jasqazaq.kz

Тәрбие құралы Тик-Ток боп тұр

21 қантар 2022, 11:52

Тарихқа «Алматы трагедиясы» деген атпен енген қаралы күндер артта қалды.
Бәріміз Тәуелсіздік тағдыры қыл үстінде тұрғанын көрдік. Құрбандықтар да аз емес. Енді болашағымыз қалай болады?

Қазір қоғамда «Президентті қолдайық» деген пікір бар. Бұл дұрыс. Бірақ қалай қолдаймыз? Президентті құр сөзбен емес, нақты іспен қолдау керек.

Біз Ұлттық идеология мен Ұлттық тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алдық. Мұны ашық мойындау қажет. «Менің мемлекетім, менің Қазақстаным» деген отансүйгіш сезімді терең орнықтыру орнына қалайда ақша табу, тез баю, тірліктің бәрін ақшамен өлшеу ұғымдарын алға шығардық. Бүгінгі жастар бабалардың «тәк, тәйт» деген тыйымдарымен емес, негізінен «тик-ток» арқылы тәрбиеленіп жатыр.

Қоғамда жанашырлық, мейірім, қамқорлық, аяныш, обал мен сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізет орнына жаппай қатыгездік, аяусыз озбырлық, алдап, арбау, өтірік, өсек, мақтаншақтық, жалбақтау мен жарамсақтық орнықты. Еңбек ету, адал мал табу, Отанға, елге, МЕМЛЕКЕТКЕ адалдық, қоғам алдындағы жауапкершілік, Әділет, Ар, Ұят ұғымдары кейінге ысырылып қалды.

Өз ордасын өзі талқандайтын, өз мүлкін өзі ойранға салатын, бұл әрекеті үшін бір сәт те ойланбайтын қаныпезерлік қайдан шықты? Әкенің сөзін баласы тыңдамайтын, қой дегенді білмейтін, үлкендерден ықпайтын, өз дегендерінен шықпайтын, қыңыр да қырсық, тоңмойын ұрпақ неге көбейді? Елшіл, мемлекетшіл, ертеңшіл толқын қайда? Ұлға дұрыс тәрбие бермесек, Тұлға қалай шығады?

Былтыр Сенатта Ұлттық құндылықтар туралы парламенттік тыңдау өткізілді.

Сенат бес құндылықты – атап айтқанда, тәуелсіздік және тарихи таным, ел мен жер, тіл мен имандылық, ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие, білім мен біліктілік мәселесін қазақ қоғамының басты қағидаттары ретінде күн тәртібіне шығарды. Үкіметке, тиісті министрліктерге ұсыныстар берді. Осы ұсыныстарға қайта назар аударып, үкіметтің барлық мүшесін парламенттік тыңдау материалдарымен таныстырып, оларды жүзеге асыру бойынша шұғыл шаралар қабылдау маңызды.

«Еларна», «Тәлім ТВ» арналарын жасөспірімдер мен жастар арнасы етіп қайта құруды ұсынамын. Бізде «Балапан» арнасынан басқа 10-18 жасқа дейінгі өскелең ұрпаққа арналған бірде-бір телеарна жоқ» деген еді Президент! Осы жастағы ұрпақ технологиялық, индустриялық, инновациялық саясаттан мүлдем хабарсыз.

Мәдениет саласына да жаңару, тазару, құндылықтарға айрықша мән беретін уақыт жетті. Қазақтың «Ала жіптен аттама», «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген даналығын жастарға бала күннен бойға сіңірудің амалын жасау керек.

Надандық – білімсіздіктен шығады. Абай «Адамзат баласының қас дұшпаны – надандық» деген. Абай «бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» деп тәрбие өзегін көрсетіп кеткен еді. Білім беру саласында содан артық бағыт бар ма? Қоғамда «Кітап культін» білім министрлігі жасауы тиіс!

Кең-байтақ Қазақстанда жұмыссыз қазақ болмауы тиіс! Ешқандай нәтиже бермейтін бағдарламалардың қажеті жоқ. Ұлттық бағдарламалар жұртқа жақын, елге түсінікті етіп жасалсын.

Жас ұрпақты технология жағынан озып кеткен Жапония мен Корея қалай тәрбиелеп отыр? Балаларға телефон ұстауға тыйым сала алмаймыз. Ұстама десең де ұстайды. Қазақстанда қаншама ІТ маман бар. Неге солардың басын жинап, смартфонда балалар мен жасөспірімдерге арналған интеллектуалды ойындар мен мемлекеттік тілде білім беретін бағдарлама әзірлемеске?
Ешкім бізге жаңа мемлекет құрып бермейді! Бізге іргесі берік қоғам керек! Жаңарған Қазақ Елі керек! Осыны күн сайын есте ұстау керек!

Нұртөре Жүсіп,
Сенат депутаты

(Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалынан)

21 мамыр, 18:30
В Туркестане обсудили итоги саммита и экономику региона
21 мамыр, 18:28
Данияр Әлиев: Ұлттық мәдениет – ұлттың тарихи жадын сақтайтын рухани құндылық
21 мамыр, 16:56
Жанат Шардарбекова: Библиотека - культурное пространство, объединяющее представителей разных поколений
21 мамыр, 16:46
Әділ Әуелбеков: Равенство в качестве образования — главный показатель гармоничного развития
21 мамыр, 16:15
Қуаныш Бақытұлы: Алматы облысы - инвестиция тартуда белсенді өңірлердің бірі
20 мамыр, 21:15
Алтын Орда мұрасы: әлемнің жетекші ғалымдары Астанада Қарар қабылдады
20 мамыр, 15:12
Алматыда жылу желісін жасанды интеллект бақылайды
20 мамыр, 14:05
Туркестанская область усиливает инвестиционную привлекательность
20 мамыр, 13:59
Туркестан: Теплицы обеспечивают 45% потребности страны в межсезонный период