xc
Ежелден халқымыз қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. «Қыз арқылы ұлт тәрбиеленеді» дейтін аталы сөзге сүйеніп, бүгін де жас ұрпаққа айтары көп әжелермен, белгіді бір салада жетістікке жеткен жандармен кездесулер өткізіліп тұрады. Әсіресе, ұлттық әстүрдің қаймағы бұзылмаған Шымшаһарда осындай басқосулар жиі ұйымдастырылады. Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың баспасөз қызметінің мәліметінше, сондай бір жиын «Жастар ресурстық орталығында» «Отбасы құндылықтары» тақырыбында өтті. Отбасылық және гендерлік саясатты талқылауға арналған іс-шараға спикер ретінде профессор, биология ғылымдарының докторы, «Экомед» клиникалар тобының және «NGG» халықаралық репродукция орталығының негізін қалаушы, ғылыми жетекшісі Салтанат Байқошқарова келді.
Ол өзінің өмір жолындағы ең маңызды шешімдер мен әже тәрбиесінің маңызы туралы әңгімелеп берді.
«Мен әкемнің тұңғышымын. Қазақ салтында тұңғыш бала ата-әжесіне беріледі. Солай ата-апамның махаббатына қанып өстім. «Жұлдызым, өмірі баянды болатын шам-шырағым, ақылдым, табандым» деген сынды баталарын естідім. Қазір біздің қоғамға жетпейтін дәл осы әженің асыл сөздері. Осындай сөздерді естіген бала ертеңіне сеніп өседі. Ал қазіргі ажырасу деңгейінің күн санап өсіп келе жатқаны әлеуметтік желідегі ақылшылардың көп болуынан деп білемін. Өйткені кез-келген парақшаны ашсаң, өзін психолог, коуч-тренер, сапалы өмір сүруді үйретемін деп таныстырып жатады. Бірақ өзі не отбасында, не бизнесте жолы болмаған бейбақ болып шығады. Қазір жұрт жаппай осындайларды тыңдап кетті. Ал олардың көздегені табыс табу. Солар «ең әуелі өзіңді сүй, өзіңді құрметте, тапқаныңды өзіңе жұмса» деп үйретеді. Ал оның ар жағы — маркетинг. Дәл осы сөзді тыңдап, осы жолмен жүретіндер кез-келген нәрсені үстіне жапсырғыш, бетіне бояу жаққыш келеді. Өйткені ол өзін жақсы көреді ғой. Жалпы айтқанда, қоғамдағы отбасы құндылығы тек ер адам мен әйелге қатысты. Әйел сабырлы болса, еркек нан тапқыш болса, отбасынан береке кетпейді. Ең бастысы, отбасының құндылықтары сақталуы керек», — дейді Салтанат Берденқызы.
Кездесу барысында отбасылық және гендерлік саясат, ер мен әйелдің қоғамдағы рөлі, берік әрі ғұмырлы отбасын құру, бала тәрбиесі мен болашақ ұрпақтың қамы сынды маңызды мәселелер талқыланды. Сонымен қатар отбасылық құндылықтарды нығайту жайында әңгіме қозғалды.
Жиын соңында жастар көкейіндегі сұрақтарын қойды. Сондай-ақ жоғары медицина ғылымдарының жетістіктері де сөз болды.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма