Сыздауық

17 қыркүйек 2021, 12:13

Қоғамда кең ауқымда талқыланып жатқан жайт – Назым Қызайбай мен Ангелина Лукас арасындағы кәдімгі жекпе-жек емес, ақпараттық айқас. Екі тараптың да сөзін сөйлеп, жалының жығылмауына себепкер болушы екі жақ та өз дәлел-дәйектерін ұсынып-ақ жатыр.

Дау неден тұтанды? Қазақстан чемпионы, әлем кубогының иегері Ангелина Лукастың Президент Қ.Тоқаевқа жазған мәлімдемесінен кейін лап ете түсті. Ангелинаның айтқан уәжіне сүйенсек, «ұлттық құрама сапында оған Назым Қызайбай күн көрсетпейді екен, тіпті екі дүркін әлем чемпионатының кесірінен құрамадан да шеттетіліпті».

Әрине, мұндай тартыста әркім өз көрпесімен қымтануды көздейді. Бокс федерациясындағы жауапты тұлғалардың да айтар уәжі бар. Мәселен, федерацияның атқарушы директоры Марат Мықтыбеков Токио Олимпиадасының алдында лицензиялық турнирге 51 келі салмақта әлемнің екі дүркін жеңімпазы, елімізде әйелдер арасынан шыққан алғашқы әлем чемпионы Назым Қызайбай емес, Ангелина Лукас барғанын айтады. Олимпиаданың жолдамасын олжалай алмаған Ангелинаның «құрамадан мені негізсіз шеттетті» дегені де, Назым Қызайбайдың бөлмесінің алдына тұз ба, шекер ме, әлде химиялық ұнтақ па, әйтеуір ұсақ затты сеуіп кеткенін де арнайы құрылған комиссия мүшелері анықтайды. Даулы мәселеге қатысты тоқтам айту – солардың еншісінде.

Айтпағымыз, қазір базбіреулер жоқ нәрсені бықсытып, арандатудың аранына айдап салуға бейім отыр. «Ангелина Лукасқа қысым көрсетіп жатыр» дегендер де байрағын беліне байлап ақпарат айқасына кірді. Түптеп келгенде, Лукастың ұлттық құрамадан не себепті шеттетілгенін, болмаса Назымның қысым көрсеткені рас па, жоқ «жақтым күйе, жаптым жала ма», оны комиссия қорытындысынан кейін білерміз.

Қазақ еліне екі боксшының да шыққан биігі, жеткен жетістігі ыстық. Назым Қызайбай, тағы қайталап айтамыз, Қазақ елінің бокс тарихында әлем чемпионы атанған тұңғыш қыз. Осы биігіне екі рет көтерілген саңлақ. Қалай құрметтесең де, төбеңе көтерсең де жарасады. Ангелина Лукас та талантты боксшы.

Жалпы Назым Қызайбай мен Ангелина Лукас арасындағы тартыс бір емес, бірнеше мәрте өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде Қарағанды қаласында өтетін Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнирде Назым Қызайбай қола медаль алды, Ангелина Лукас турнир чемпионы атанды. Одан кейін Лукас халықаралық турнирлерде жеңіске жетіп, Азия құрлығы бойынша Олимпиада лицензиясы таратылатын турнирге қатысып, жолдама иелене алған жоқ. Одан кейінгі лицензиялық турнир осы жылдың мамыр айында Парижде өтеді деген. Оған былтыр ел чемпионатында жеңісті сериясын жалғаған Назым Қызайбай баруы тиіс еді. Иә, талассыз Қызайбайдың қызы Парижге барады деп шешілді. Өйткені 2020 жылы өткен Қазақстан чемпионатының финалында Назым Ангелинаны ұтты. Бірақ Франциядағы жолдама үлестіретін турнир пандемияның кесірінен болмай, боксшы қыздардың бағын байлады.

«Қай жеңгенің менікі» дейтін кез емес қазір. Қалай болғанда да, Лукас пен Қызайбай текетіресі біраз жайттың бетін ашып, сыздауықтың соқтасын сыға түскендей. Бауыржан Момышұлы: «Тәрбиелі – тәртіптің құлы, тәртіпке бағынған құл болмайды» дегенді тегін айтқан ба?
Сырттан тон пішкеннен гөрі, өздеріне хабарласып, болған жайтты білмекке қам жасадық. Алдымен Назымның нөмірін тердік. Біз хабарласқан күні (14 қыркүйек) 28 жасқа толған қыз туған күні деп қарбаласта екенін айтты. «Мен Ангелина Лукаспен бірнеше мәрте жекпе-жекке түстім. Үш рет мен жеңдім, екі кездесуде жеңісті оған берді. Тіпті 2019 жылы Сербияда өткен халықаралық турнирде төрешілердің Лукасқа бүйрегі бұрып тұрды. Сол жекпе-жектің бейнежазбасы өзімде сақтаулы тұр».

Одан кейін Ангелина Лукастың нөмірін тердік. Бірақ байланыса алмадық. Жеке бапкерімен де тілдесудің орайы тумады. Алдағы уақытта Ангелина Лукастың да айтар уәжі болса, оқырманға ұсынуға қашанда әзірміз.

 

 

 

Бақтияр Артаев, Бокс федерациясының вице-президенті:

Осыған әкеп соқты

Бокстан Афина Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, осы күнде бокс федерациясының вице-президентті, мемлекеттік жаттықтырушы қызметін атқаратын Бақтияр Артаевты іздедік. Назым мен Ангелина арасында өршіген дау әбден зәрезап етсе керек, хабарласқан себебімізді айтқан едік, сауалымызға жауабын қысқа қайырды.

Jas qazaq: Бақтияр мырза, жалпы бұл мәселе қоғамға кеңінен тарауына Ангелина Лукастың әлеуметтік желіде Президентке жазған ашық хаты себеп болды ма?

Бақтияр Артаев: Осыған өзі әкеп соқтырды. Бұған дейін де біз бірнеше мәрте ескерту жасадық. Спортшыға тән мінезден ауытқып, «өзімбілемдікке» салынды. Жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына барғанда бапкерлерді, спортшыларды камераға түсіріп жариялады. Қит етсе, «Президентке жазамын, басшылыққа айтамын» деп өршеленіп келді. Ешқандай рұқсатсыз, келісім алмастан, түрлі жарнамалық роликтерге де түсті. Соның барлығы жиналып-жиналып, ақыры қоғам алдында қоясы ақтарылды. Біз де қашанғы ыға береміз, шыдамның да шегі бар. Еркелікті де еркіне қоя беруге болмайды. Тәртіп бәрінен бірдей талап етіледі. Бағынбайсың ба, жолың әне.

Jas qazaq: Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Ангелина Лукасты жекпе-жекке баптайтынын, ал сізге «Назымды дайындап әкел» деп шақырту жолдады. Сәрсекбаевтың сауын айтуына не дейсіз?

Бақтияр Артаев: Не дейін, біріншіден, Назым Қызайбайдың жеке бапкері емеспін. Ол қызды қаршадайынан қаршығадай баптап, күтімге алып бабын қайырып, жекпе-жекке салған бапкерлері бар. Жол ортадан килігіп, біреу айтты екен деп айтаққа ере беру жөн емес. Сәрсекбаев Лукасқа бапкер болам десе дайындасын, әуесқойда жолы болмаған екен, кәсіпқой боксқа салып әлем чемпионы атандырсын. Сол күнге жетуіне тілектеспін.

Қуаныш Разақ

Бүгін, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді