ОҚО-да қарт әжей ұлын пышақтап өлтірді. Араққа сылқия тойған ұлынан қорғану үшін зейнеткер оны үш-төрт рет пышақпен ұрып, абайсызда өлтіріп алған деп хабарлайды NUR.KZ.
Сұмдық жағдай он бесінші наурыз күні Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында болған. Дәл осы күні ұлынан зәбір көрген зейнеткер 102-ге хабарласып, полицейлерді үйіне шақыртыпты.
Әжейдің үйіне күндіз келген тәртіп сақшылары баласына ескерту жасап кетеді. Полицейлердің ескертуіне құлақ аспаса керек, 55 жастағы ұлы кешкісін араққа сылқия тойып, анасын тағы да тепкінің астына алады. Ұлынан қорғану үшін қарт кісі оны асханадағы пышақпен ұрып, абайсызда өлтіріп алады.
«Ұлы арақ ішіп алып, қарт анасын ренжітіп жүреді. Ұлының жасы елуден асса да, жұмыс істемей, анасына қорлық көрсеткен еді. Байғұс қарт ана қайтсін. Әдейі өлтірген жоқ шығар,» — дейді қайғылы жағдай болған үйдің көршісі.
Анықталғандай, марқұм болған 55 жастағы азамат наркологиялық диспансерде есепте тұрады екен. Тіпті екі рет арнайы медициналық орталықта ем қабылдап шыққан.
Туған ұлын абайсызда өлтіріп алған қарт әжейдің өзі полицейлердің шақыртып, қылмысын толық мойындаған.
Қылмыстық істің болғандығын аудандық ІІБ мамандары растады. Бір күн қамауда болған егде жастағы кісіні полицейлер үй қамаққа босатқан. Қазір қылмыстық іске байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Ескерту! Материал ҚР құқықтық заңнамасымен қорғалған. Мақаланы көшіру, тарату және өзге де мақсаттарға пайдалануға қатаң тыйым салынады.