Өңірлік «MIRAS» кеңесінің кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы және АЭС құрылысының артықшылығы және қоршаған ортаға әсері туралы мәселе талқыланды.
Кеңес төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ербақыт Амантай Жолдау жүктеген міндеттерге және нақты міндеттерге тоқталды.
Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Татваев АЭС салудың маңызы, оны салу қажеттілігі бұрыннан-ақ пісіп-жетілгені туралы баяндады.
«Болашақты ойлайтын болсақ, атом электр станциясы бізге өте қажет. Бүгінде қарсылық білдіріп, сақтық танытып жатқан адамдар баршылық. Жалпы, бір жаңашыл ұсыныс айтылса, оған қарсы шығушылар бірден табылады. Алысқа бармай-ақ қояйық, осыдан бірнеше жыл бұрын Петропавлдағы ескі, шірік ағаштар кесіле бастағанда, оған да қарсылық білдірушілер қатары аз болған жоқ. Соның орнына отырғызылған пирамида пішіндес теректер бүгінде қаламызға сән беріп тұрған жоқ па? Ал көше бойындағы жасыл желек ше? Оны да барлық тұрғындар бірден қабылдай қойған жоқ. Осындай сәтте «Атың шықпаса, жер өрте» деп, хайп үшін әлеуметтік желіде теріс пікір жазатын адамдар көп. Өзім энергетик болмасам да, АЭС қажеттілігін түсінемін.
Себебі, қарапайым адам ретінде айтарым, кейде өзім тұратын «Бірлік» шағын ауданында электр жарығы және байланыс болмай қалады. Осылай күн кеше берсек, замана көшінен кеш қаларымыз сөзсіз», — деді Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Татваев.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің құрметті профессоры, география ғылымдарының кандидаты Мүкарам Тайжанова атом электр станциясының экологияға әсері жайлы баяндап, айтарлықтай зияны жоқ екені туралы әңгімеледі.
Оның түсіндіруінше, бүкіл әлемде климаттың өзгеруіне парниктік газдардың ауаны ластауы себеп болған. Ол көмірден бөлінеді. Елімізде көмір қолданатын станциялар өте көп. Соның салдарынан Қазақстан бойынша ауаға миллиондаған тонна көмір қышқыл газы шығарылады. Бұған қоса азорт күкірті, метан тағы бар. Елімізде күн сәулесінен, желден, судан алынатын энергия – алты-ақ пайыз. Ғалым бүгінде елімізде электр қуатының 70 пайызымен көмір станциялары қамтамасыз етіп отыр деген дерек келтірді. Олардың басым бөлігі әбден ескіріп, тозығы жеткен. Оған Екібастұздағы және Петропавлда орын алған жағдай дәлел. Ал Францияда елге қажетті энергияның 70 пайызы атом электр станциясынан алынады.
«Қазақстан қол қойған Париж келісіміне сәйкес ауа ластаушыларды азайту туралы міндеттеме алған. Соған сәйкес ауаға шығарылатын зиянды эмиссияларды 15 пайызға төмендетуіміз керек. Осы талап орындалмаса, елімізге қомақты айыппұл салынады. Ауаның ластануын тексеретін арнайы комиссия бар. Көмір станцияларын пайдалана берсек, талапты қалайша орындамақпыз? Сондықтан атом электр станциясы жасыл энергияның негізгі көзі болып табылады», — деді Мүкарам Мырзатқызы.
Тіпті электр қуатының жеткіліксіздігі себебі жүзеге аспай жатқан инвестициялық жобалар да бар екен. Мүкарам Тйжанова Солтүстік Қазақстандай аграрлық өңірге электр қуаты тіпті қажет екеніне тоқталды. Жылыжайлардың қалыпты жұмыс істеуі үшін де жарық қажет деген дәйек келтірді. «Электр қуатының тапшылығы жыл сайын 3 пайызға артуда. Экономика, экология, энергетика – қай тұрғыдан алсақ та, елімізге атом электр станциясы қажет деп санаймын. Оның үстіне Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде – бірінші, уран қоры бойынша – екінші орында. Бүкіл жер жүзіндегі уранның 40 пайызы Қазақстаннан шығады», — деді Мүкарам Мырзатқызы.
Қазақстанда салынатын АЭС – 3+ буынына жатады. Яғни, оның құрылысына бөлінетін қаржының 40-60 пайызы қауіпсіздік мақсатына жұмсалады. Балқаш көліне де ешқандай зиян келтірілмейді деп сендірді ғалым.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы Жазира Көкбасқызы атом энергетикасы саласына қажетті маман даярлау тақырыбын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында 17,9 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Атом өнеркәсібіндегі студенттердің саны – 9000. Биылғы оқу жылында атом өнеркәсібі мамандықтарына бес мыңнан астам грант бөлініпті. Бүгінгі күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті «Ядролық физика», «Ядролық энергияға арналған материалдар», «Ядролық физика және атом энергетикасы» бойынша маман даярлайды.
«Орташа алғанда, атом электр станциясын пайдалану кезеңінде жоғары және орта арнаулы білімі бар шамамен 2000 қызметкер қажет. Осы мақсатта болашақта атом энергетикасын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Кадрларды даярлау жоспары жеке әзірленіп, қабылданып, оның негізінде қажетті мамандар даярланатын болады. Қазірдің өзінде атом саласына кадрлар даярлау мәселесіне үлкен көңіл бөлуінде. Қолданыстағы келісімдер мен меморандумдар аясында кадр даярлау саласында Шәкәрім атындағы университет, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Техникалық университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университеті, Назарбаев Университеті және басқа да қазақстандық ЖОО-лармен ынтымақтастық жүргізілуде», — деген деректер келтірді.
«М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Аризона жоғары орнымен ынтымақтастық аясында атом энергетикасы саласына қажетті маман даярлауға мүмкіндік бар ма?» — деген сұраққа оң жауап берілді. Бұл жоғары оқу орнында «Радиоэлектротелекоммуникация» мамандығы, жоғары білікті радиотехник мамандар бар көрінеді.
Қорыта айтқанда, Атом электр станциясы еліміздің энергетика, экономика саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге септігін тигізбек.
Роза ШӘКЕНОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы.