Бірнеше ай бойы қазақстандық жастар үшін арнайы кәіптік бағыт бағдар беру бойынша тренингтер ұйымдастырылды. Бұл Өмірлік таңдау жобасының негізгі мақсаттарының бірі еді – қазақстандықтарға жұмысшы мамандықтардың беделін арттырып, олардың бүгінгі күні маңызды, сұранысқа ие екендіктерін жеткізу. Бүгінгі күні түлектердің көбі гуманитарлық бағыттағы мамандықтарды таңдайды. Бұндай жобаны жүзеге асыруға түрткі болғаны да осы дейді ұйымдастырушылар.
Оқушылар мен олардың ата-аналары үшін тренингтерді кәсіби бағдар курстарынан өткен мұғалімдер өткізді. Сонымен қатар, оқушылар үшін өндіріс кәсіпорындарына экскурсиялар мен еңбек әулеттерімен кездесулер ұйымдастырылды. Мұғалімдер арасында «Жобаның үздік тренері» байқауы өткізіліп, олардың бес жеңімпазы Санкт-Петербург қаласындағы «Иматон» Практикалық психология Институтында ұйымдастыралатын «Топтық және жекелей кәсіби бағдар берудің заманауи әдістері» тақырыбы бойынша оқыту курстарына жолдама алды.
Байқау жеңімпаздары: Момбаева Қаракөз (Шымкент қаласы, №30 мектеп), Машар Ақалтын Сидағалиқызы (Ақтөбе қаласы, №16 мектеп), Андирова Айман Амандыковна (БҚО, Қаратөбе ауданы, Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебі), Кенджебаева Мира Урынбасаровна (Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, №9 мектеп), Серимбаева Данна Тулеубаевна (Павлодар қаласы №19 мектеп).
«Тренердің жұмысының негізі – байқампаздық. Сонымен қатар талдай білу қабілеті. Осы оқыту курсында көптеген ұмыт қалған қасиеттерге жеке тоқталып, бекіттік. Мектеп оқушылары өз келешегін таңдау алдында тұр. Осы жолды бастар алдында ең маңызды міндет – толыққанды өмір сүру үшін қаржы тауып қана қоймай, бастысы өз қабілетін, қызығушылығы мен шығармашылық әл-қуатын іске асыра алатын болашақ мамандығын дұрыс таңдау. Дұрыс таңдалмаған мамандықтың салдары, тек адамның өзіне ғана емес, қоғамға кері әсерін тигізеді. Өзімнің және қала мектептерінде топтар құрып, кәсіби бағдар бойынша тренингтер өттім, қала психологтарына оқыту семинарларын ұйымдастырып, іс-тәжірибеммен бөлістім. Тренинг барысында оқушыларға, ата-аналарға, мұғалімдерге мамандық және оның қажеттілігі туралы, бейімділіктер (қызығушылық, ынта), қабілеттер, денсаулық, ықылас деңгейі мен өзін-өзі бағалау, ата-ананың, отбасының көзқарасы талқыланып және жеке кәсіби жоспар жасауға, мамандық таңдаудағы қателіктер, Қазақстандағы оқу орындары туралы деректер, елімізде қандай мамандар сұранысқа ие, жұмысшы мамандықтары туралы және т.б. түсінік бердім. Тренинг соңында қатысушылар өз ойларымен бөлісті, бойларында сенімділіктің пайда болғанын айтты. Сенімділік – табыстың кілті. Әрине кім ақпаратқа қанық болса, әлем сол адамның
уысында! Мектепте нақты мамандыққа баулитын жүйелі жұмыстың моделі жоқтығынан, соңғы жылдары жұмысшы мамандығын алу – беделді емес деген пікір қалыптасты. Кәсіби білім беруді әр маман өздігінше дайындап, өз біліміне, кәсіби біліктілігіне сай жүргізеді. «Өмірлік таңдау» жобасының кәсіби бағдар жұмысын жүйелеп, жүргізетін үлгі әзірлеп және кәсіби бағдарды меңгерген жұмысшы мамандығының қыр-сырын түсіндіре алатын консультанттар дайындауы – болашақ еліміздің егесі – жастар алдындағы, қоғам алдындағы парыздың өтемі», — дейді Шымкент қаласынан келген мұғалім Момбаева Қаракөз.
Маңғыстаулық Қуаныш Тұрғанбайқызы да бұған қатысты өз ойын білдірді.
«Жоба аясында жасөспірімнің мамандығын таңдауға тереңірек ойланып, ойларының көңіл қалауына өзгергені қуантты. Мамандықты дұрыс таңдай білген маманның, өз болашағына және қоғамға тигізер пайдасы орасан. «Өмірлік таңдау» жобасы бойынша, жасалынған жұмыстардың нақты таңдау жасауда алатын орны ерекше. Сауалнама алынғаннан кейін, бейқам жүрген жасөспірімнің «Өмірлік таңдауға» деген қызығушылық көзқарасы оянып, сауалнама сұрақтарын қайтадан жаттықтырушыдан келіп, алып кетіп жатты. Мамандық таңдау-қоғамдағы басты мәселелердің бірі. Мамандық таңдаушының өзіндік ой пікірі болмағандықтан, ата-ананың ғана ұсынысымен таңдау жасаған қаншама маман, қоғамды ақсатты. Жоба аясында мейлі қойшы, не ғалым бол, туа бітті икемділікте болуы тиіс. «Өмірлік таңдау» жобасы жасөспірімге мамандық таңдауда өзіндік ойын, санасын жетілдіріп, дұрыс таңдау жасауға жол ашады. Алдағы уақыттада қоғам игілігі үшін, жасөспірімдердің дұрыс таңдау жасауына атсалысқанға не жетсін!»
Аталған жобаны «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қоры мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Пресс центр Азия» ҚҚ іске асырады. Жоба аясында барлығы 260 мұғалім-психологтар мен 36 мыңға жуық оқушы қамтылған.