Тәуелсіздік тұғыры, елдіктің ертеңі

12 тамыз 2022, 11:09

Тіл – мемлекеттің тірегі, тәуелсіздіктің баянды қазығы. Тілі жоғалған халық ұлт ретінде жылдам жұтылып кетеді.

Біз белгілі тіл жанашыры, ақын һәм сазгер, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері, Халық мұғалімі, Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Талғар аудандық филиалының меңгерушісі Камнұр Тәлімұлымен сұхбаттасып, тіл саясатын дамыту, қазақ тілін реформалау мәселесіне қатысты бірқыдыру сауалдарымызды қойдық.

Jas qazaq: Өзіңіз басшылық жасап отырған орталық қашан құрылған және оның қазіргі тынысы туралы қысқаша әңгімелей кетсеңіз.

Камнұр Тәлімұлы: Біздің бұл тіл үйрету орталығымыз әу баста 2007 жылдың сәуір айында, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарайтын «Талғар аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталығы» болып ашылған еді. Сол оқыту орталығының тізгінін алғашқы қолға алған күннен бастап, ең бірінші кезекте аудан мен қала аумағындағы барлық мемлекеттік қызметшілерді курсқа тарттық. Нәтижесі жаман болған жоқ. Себебі ол жылдары дәл бүгінгі күндегідей емес, мемлекеттік тілге деген сұраныс пен ұмтылыс та, құлшыныс та анағұрлым алда еді.

Ана тілімізге деген мейлінше ықылас пен құрмет бар болатын. Небәрі 150-ге жуық аудандағы мемлекеттік қызметшілерді ғана емес, барлық бюджеттік мекеме қызметкерлері мен ниет білдіруші жекеменшік кәсіпорындар мен жеке тұлғаларды да қамтып, бастауыш, жалғастырушы, орта, ортадан жоғары, жоғары деген деңгейлерде бірнеше топтарды оқытып, нәтижесінде анықтама, сертификат пен куәліктерін тапсырып, қазақ тілінен білімдерін көтердік. Сонымен қоса, облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен аудандық мәдениет бөлімдерімен жоспарды бірлесе жасай отырып, аудан мен облыс көлеміндегі тілге қатысты барлық мәдени іс-шараларды бірге атқарысып, сан түрлі жарыстар мен конкурс, байқау шараларына да жетекшілік жасады.
Алайда бұл жақсы үрдісіміз орта жолда үзіліп қалды. «Кейіннен ашылған мекеме ең алдымен қысқаруға тиіс» деген қағидаға сүйеніп, 2014 жылғы тіл оқыту орталығы қысқартуға түсіп жабылды. Бұлай айтып отырған себебіміз, қысқартпауға да болатын еді. Өйткені тіліне жанашырлық танытқан көп аудандар орталығын сақтап қалды. Ай мен күннің аманында тіл оқыту орталығының жабылып қалғандығын намыс көріп, ең болмаса, аудан жұртшылығының ой-санасынан туған тілге деген сүйіспеншіліктің сәулесі өшіп қалмасыншы деген ниетпен «Тіл-Ғұмыр» деген жеке орталық ашып, 2019 жылға дейін табаны күректей бес жыл бойы бір тиын жалақысыз жұмыс жасағанымызды да аудан жұртшылығы жақсы біледі. Осы тұста айта кету керек, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы мен аудандық мәдениет үйінің сол тұстағы директорына айтатын алғысымыз шексіз. Себебі ол кісілердің тілге деген ерекше құрметі болғандықтан да, бізден бір тиын қаржы талап етпестен, орталық мәдениет үйінің ғимаратынан орын берді. 2017 жылдан бастап еліміз бойынша «Латын әліпбиі негізіндегі жаңа қазақ алфавитіне көшу» мәселесі жиі талқыланып, күн өткен сайын қарқын ала бастағанын білеміз. Осы тұста Алматы облысының сол кездегі әкімі Амандық Баталов басқа өңірлерде штаттық кестелерді біріктіріп, барынша қысқарту жүріп жатқанына қарамастан, Алматы облысынан материалдық-техникалық базасы жаңаша құралдармен жабдықталған кемінде екі жарым немесе үш штатымен бірден он орталықтың ашылуына пәрмен берді. Міне, сөйтіп біз «Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Талғар аудандық филиалы болып қайта құрылдық. Сөйтіп 2019 жылдың тамыз айынан бастап іске кірісіп жатқан орталықтың жұмысы бұрынғысынан бірде кем емес, анағұрлым ауқымды әрі пәрменді

жүргізілуде.
Орталығымыздың негізгі қызметі – жаңа әдістер мен инновациялық технологиялардың негізінде мемлекеттік бюджеттік қызметкерлер мен өзге де тұрғындарға мемлекеттік тілді оқытуды негізге алып жұмыс істейді.

