Бүгін Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов ауыл шаруашылығындағы өңдеу, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі салаларының өкілдерімен кездесті. Кездесуде Президент Жолдауындағы өнеркәсіптік әлеуетті толық ашу және экономика өсімінің жаңа нүктелерін дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыру барысы мен шаралары талқыланды.
Премьер-Министр қаланың өнеркәсіптік әлеуетімен танысты. «Химфарм» фармацевтикалық зауытының аумағында Үкімет басшысына өндірістік қуаттар жыл сайын 1 млрд бірлікке дейін таблеткалар, капсулалар мен түйіршіктер, 250 млн ампула инъекциялық ерітінділер және басқасын шығаруға мүмкіндік беретіні баяндалды. Фармацевтикалық кәсіпорын 89 аталым бойынша дәрілік заттарды жеткізеді. Қаланың фармацевтика саласында кәсіпорынның үлесі 99,2%-ды, республика бойынша – 43%-ды құрайды. Кәсіпорында 897 адам жұмыс істейді. Қызметкерлер Еуропа елдерінде үнемі бейіндік оқытудан және біліктілігін арттырудан өтеді.
«Химфарм» АҚ фармацевтикалық зауытының өнімі GMP халықаралық сапа стандартына сәйкес келеді.
Қазір зауытта 3 цех жұмыс істеп тұр. Оларда стирельді инекциялы, инфузиялық ертінділер мен мен шәрбаттар, антибиотик ұнтақтары және капсула түріндегі таблеткалар өндіріледі.
«Үш цехымыз да GMP халықаралық сапа стандартына сәйкес сертификат иеленген. Өндіріс заманауи қондырғылар арқылы жұмыс істейді. Қазіргі таңда кәсіпорын аумағында жаңа ғимарат құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол ғимаратта өнімдер мен қызмет сапасын қадағалайтын бөлім орналасады. Яғни, заманға сай жаңа зертханалар жұмыс істейтін болады. Зауытта 1200-дің үстінде адам қызмет етеді. Біздің әзірлеген дәрі-дәрмектеріміз Ресейге, Түркіменстанға, Тәжікстанға, Өзбекстан және Қырғыз Республикасына экспортталуда. Сондай-ақ еліміздің дәрі-дәрмекке қажеттілігін өтеп жатырмыз», — дейді «Химфарм» АҚ қатты және пероральді дәрілік заттар цехының бастығы Айболат Ыдырысов.
Үкімет басшысы фармацевтика өнеркәсібіндегі отандық өндірістің үлесін одан әрі арттырудың маңызын атап өтті.
Шымкент қаласының Алтынтөбе елдімекеніндегі «Алан және Компания» джем мен шырын өндіретін кәсіпорнына барған кезде зауыт сағатына 7 тоннаға дейін көкөніс пен жемістерді өңдеуге мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жабдықталғаны баяндалды. 45 гектар жерге тамшылатып суару жүйесі орнатылған, алма, шабдалы, алмұрт және жүзім өсіріледі. Компанияға «Инвестициялық салымдар кезінде АӨК субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Импортты алмастыру мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспарға саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі қадамдар енгізілді. Ол үшін қайта өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтамасыз ету, сақтау сыйымдылықтары мен технологиялық жабдықтарды жаңғырту үшін инвестицияларды белсенді тарту, сондай-ақ қосымша өндірістік қуаттарды құру көзделген. Премьер-Министр аталған шаралар салаға елеулі қолдау көрсететінін және отандық қайта өңделген өнімдер өндірісін ұлғайтуға ықпал ететінін атап өтті. Бұл ішкі нарықты толтыруға және импортты алмастыру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
JQ-Aqparat
Суреттер: Үкіметтің баспасөз қызметі