Башқұртстан клубы Ресей чемпионатының көктемгі маусымын сәтті бастады. Осы маусымда «Динамо» (1:1), «Анжи» (3:2) және «Краснодармен» (1:0) ойнап, алғашқы командамен тең түссе, кейінгілерін ұтты. «Уфаның» бас бапкері сұхбат барысында команданың ойынына баға берді және қазақстандық футболшы Еркебұлан Сейдахметті көпшіліктің Мессимен салыстыруына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы m.sport-express.ru сайтына сілтеме жасап Baq.kz хабарлайды.
«Уфа» командасының бас бапкері Сергей Семак қазақстандық футболшы Еркебұлан Сейдахметтің алаңдағы ойынына баға берді. Оның алаңдағы қимыл-қозғалысының жақсы екеніне қарамастан, әлі де көп тәжірибе жинауы керектігін айтып өтті.
«Футболшының алаңдағы қимыл-қозғалысы ұнады. Тіпті, Сейдахмет біздің гол соғу үшін ұйымдастырған шабуылдарымызға қатысты. Оның жас әрі көп нәрсені үйренуі керек екенін түсініп отырмыз. Еркебұланға әлі шыңдала түсу қажет. Жаттықтырушылар штабы оның мамандар мен жанкүйерлер алдында өзін жақсы қырынан көрсете білуі үшін аянбай еңбектенетін болады», — дейді бас бапкер.
Сондай-ақ, бапкер Еркебұлан Сейдатметтің «Қазақтың Мессиі» деген атқа лайық болуы үшін әлі де көп еңбектенуі керектігіне назар аударды.
«Көреміз. Сырт келбеті ұқсайды — бойы орташа, техникасы да мықты. Ал Мессимен оның қаншалықты теңесетінін тек уақыт көрсетеді. Лионель — тамаша футболшы, әзірге Сейдахмет екеуінің арасы жер мен көктей», — дейді Сергей Семак.
Агенттіктің әңгімелесушісі Еркебұлан Сейдахметтің Еуропа топ-клубына енуі тек өзінің қолында екенін айтты.
«Бұл сұраққа келесідегей жауап берейін. Ол Еуропа топ-клубының атынан шыққысы келеді. Өзін дамытып, әрдайым алға ұмтылуға деген талпынысы зор. Ары қарай көп нәрсе оған, оның командасы мен жаттықтыру штабына байланысты болады. Осы мақсатқа жету үшін аянбай еңбектенеміз», — дейді ол.