Негізгі мақсатымыз – «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңын, тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру. Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметін дамыту. Аудармашылар мен іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізетін мамандарға, қазақ тілін үйрететін үйірмелерге көмек қолын созып, пайдалы кеңестер беріп отырады.

Jas qazaq: Тілді дамыту, өркендету жолында ашылып жатқан бағдарламалар да, басқа да шаруалар жетерлік. Мемлекеттің қолдауы да бар. Істі жүзеге асыру механизмі дұрыс жүріп келе жатыр ма?

Камнұр Тәлімұлы: Сұрағыңызға мәймөңкелемей бірден тура жауап берейін. Мен осы тіл маманы әрі көп жылғы тіл жанашыры ретінде айтсам: «Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген, Іс біте ме, сүйемін, күйем деумен» деп Мұқағали ағам айтпақшы, осы тілді «дамытамыз», «өркендетеміз» деп құр даурығып бос сөзді ұрандағанды ұнатпаймын.

Ең бірінші ана тілін жетік меңгермеген қазақтар өзіміз дұрыс сөйлеп үйренейікші. «Тілімізді дамытамыз» деген тіркестің өзі дұрыс емес. Біздің тіліміз, құдайға шүкір, онсыз да дамыған тіл. Сол дамыған тілімізді дарыта алмай жатқан жоқпыз ба? Әсіресе, ана тілін сол анасының уызына қанбаған, әлжуаз ұрпақтың ойына, бойына дарытып, санасына сіңіре алмай келе жатқан келеңсіздігімізді мойындап, сол кемшілікті жою жолында күрес жүргізуіміз керек.

Академик-жазушы әдебиетіміздің классигі Ғабит Мүсіреповтің «Халқының жүрек отын сөндіріп, ой жарығын өшіріп тастаған хандарға рахым болмау керек. Ана тілін ұмытқан адам – өз халқының өткеніне де, болашағынан да қол үзеді» деген қанатты сөзі қай-қайсымыздың болса да ойымыздан өшпей, санамызға сәуле шашып тұруы керек.

Jas qazaq: Бұдан былай бірінші сыныпта бала тек бір тілде ғана оқиды. Осыған орай көзқарасыңыз қалай? Құптайсыз ғой?

Камнұр Тәлімұлы: Әрине, құптаймын. Құптағанда да қос қолымды көкке көтеріп қуана құптаймын. Ол әуелден тарихи да табиғи талап ішкі сұраныс бойынша солай болуы керек. Кеңес дәуірінің өзінде шет тілі тек бесінші сыныптан бастап қана, неміс, француз, кейіннен ағылшын тілдері оқытылатын.

«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол ақынның білімсіз бишарасы» – деп дана Абай айтпақшы, оқушыларымыздың ұлттық ойлау қабілетін өсіріп, ой-санасын тұнытып барып, бөгде тіл мен бөтен сөздерін бесінші сыныпты бітіргеннен кейін үйретсек те, ештеңеден құр қалмаймыз. Бүкіл әлемдік деңгейдегі білім стандартында да солай.

Ең алдыңғы дамыған елдің қатарынан орын алған жапон елінде де бесінші сыныпқа дейін бірде-бір тіл оқытылмайды. Әуелі тіл тұрмақ баланың басын қатыратын неше түрлі пәндер де оқытылмайды екен. Онда алғашқы төрт жыл бойында жапонның тілі, жапонның салты, жапонның дәстүрі, жапонның тарихы оқытылады. Міне, осыдан Жапон халқының қай саладан болса да, қатардан қалғанын көрген жоқпыз ғой.

Осы мәселенің төңірегінде ой қозғағанда, өзіміздің замандасымыз, ұлты үшін өзгеше қызмет істеген белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың «Қазаққа қатысты мәселелердің шешімін таппай тұрып, шын мәнінде тәуелсіз, демократиялық құқықтық мемлекет құру мүмкін емес. Қазіргі заманғы ұлт ретінде өзін сақтап қалу үшін де қазақ мемлекеттігі керек. Ұлттық даму – мемлекеттің қандай идеология ұстануымен байланысты» деген сөзімен дара байлам жасасам деймін.

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр
14 ақпан, 15:49
«Сізде болады. Бізге болмай ма?»