Бүгін Үкімет басшысы Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барып, шаһардың бүгінгі даму барысымен және Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шараларымен танысты.
Қаладағы өндіріс орындарын аралағаннан кейін Премьер-Министр жаңадан салынып жатқан бірқатар әлеуметтік және жол нысандары мысалында Шымкент қаласы бас жоспарының іске асырылуымен танысты. Онда жыл соңына дейін 2,6 мың пәтерге арналған 66 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары туралы баяндалды. Биылғы қорытынды бойынша 1,4 млн м2 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Тұрғын аудандарда жайлы мектептер, емханалар, заманауи спорт кешендерінің, сондай-ақ Оқушылар сарайының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Премьер-Министр 36 тұрғын үй салынып жатқан Ақжайық шағын ауданын аралау барысында құрылыс сапасына және қазақстандық тауарлар мен қызметтердің үлесін одан әрі арттыру қажеттігіне назар аударды.
Шымкент қаласы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Әжібаев: «Қазіргі уақытта «Ақжайық» шағын ауданында 26 бес қабатты үйдің құрылысы аяқталды: бұл жалпы ауданы 58 мың шаршы метр болатын 780 пәтер. Кезекте тұрғандар үшін қолжетімді бағадағы несиелік тұрғын үйлер «оОтбасы банк» арқылы сатылады. Үйлерді жергілікті компаниялар салған. Құрылыс материалдарын пайдалану бойынша жергілікті қамту үлесі –95-98 пайыз», — деді.
Үкімет басшысына қаланы айналып өтетін транзиттік көліктің өтуін қамтамасыз ету үшін ұзындығы 28,2 км «Қорғас-Алматы-Шымкент-Өзбекстан Республикасы шекарасы» А-2 автожолын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы баяндалды.
Қаланың одан әрі дамуы, өндірістік қуаттың кеңеюі және жаңа инфрақұрылымдық жобалардың іске қосылуы тұрақты және үздіксіз энергиямен жабдықтауды талап ететіні атап өтілді. Бүгінгі таңда Шымкентте жеке өндірілетін энергияның жалпы қуаты 120 МВт құрайды, сонымен бірге қала 400 МВт, сұраныстың ең жоғары кезеңдерде – 500 МВт қуатты тұтынады.
Үкімет басшысы қазіргі уақытта Қазақстанның энергетикалық секторы елімізде өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 70 пайызын қамтамасыз ететін көмір электр стансаларына қатты тәуелді екенін атап өтті. Алайда бұл модель күрделі мәселелерге тап болуда, өйткені жұмыс істеп тұрған стансалардың тозу деңгейі жоғары. Биылғы 6 қазандағы референдумда оң шешім қабылданған жағдайда атом электр стансасы осы проблемалардың шешімі бола алады. АЭС тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алады. АЭС құрылысы энергетикалық және өнеркәсіптік өндірісті әртараптандыруға ықпал ететін болады, бұл ретте қалдықтарды жинау мен сақтаудан бастап утилизация мен қайта өңдеуге дейінгі басқарудың барлық аспектілері ескерілетін болады.
JQ-Aqparat
Суреттер: Үкімет басшысының баспасөз қызметі