Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева тұрғындарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдау өткізді. Қабылдауға келген тұрғындар жұмыспен қамту, шипажайға жолдама, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі мәселесін жеткізді, деп хабарлайды Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз қызметі.
Шымшаһарда биыл 30 207 адамды жұмыспен қамту шаралары жоспарланып, бүгінге дейін оған 23 630 тұрғын қатысты. Тұрақты жұмысқа орналасу жөнінде келген тұрғынның мәселесін шешу үшін басқарма басшысы Еңбек мобильділігі орталығының директорына тапсырма берді.
ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерді әлеуметтік қолдау көрсету Шымкент қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұсынысы негізінде жүргізіледі. Осы бағыттағы шағымын айтқан тұрғынға жуырда аталған департаментке түрлі санаттағы ардагерлерді әлеуметтік қолдауға арналған бұйрықтарға өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс хатының жолдағанғаны түсіндірілді.
Басқарма басшысының айтуынша кезекті қабылдауға келген азаматтар көбінесе әлеуметтік мәселелерді шешу туралы сауалдармен келеді екен.
Ол: « Шымкент қаласының тұрғындарымен үнемі кездесіп, ашық есік күнін ұйымдастырып тұрамыз. Бізге келген тұрғындар көбінесе құқықтық әрі қаржылық сауаттылыққа қатысты сұрақтарды жиі қояды. Құжат рәсімдеу, кезекке қою,әлеуметтік қызмет түрлерін алу сынды басқа да мәселелермен келетін тұрғындарымыз бар. Олардың әрбірінің талабы мен тілегі ескеріледі, жауапты мамандарға жіберіліп шешу жолдары қарастырылады. Қазір ыңғайлы жұмыс жоқ екен деп қол қусырып отыра беретін заман емес. Жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, зейнет жасындағыларды тұрақты жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар бар. Бұл бағдарламалар мамандар тарапынан түрғындарға жіті түсіндіріледі. Сонымен қатар бос жұмыс орындарын ұсынатын жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылады »,- деді.
Сонымен қатар шипажай жолдамасы кезегіне шағымын жеткізген зейнеткердің мәселесі бүгін оң шешімін тапты. Мамандар ақпараттық порталдан зейнеткердің кезек реті келгенін анықтап, бүгін-ақ жолдамасын берді.
Басқарма басшысының қабылдауына қатысу алдын ала жазылу арқылы жүзеге асырылады. Ол үшін тұрғындар Бәйтереков 89 мекен жайына келіп, 21 кабинетке жазылуы тиіс.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы