SрortFEST Kazakhstan мектеп спартакиадасы өз мәресіне жетуіне сәл қалды. Іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары Бурабайда жиналып, үздіктердің үздігін анықтау үшін бақ сынасуда. Бүгін Балдәурен оқу-сауықтыру орталығында спорт мерекесінің салтанатты ашылуы өтті. Дариға Назарбаева балаларды құттықтау үшін арнайы келген.
«Бүгін Балдәуренде жеңімпаздар жиналып отыр. Қандай әдемі, ақылды, жүздері балбұл жайнаған балалар! Әрқайсыларыңыз өз өңіріңіздің үздігісіздер. Спартакиадаға еліміздің 800 мектебі қатысты, енді сіздер өз мектебіңіздің, аймағыңыздың намысын қорғап келгелі отырсыздар. Ойындар сөзсіз есте қалар, тартысты, думанды боларына сенемін. Спорт бұл – күш, физикалық дайындық, денсаулық, және ең бастысы жеңіске деген ұмтылыс. Қарсыласты ғана емес, өз-өзіңді жеңе білу өнері. Сіздердің қолдарыңыздан бұл келді. Спорт рухы биік, мықты тұлға болуға жігерлендіреді. Ал біздің елімізге бұндай тұлғалар қажет. Қазақстанның болашағы сендердің қолдарыңда. Ал бұл қолдар мықты болуы тиіс» — деді Дариға Назарбаева.
Жобаға барлығы 6000 оқушы қатысқан. Олардың 528-і бүгін Балдәуренде бақ сынасуда. SportFEST Kazakhstan бұл «Коммуникативтік бастамалар мен стратегиялар» Жеке қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының алғашқы спорттық жобасы. Ұйымдастырушылар ауқымды шараны қолға алуға түрткі болған жағдайлармен бөлісті.
SportFEST Kazakhstan жобасы Samruk Kazyna Trust корпоративтік қоры үшін маңызды спорттық жобалардың бірі, себебі осы жобаның арқасында жастардың бұқарал+ық спорт түрлеріне қызығушылығын арттырып, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге ықпал еттік. Республика бойынша 6000-ға жуық мектеп оқушыларын қамтыған бұл жобаның ақтық мәресіне 600-ден астам қатысушы жиналды. Қорымыздың «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асқан спартакиада еліміздің барлық аймақтарындағы жастардың спортпен айналыса бастауына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға көмектесті деп сенеміз», — атап өтті Бекзат Кеңесова, Samruk Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының менеджері.
2017 жылдың күзінде бастау алған «SportFEST Kazakhstan» жобасы бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Ақтық мәрені осыншалықты ауқымды етуіміздің себебі де осы жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мен олардың көшбасшылыққа, жеңіске деген ынтасын ояту», — дейді «Коммуникативтік бастамалар мен стратегиялар» жеке қорының бас директоры Айбек Қазығұлов.
Бұдан бөлек, іс-шараға ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев, Ақмола облысының әкімі Малик Мурзалин, сонымен қатар басқа да мемлекеттік орган мен жастар ұйымдарының өкілдері, қазақстандық спорт жұлдыздары қатысты. Жобаны дәстүрге айналдыру қонақтардың бірауыздан мақұлданған ұсынысындай көрінді.
«SportFESТ Kazakhstan жобасының негізгі мақсаты барынша көп мектеп оқушылары спортқа баулу. Яғни, дене шынықтыруды өміріміздің ажырамас бөлігі ретінде қалыптастыру. SportFEST Kazakhstan жыл сайын дәстүрге айналған күш, жігер, сұлулық пен денсаулық мерекесі болуы тиіс! Осы қалыптан таймаңдар!» — деп атап өтті Дариға Нұрсұлтанқызы.
Естеріңізге салсақ, 31 мамыр мен 5 маусым аралығында «Балдәурен» РОСО-да республикалық мектеп спартакиадасының ақтық ойындары өтеді. Іс-шараға аймақтық іріктеу ойындарынан өткен 8-10 сынып оқушылары қатысып жатыр.
Турнир спорттың алты түрі бойынша өтеді: жігіттер арасындағы футзал, әскери қолданбалы спорт түрлері, шахмат, үстел теннисі, қыздар арасындағы баскетбол мен тоғызқұмалақ.
Спартакиада нәтижелерін 4 маусым күні жобаның ресми сайты www.sportfest.kz –тен көруге болады.