Қымбат көлік сатып алмақ болған алматылықтар бірінен соң бірі алданып жатыр. Атағы дардай «Тойота сити» орталығының менеджерлері алаяқтық жасады деген күдік бар. Қазірдің өзінде алданып, сан соққандардың саны 13 адамға жетті. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Құлжа тас жолының бойында орналасқан атағы дардай «Тойота сити» компаниясының ғимараты осы. Қазір салонға қымбат көлік іздеушілермен қатар, не көлігін, не ақшасын қайтара алмай құр алақан қалғандар да жиі келеді. Солардың бірі Ақылбек Мұқаметшеұлы. 5 сәуірде осы кеңсеге келіп «Тойота ланд крузер» көлігіне тапсырыс берген. Менеджер, таңдаған көлігі 9 күннен соң жеткізілетінін айтып, 22 миллион теңгесін қолма-қол төлеткен.
АҚЫЛБЕК МҰҚАМЕДШЕҰЛЫ, зардап шегуші:
– Ойымда ештеңе болған жоқ. Енді базарға немесе барахолкаға келіп отырған жоқпын ғой. Үлкен организация аты сыйлы елге. Ел білетін организация. Содан сендім де ақшаны бердім.
Түсіне дейін таңдап кеткен көлігін ойша қиялдап айтқан күні келгенінде не баяғы менеджерін, не көлік, не ақшасын таппапты. Кеңсе басшылары «кешіріңіз, сіз алдандыңыз» деп шығарып салған.
АҚЫЛБЕК МҰҚАМЕДШЕҰЛЫ, зардап шегуші:
– Ол кісіге айттым. Қалай сонда деп. Келісім шартта оригинал печать тұр. Бізде менеджерлердің бәрінде оригинал печать бар дейді. Сонда қалай? Келісімшарттар үшін печать ол біреу-ақ болу керек заң бойынша.
Жәбірленушілер аяқтары жеткен жерге дейін барып, құқық қорғау органдарының табалдырығын қанша тоздырса да, еш нәтиже шықпаған. Келісімшарт авто салонның ішінде жасалғанымен, компания басшылығы өздеріне шаң жуытпайды.
ДАСТАН ЖАҚЫНОВ, «Тойота сити» орталығының заңгері:
– Біздің компанияға қатысты алаяқтық фактінің болғанын растаймыз. Тергеу құпиялығына байланысты басқа ақпарат бере алмаймын. Біз өз клиенттеріміздің алдында өз міндеттерімізді орындап келдік. Орындай да береміз де.
Элиталы салонның бұрынғы қызметкерлерінің үстінен қазірдің өзінде 13 адам арыз түсірген. Және әлі де көбеюі әбден мүмкін.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:
– Тергеу өндірісінің барысында міндетті түрде кінәлі адамдар анықталып, ол заң бойынша жауап беретін болады. Әлде де қылмыстық өндіріс кезінде басқа да жәбірленушілер келуі мүмкін деген болжамды біз жоққа шығармаймыз.
Полицейлер шағым қалдырғандардың арызы қаралады, қылмыскерлерге шара қолданылады дейді. Алайда, жәбірленушілерде заң жәбір көргенді емес, мұртын балта шаппай отырған «Тойота ситиді» қорғай ма деген күдік басым.