Түркістанда жол бойында апатқа ұшыраған автокөлік жарылды. Қас пен көздің арасында отқа оранған темір тұлпардан шыға алмаған жүргізушісі тірідей жанып кеткен деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ.
Оқыс оқиға кезінде Ауди көлігі ауыр жүк көлікпен соқтығысқан. Қатты соққыдан көлік бірден отқа оранған. Бірер минут өтпей жойқын жарылыс болыпты.
Өрт сөндірушілер жеткенше көліктің түгі қалмай жанып кеткен. Машинадан шыға алмаған күйі бақилық болған жүргізушінің кім екені әлі анықталған жоқ.
«04.06.2018 ж сағат 22.35-тер шамасында Түркістан қаласы Б. Саттарханов даңғылында жол апаты орын алған. Мұнда Ауди және Foton жүк көлігі соқтығысқан. Апат салдарынан жеңіл көліктегі жүргізуші қаза тапты. Өрт 10 минутта оқшауланып, 20 минуттың ішінде толық сөндірілді. Қазір өрттің шығу себебі анықталуда», — деп хабарлайды ОҚО ТЖД баспасөз қызметі.