Бірақ оның шеберлігі біздің қыздан бір бас төмендеу соқты. Жартылай финал. Орда бұзар отыздан асқан, әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы атанған, үлкен дулыға турнирлерін әлдеқашан ұтып, құрмет пен қошеметтің керемет мезетін көріп тастаған румын Симона Халепке қарсы ойнады Рыбакина. Франция ашық чемпионатын, және осы Уимблдонды 2019 жылы ұтқан Халептің қатепті қара нардай қайратты қызын біздің Лена бір сағат 15 минутта корттан түріп шығарды. Алда финалдық айқас. Қарсылас – тунистік Онс Жабер. Бұлар 2019 жылы әлемге Қытай уын шашар алдында Ухань қаласындағы турнирде жолдары түйісіп, Рыбакина жеңген болатын. Одан кейін 2021 жылы АҚШ-тың Чикаго қаласында және Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласындағы турнирде Жабер Еленадан басым түскен еді. Кеткен есені үлкен дулыға додасының финалында қайтарды.

«Қазаққа келін бол, Елена!»

«Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина әлемдегі ең мықты төрт үлкен дулыға жарысының бірі — Лондонда өткен Wimbledonда чемпион атанды!!! Бұл Қазақстан тарихындағы тұңғыш жеңіс! Елена бізге Ресей атынан осындай жарысқа шығуға жарамаған соң келген. Оған 2-3 жыл болды. Енді олар да біздің Лена, Ресей Еленасы деп жабысып жатыр. Әрине, ол Ресейдің тумасы, орыс қызы. Мұндай асыл тұқымды, сұлу да тал шыбықтай иілген денелі қызды өзімізде қалдырып, болашақ чемпион балалар туғызып алудың бір-ақ жолы — Еленаны елімізге келін қылып алу! Ештеңе қылмайды, 2-3 ұрпақтан соң бәрі таза қазақ баласы боп кетеді. Қане, қазақта Елена — чемпионның жүрегін жаулап алатын батыр жігіттер бар ма?!». Бұл белгілі спорт журналисі, қарымды қаламгер Несіп Жүнісбаевтың әлеуметтік желіде жазған жазбасы.

Күні кеше Елена Рыбакинаны Нұр-Сұлтан әуежайынан атқамінерлер, белгілі спортшылар, қалың жанкүйер шашу шашып қарсы алды. Іле бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Журналистердің жан-жақтан жауған сауалдарына жауап берді. Әрине, оның ішіндегі шиқанның соқтасын сыққандай әсер ететін сұрақ – Рыбакина қай елдің азаматы? Осы сауал алдына тағы да көлденең тартылғанда сымдай тартылған сұлу сүйріктеу саусақтарымен жан қалтасынан жеке куәлігі мен паспортын жарқ еткізіп суырып алды. «Міне» деді күлімсіреп: «Мен – Қазақстан азаматымын! Қазір қай елдің қызы екендігімді сұрайтындарға бұған дейін де жауап берген едім. Осы сұрақ алдымнан шыға берді. Рас, 2020 жылдан бері қарай ешбір қалада тұрақты түрде тұрақтаған емеспін. Өйткені біздің сала – жолсапар, жаттығудан кейінгі жаттығуға жалғасатын жұмыс. Ұшып-қонып әр қалада, қонақүйде дамылдаймыз» деді. Жалпы «Рыбакина әлі де Ресейдің азаматы, Қазақстан теннис федерациясы «дайын асқа тік қасық болып» дайын спортшыны өз елінің атынан қосты» деген жел сөз әлі де гулеп тұр. Абың-күбің әңгіменің басылатын түрі байқалмаған соң да спортшы құжаттарын қос қолына ұстап тұрып көрсетті.
Бас қалада өткен баспасөз мәслихатында Елена Рыбакина өзінің жетістігі арқылы Қазақ даласында теннис спортын дамытуға титтей де болса серпін беретініне сенім білдірді. 2000 жылы Сидней төрінде марқұм Бекзат Саттарханов бастап, Ермахан Ыбырайымов қоштап Олимпиада алтынын олжалағанда қаншама қарадомалақ балалар бокс үйірмесіне жазылуға талпынды. Енді Еленаның да ерен еңбекпен жеткен жетістігінен кейін елімізде кенжелеп келе жатқан теннис спортына қызығушылардың қатары артатыны айдан анық.

