Биыл Шымкент қаласында жоспарланған су құбыры желілерін жаңарту жұмыстары аясында маңызды жобалардың бірі бастау алды. Соған орай Өңірлік коммуникациялар қызметі мен БАҚ өкілдері Ватутина көшесіндегі су құбыры желісін қайта құру бойынша өткен баспасөз турына қатысты.
Жоба ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен қала әкімдігінің бірлескен инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бағдарлама 2023-2026 жылдарға арналған. Биылғы жылға жалпы сомасы 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның ішінде су құбыры желілері бойынша 22, ал кәріз желілері бойынша 21 іс-шара жоспарланған.
Аталған жобаның негізгі мақсаты – Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданындағы Ватутина көшесінде орналасқан су құбыры желісін қайта құру. 1962 жылы төселген құбырлардың 91 пайызы тозып, апаттар жиі орын алып келген. Осыған байланысты, 300 мм диаметрлі құбырды 160 мм-ге дейін төмендету жұмыстары жүргізілуде. Бұл шешім гидравликалық модельдеу нәтижелері бойынша қабылданған, себебі қазіргі қажеттілік тәулігіне 12 м3/сағ аспайды. Жаңа құбыр өткізгіштігі шамамен 728 абонентті қамтамасыз етуге жеткілікті болады деп күтілуде.
Жоба бойынша 1367 метр құбырды толық ауыстыру көзделіп отыр. Жоспарланған құрылыс-монтаждау жұмыстары қараша айының ортасына дейін аяқталуы тиіс. Жобаның жалпы құны – 120 млн теңге, ал инвестициялық шығындарды өтеу мерзімі 8 жылға жоспарланған.
Ватутина көшесіндегі құбырларды қайта құру — қала тұрғындарының сапалы сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға және апаттық жағдайлардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам.
Сондай-ақ Еңбекші ауданының 17-ықшамауданында да су құбыры желісін қайта құру бойынша ауқымды жоба іске асырылып жатыр. Бұл жоба 2024 жылға арналған инвестициялық бағдарлама шеңберінде жүзеге асуда.
1977 жылы салынған су құбырының 89 пайызы ескіріп, апаттық жағдайлар жиілеп кеткен болатын. Осы себепті, диаметрі 150 мм және 300 мм құбырларды толық ауыстыру қажеттілігі туындады. Бұл желі 964 абонентке қызмет көрсетеді, ал жыл сайынғы су шығыны 136 815 м3-ті құрайды, бұл шығындардың ақшалай сомасы 17,3 млн теңгеге жетеді.
Инвестициялық бағдарлама аясында осы жобаны іске асыруға 207,3 миллион теңге бөлінген. Жоспар бойынша, жалпы ұзындығы 1860 метр су құбыры жаңартылуы тиіс. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2024 жылдың қараша айына дейін аяқталады деп күтілуде. Жобаның өзін-өзі ақтау мерзімі 12 жылды құрайды.
Бұл жоба Еңбекші ауданының тұрғындарына сапалы әрі үздіксіз су жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған және қаланың инфрақұрылымын жақсартуға үлкен үлес қосады.
JQ-Aqparat
Суреттер: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі