Топырағы құнарлы немесе егін өспейтін алқап

13 мамыр 2016, 20:12

1

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты Қарақамыс ауылында жүзден астам шаңырақ түтін түтетіп отыр. Топырағы қандай құнарлы. Бірақ, өкінішке қарай, бірде-бір ауыл тұрғыны Жер-Ананың игілігін көріп отырған жоқ. Ақтылы бидай өсірмек түгілі, үйдің жанынан қарға адым жерді қоршап, көкөніс өсіруді де білмейді. 

Кеңес өкіметі келмеске кеткен кезеңде жетпіс жыл бойы жиналған ортақ байлық ұстағанның уысында, тістегеннің аузында кеткен. Мүлік бөлістің өзі қызық болды ғой. Кейін ауыл адамдары анекдот тәрізді айтып жүретін. Мысалы, Өсербайға «К-700» тракторының моторы тисе, одан еңбек өтілі 12 жыл кем Талдыбайға жаңағы трактордың үш доңғалағы тиесілі екен. Ал төртінші доңғалақ кеңшарда үш жарым жыл күзетші болып істеген Қонысбайдың еншісінде. Енді жұмыс істеп көр. Моторсыз қайда барасың. Жалғыз доңғалақтың иесі Қонысбайдың айтқанына Өсербай өлсе көне ме? Ақыры жарым ауыл бетіне қарап отырған, жекешелендіру деген жебірден ғайыптан тайып аман қалған тракторды сатып жіберіп, ақшасын пышақ үстінде бөліп алды. Өзі де енді-енді жамбастай жығылайын деп тұрған, соқа түгіл қара басын әзер сүйретіп жүретін көксау трактор болатын. Арзанға кетті. Ел жұмыссыз қалды. Қонысбай қалаға көшті. Ауылға бір барғанында Өсербайдың сұрамасы бар ма:
– Қонысбай, қалада жүрсің ғой, осы қышыма деген ауру қауіпті дерт пе?
– Саған ештеңе етпейді, баяғыдай күні-түні егін егіп жатқан жоқсың, қолың бос, қасып отыра бер, – деген Қонысбай.
Сөйтіп, баяғы К-700-тың кегін бір қайтарған.
Кеңшар тарап, егін екпейтін болған соң, ел ішіндегі бірлі-жарым пысықтары шаруа қожалықтарын құрып, өз қотырларын өздері қасуға тырысты. Бірақ қолдан келмеді. Себебін таратып айтып көрелік. Талдыбай 120 гектар жер алған. Қисық мүйіз қара сиырын сатып, тұқым алды. Егуге «Беларусь» тракторы бар. Ал шауып, бастырып алатын комбайны жоқ. Егіні шығуын шыққанымен, көрші ауылдардағы өзі тәрізді шаруа қожалықтарының комбайндарының босауын тосты. Қас қылғандай олар да босай қоймады. Көптен жөндеу көрмеген көнекөз комбайндар болатын. Талдыбай күткенмен, күз күте ме, Арқаның ақ жауынының соңы ақ қарға ұласып, кереқарыс масақ біткен қайран егін қар астында қалды. Қызығын сол жылы ауылдың жылқысы көрді.
Шолақөзек ауылының тумасы Есімжан Қоқанов «Біз жеріміз болғанымен, оны игеруге қарымымыз қаптал жетпейді», – дейді. Кеңес өкіметінен кейін көршілес ауылдарда шаруа қожалықтарын құруға талпыныс жасағанын білесіздер ғой. Бір кеңшарға қараған төрт ауылдан қырыққа жақын үміткер шықты. Қазір соның біреуі де қалған жоқ. Өйткені, олардың ешқайсысы сол уақытта техника ала алмады. Болашақ егіннің есебінен тұқымды қарызға алды. Оны екі жарым есе қылып қайтарды. Егін шыққан жылы баға болмады, ал баға болған жылы шаруа қожалығының қамбасында бидай жоқ. Жоқ нәрсенің қымбат, көп нәрсенің арзан болатыны белгілі ғой. Ендігі арада тек жалға беріле қалса, жерімізді бүлдірмеу жағын ойластырған жөн.
– Өткенде бір телеарнадан Ресейдің Қиыр Шығыс аймағында қытайлардың көкөніс егеміз деп химиялық тыңайтқыштарды шамадан тыс көп қолданып, жерді бүлдіріп жатқандығын көрсетті, – дейді Талдыбай, – олар жылыжай салып алады екен де, көбірек өнім өндіру үшін тыңайтқышты, оның ішінде зияны көбін сіңіреді екен. Атасынан қалған жер емес қой, несін аясын. Сондықтан, Есімжанның айтқаны дұрыс, бақылаудың көбірек әрі қатаң болғаны жақсы. Содан соң олардың жергілікті жерде неке қиюына шектеу жасау керек. Әйтпесе, жергілікті жерде шаңырақ көтеріп, мидай араласып кетсе, орнығып та қалуы мүмкін ғой.