Қайбір жылы Қазақстанға әлемнің азулы теннисшілері испандық Рафаэль Надаль мен серб Новак Джкович келіп қайырымдылық шарасы ретінде матч өткізген болатын. Надаль де, Новак та сол кезде елімізге тек нан ауыз тиюге емес, қомақты қаржыға шақырылғаны белгілі. Надаль сонда жаңа отау көтеріп, тойын өткізе сала қазақ даласына келіп, Джоковичке қарсы кортқа шыққан болатын. Осы істі ұйымдастырушылардың арғы мақсаты осындай саңлақтардың тартысқа толы тамашасын тірідей көрген көкөрім жастар бекзада спортқа бет бұрса деген еді. Бірақ бұл бастаманың қаншалықты салмағы басым болғанын, неше баланы кортқа әкеп «көгендегенін» білмейміз. Десе де ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Өсіп келе жатқан жеткіншек жас таланттар да бар. Зарина Диастың ізін басып Дамир Жалғасбай, Заңғар Нұрланұлы, Даниэль Тазабеков сынды талапты ұл-қыздар өсіп келеді. Бұдан былай да Еленаның жеңісінен кейін қазақ жерінде кенже қалған теннис спортына алабөтен қызығушылық оянары сөзсіз.

Айтпақшы, астанада өткен баспасөз мәслихатында «сырттан келімсектерді шақыра бермей отандық спортты жеркілігті таланттарты тауып өсіру арқылы өркендету дұрыс дегенге қатысты пікірге Рыбакина былай деп үн қосты. «Менің пайымдауымша, сіздердің отандық спортшыларды даярлау керек деген пікірлеріңіз орынды. Өзімнің жайымды айтсам, егер Қазақстан мені қысыл-таяң шақта шатқаяқтап тұрғанымда шақырмағанда қазіргі күнде кім боларым белгісіз еді. Теннис Қазақстандағы кенже қалған спорт түрі. Мүмкін менің шыққан биігімнен кейін еліктеушілердің қатары артар. Өзгеге үлгі атану үлкен жауапкершілікті жүктейді, мен оны сезінемін әрі мақтан етемін» деді.

Қазақ спортында Рыбакинаға дейін де, одан кейін де кім келіп кім кетпеген?! Сыртқа сауын айтып кезінде қанымызда бар күреске де келімсектерді көптеп тартпап па едік. «Барыс» хоккей клубындағы айлық жалақысы 50 миллион теңгеге жете-қабыл легионерлер дер жүр. Жоғары жалақы алатын келімсек спортшылар әлі де аз емес. Сондықтан да Рыбакина сырттан келді дегенді ұлғайтып айта беретіндер ертең Елена қыздың қазақ теннисшілерін қаптатып шығарғанын көргенде бармағын шайнауы да мүмкін. Пайдасыз, тек қарақан басының қамын күйттеп келушілердің қатарынан емес, керісінше, осы елдің көк байрағын биікке ұстауды мұрат тұтып жүрген жандарға қолдау көрсету керек.

