Түрік баспасөзі: Қазақстан көшбасшысының тарихи сапары

13 мамыр 2022, 12:14

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға мемлекеттік сапармен баруы жергілікті ақпарат құралдарында осы аптаның басты тақырыбына айналды. Елдегі аса ірі газеттер мен ақпарат агенттіктері, телеарналар мен сайттар сапардың мән-маңызына, бауырлас мемлекеттер арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толып отырғанына тоқталып, серпінді бүгіні мен сенімге толы ертеңін сөз етті. Анкарада қол қойылған құжаттарға жоғары баға берілді. Біз осы сапар туралы түрік баспасөзінде жарық көрген дүниелерге шолу жасауды ұйғардық.

TRT (Түркия радио және телевизиясы) мемлекеттік телеарнасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анкараға келуі мен салтанатты қарсы алу рәсімін, екі ел басшыларының жүздесуі мен делегациялардың келіссөзін тікелей эфирде көрсетті.

Anadolu Ajansı мемлекеттік ақпарат агенттігі Қазақстан Президентінің Түркияға жасаған тұңғыш мемлекеттік сапары екі ел арасындағы сан-салалы байланыстарға тың серпін беретінін атап өтті. Әлемнің 10-нан астам тілінде хабар тарататын ақпарат құралы Қ. Тоқаевтың Қазақстан мен Түркия арасында қол қойылған «Кеңейтілген стратегиялық ынтымақтастық туралы» декларация мен келісімдерге берген бағасына айрықша тоқталды. Агенттік хабарлағандай, Қазақстан басшысы: «Бұл (құжаттар) бауырластығымызды нығайтып, өзара ықпалдастығымызды тереңдететін маңызды қадам. Қазақстан мен Түркия Еуразия кеңістігінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісіне ерекше мән беріп отыр», – деді. Сондай-ақ Қ.Тоқаев әлемдегі геосаяси ахуал шиеленіскен қазіргі жағдайда маңызы арта түскен Транс-Каспий халықаралық тасымал бағытының әлеуетін пайдалану екі елге де тиімді екенін тілге тиек етті.

Türkiye газеті Түркияның Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын хабарлады. Басылымда президент Режеп Тайып Ердуанның осыған орай білдірген пікірі жарияланды. Онда «Қ.Тоқаевтың Жаңа Қазақстан құру жолындағы қажыр-қайраты зор құрметке лайық. Біз осы бағытта жүргізіліп жатқан реформаларды жан-жақты қолдаймыз» делінген. Газет қос президенттің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Ердуанның «Қазақстан – біздің Атажұртымыз, ал Түркия – Қазақ бауырларымыздың өз үйі. Яхия Кемал Баятлы Фуат Көпрүлүге «Сен жүзіңді Ахмет Йассауиге бұр. Біздің түп-тегімізді сол төңіректен табасың деп айтқан деседі. Йассауи бабамыздың жаққан шырағы бүгін де біздің жолымызға жарық береді» деген сөзін келтірген.

Akşam газетінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға сапары барысында жүргізілген келіссөздерде екі ел арасындағы экономикалық байланыс жан-жақты талқыға түскені баяндалды. Әсіресе, көлік тасымалы, құрылыс, қорғаныс өнеркәсібі, ғылым мен технология сияқты салалардың көкжиегі кең. Басылым жазғандай, сауда-саттық көлемі былтыр 5,3 млрд доллардан асты. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 58 пайызға артық. Ендігі меже – осы көрсеткішті 10 млрд долларға жеткізу. Бұған әлеует те жеткілікті.

Mılliyet мемлекет басшысының Анадолы еліне баруын «Kazakistan Liderinden Türkiye`ye Tarihi Ziyaret» (Қазақстан көшбасшысының Түркияға тарихи сапары) деген тақырыппен жариялады. Басылым сапар барысында түрлі салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған 15 құжатқа қол қойылғаны туралы хабарлады.

ANKASAM (Анкара дағдарыс және саясат зерттеулері орталығы) сайты айтулы сапар қарсаңында белгілі тарихшы, профессор, журналист Дархан Қыдырәлінің «Yeni Kazakistan: Cumhurbaşkanı Tokayev ve Uyguladığı DışPolitika» (Жаңа Қазақстан: Президент Тоқаев пен сыртқы саясаты) атты сараптамалық мақаласын жариялады. Мақалада Қаңтар қасіретінен кейін Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстан құру жолындағы реформалары мен еліміздің қазіргі алмағайып әлемде сыртқы саясаттағы сындарлы ұстанымы баяндалған.

Hürriyet газеті Түркия президентінің резиденциясы – Бештепеде (Бестөбе) Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ердуанның үстел теннисін ойнап жатқан суретін жариялады. Басылым бұл көріністі «Жүздесудің шырайын келтірді» деп сипаттады.

Sondakika.com сайты TUSAŞ (Түрік әуе және ғарыш өнеркәсібі акционерлік қоғамы) компаниясы мен «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы арасында келісімге қол қойылғанын хабарлады. Құжатқа сәйкес, түріктердің әйгілі ANKA ұшқышсыз әуе аппаратын Қазақстанда бірлесе өндіру жүзеге асырылады. Бұл осы әуе құралын Түркиядан басқа елде шығаратын алғашқы өндіріс ошағы болғалы тұр. Сайт, сондай-ақ цифрлық даму, инновациялар және әуеғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің Trendyol орталығына барып, осы елдегі ең ірі e-export платформасының қызметімен танысқанын жазды.

Срайыл Смайыл,
шолушы

27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр
14 ақпан, 15:49
«Сізде болады. Бізге болмай ма?»
01 ақпан, 11:05
Тумысы бөлек тұлға