Осы облыстың Тайынша ауданына қарасты Мәдениет ауылында соңғы он жылдан бері егін егілген емес. Кеңес өкіметі кезінде жоспар қуалап, үйдің табалдырығына дейін жыртқан. Қазір сол дала алабота мен қурай өсіп, тусырап бос жатыр. Егін егілмеген соң ауыл адамдарына өте қиын. Егер егін егілсе, жер үлестеріне тиісті пайларын алар еді. Малға беретін сабан, құсқа беретін жем болар еді. Ауылда қол қусырып қарап отырған жұртқа жұмыс болар еді.
– Ауылдың адамдары малдың төлімен ғана күн көріп отыр. Сүт-майын апарып сатуға базарлы жер алыс. Апарған шығыныңды ақтамайды, – дейді ауыл тұрғыны Совет Құлжанов. Оның айтуынша, осыдан 20 жыл бұрын шаруа қожалықтары құрылып, тырбанып тіршілік етпекші болған. Бірақ егін шаруашылығы оңтүстікті қайдам, солтүстікте қауіп-қатері көп сала ғой. Диқандар алдымен ауа райына тәуелді, содан соң материалдық-техникалық базаға. Күнін әзер көріп отырған ауыл адамдары енді арада жүз жыл өтсе де жермен жұмыс істей алмайды. Оған кәміл сеніңіз. Қазір бірнеше бағдарлама бойынша мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Бірақ оны алу үшін кепілге қоятын жылжымайтын мүлік керек. Банктер ауылдың үйлерін, қора-қопсысын кепілге қойдырмайды. Егер осы ауылдың бәрін түгел жинап қойсаңыз, жарты трактордың құнына жетпес еді. Оларды да түсінуге болады. Ертеңгі күні қайтарым тетігі болу керек қой. Осы жерде мынандай есеп шығарып көрелік. Мысалы, шаруа қожалығының 100 гектар жері бар делік. Жүз гектар жерді игеру үшін пәленбай мың долларға К-700 тракторын, комбайнды сатып ала алмайды ғой. Сатып алған күннің өзінде жаңағы техникаға салған қыруар қаржысы жыл он екі ай бойы айналымға түспей босқа тұрады. Егер ондай мүмкіндігі болса, шығар-шықпасы белгісіз егін еккеннен сауда істегені әлдеқайда тиімді. Өйткені, құны қымбат техника егістік жер аз болғаннан кейін көктемде бес күн, күзде бес күн пайдаланылады. Қалған уақытта қаңтарылып бос тұрады. Сондықтан, менің ойымша, ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, ірілендіру керек. Сонда ғана мемлекет тарапынан берілетін субсидияны, жеңілдетілген бағамен босатылатын жанар-жағармайды, ең бастысы, техниканы алуға болады.
Бос жатқан жер көршілес Ақмола облысында да көп. Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Нариман Төлеповтің айтуына қарағанда, өткен жылы 339,9 мың гектар жердегі 102 жер телімі тексеруден өткізілген екен. 97 жер телімінде заңбұзушылық орын алғандығы анықталған. Ал 2012-2014 жылдары жерді түгендеу жүргізіліп, нәтижесінде 1100 гектар ауыл шаруашылығы алқаптарының пайдаланылмай жатқандығы белгілі болған. Осы аралықта 257 мың гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылған. Оны айтасыз, кепілдікке қойылған 104,8 мың гектар да егін егілмей бос жатыр. Осының бәрін игерсе, игілігі ел кәдесіне жарамай ма.
Ауыл адамдарының көкейінде жүрген көп сауалдардың жауабын жіктей келе ұққанымыз, жалғыздың жолына береке бітпейтіндігі. Егер өзің еге алмасаң, онда жалға бергеннен басқа жол жоқ. Ата-бабамыздан қалған ұлан-байтақ даланың игілігін көрудің бірден-бір тиімді тәсілі осы.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ақмола және Солтүстік
Қазақстан облыстары

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?