Ресейдің «дайын өнімі» емес екеніне көз жеткізгісі келгендер Рыбакинаның кәсіби спорттағы мансабына көз жүгіртсе жетіп жатыр. Ол туған елінде жасөспірім шағында ойнады. Теннистің әліппесін сол елде ашқаны рас. Кәсіби спортқа қара орман орыстың ортасында келгені де шындық. Бірақ жасөспірімдер арасынан ересектер қатарына өтер аумалы кезеңдегі қиындық пен бойыұсынуға дейінгі болдырудың барлығы да Қазақстанмен қатысты. Ол осы асуда алғанға дейінгі тынымсыз жаттығулар мен жарыстарда Қазақстан атынан қатысып, шыңдалды.
Елена Wimbledon-2022 додасында чемпион атанғаны үшін қомақты сыйақы алады. Нақтырақ айтқанда 1 миллиард 145 миллион теңге. Талантты қыз Англиядан алған сыйақысының белгілі бір сомасын еліміздегі жасөспірім теннисшілердің дамуына жұмсайтынын жеткізді. Одан кейін өзі көзімен көрген жануарларды уақытша ұстайтын орынның жағдайын жақсартуға бөлмек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны жарқын жетістігімен құттықтап, спорттағы үздіқ жетістіктері үшін һәм халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан орасан үлесін ескеріп ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Осыдан жетпіс жыл бұрын Алматыдағы «Динамо» стадионындағы жалғыз теннис кортында спорттың осы түріне баулу қолға алынса, бұл күнде теннис корттары жауыннан кейінгі балаусадай жайқалмаса да салынып, ашылып жатыр. Бірақ қатысушылардың қатары әлі де селдір. Өйткені – теннис қымбат спорт түрі. Елена Рыбакина енді өзінің талантын шыңдап, талабын ұштаған командасы секілді еліміздің жасөспірімдері арасынан таланттарды тауып, додаға дайындауға үлес қосады деп сенеміз.

Қуаныш Рахмет

 

Болат Өтемұратов,
Қазақстан теннис
федерациясының президенті:
Еңбекпен жетті мұратқа

– Еленаның ойынын Англияға арнайы барып тамашаладым. Ол өзін-өзі жетілдіріп, тынымсыз еңбектенудің нәтижесінде биікке қарай бастап келе жатқан қыз. Осы жолғы додада әлемнің тегеурінді деген ракеткалармен күш сынасып, шетінен жайпап шықты. Оның бұл жетістігін кездейсок келген жеңіс деп қабылдауға болмайды. 2018 жылы ол әлемдік рейтингте 200 теннисшінің қатарына әзер дегенде ілікті. Бір жылдан кейін алдыңғы 40 теннисшінің қатарына кірді. 2020 жылғы рейтингте оның есімі 19-ыншы болып жазылды. Былтыр әлемнің 14-інші ракеткасы саналды. Биыл тағы екі саты өрлеген болатын. Оның осындай өрлеу жолына қарап та жанкешті жаттығуда аянбағанын аңғаруға болады. Оның осындай өрге басуы ерте ме кеш пе үлкен жетістікке бастайтыны сөзсіз еді. Лена финалда әлемнің үздік ракеткасы саналатын қарсыласына қарсы өте тегеурінді ойын өрнегін көрсетіп өз жоспарын ойдағыдай орындай алды. Бірінші сетте есе жібергенімен, одан кейін басымдық таныта білді. Үнемі елімізідің теннисшілерінің әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысқанында тақым қысып, қолдау білдіремін. Әсіресе осындай үлкен дулыға, гранд слэм санатына жататын турнирлерге қатысқан теннисшілерге демеу болып қасында жүремін. Wimbledon турнирінің ширек финалына шыққан Рыбакинаға да қолдау көрсету мақсатында арнайы барып, өнерін тамашаладық. Корттың қасында отырып көзбен тамашалаудың әсерін сөзбен айтып жеткізу жеңіл емес. Біздің қыз екі апта теңдессіз өнер көрсетті. Елена үшін табанының астындағы қандай төсеніш болса да талғамайды. Ол топырақта да, хард төсеніштің үстінде де, жасанды көгалда да өзін еркін сезінеді. Былтыр Токио олимпиадасында хардтың үстінде сынға түсті, Ролан Гаррос жарысында топырақта ойнады. Енді міне Wimbledonда жасанды көгалда өзінің әлеуетін күллі әлемге көрсете білді. Оның бұл биікке жету жолы оңай болған жоқ.

Бүгін, 11:30
Әлішер Сатыбалдиев: Индустриалды аймақ Алматы экономикасына серпін береді
27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр