Шымкент қаласының тұрғындарына арналған «Qamqor» жаңа өңірлік бағдарламасына өтінімдер 30 қыркүйектен қабылдана бастағанын жазғанбыз. Тұрғын үй мәселесін тиімді шешуге бағытталған аталмыш бағдарлама биылғы жылдың 28 қарашасына дейін жалғасады.
«Qamqor» бағдарламасы аясында Шымшаһарда қызмет ететін мамандар, соның ішінде дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер, мұғалімдер, тәрбиешілер, күтушілер, жоғары оқу орындары мен колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының өкілдері, журналистер, мемлекеттік ұйымдар мен «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері, сондай-ақ энергетика және төтенше жағдайлар қызметінің мамандары баспана алуға жеңілдетілген шарттармен қатыса алады. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Көпжан Төлебаев бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.
Оның айтуынша, жеңілдетілген несие шарттары бойынша ең жоғары заем сомасы 20 млн теңгені құрайды. Ал пайыздық мөлшерлеме 6 пайыздан (ЖТСМ 6,4 пайыздан) деңгейінде белгіленген. Алғашқы жарна көлемі небәрі 10% құрайды, бұл көптеген жұмысшы азаматтарға қолжетімді тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді. Қазір бағдарламаға 2202 өтінім қабылданған.
«Qamqor» тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға 8 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 5 млрд теңгесін Шымкент қалалық әкімдігі, ал 3 млрд теңгесін «Отбасы банк» қарастырып отыр. Жалпы 400 азаматты баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған.
Банк жаңа тұрғын үй бағдарламасына өтінімдерді қабылдап, арнайы ұпайлар жүйесін пайдаланып, әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастырады. Бұл процесс толығымен автоматтандырылған түрде «Баспана маркет» порталы арқылы (https://otbasybank.kz/) жүзеге асырылады. Бағдарламаның цифрландырылуы деректерді тексеру барысында адами фактордың араласуын болдырмай, ұпай санау уақытын айтарлықтай қысқартады.
Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлердің «Отбасы банкінде» шоты болуы немесе банк клиенті ретінде тіркелуі қажет. Жеңілдетілген несиеге үміткерлер пулына ең көп ұпай жинаған азаматтар енеді. Ұпайлар жүйесіне жасы, некеде тұрған уақыты, балаларының саны, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы, тұрғын үй кезегінде тұру мәртебесі және банктегі депозит жинақтарының көлемі (кемінде 500 мың теңге) әсер етеді.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі