Шымкент қаласында «Әл-Фараби» атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының 10 жылдығына орай «Кітапхана – өркениет мұрасы» атты республикалық конференция өтті.
Шараға ҚР Ұлттық кітапханасы, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы, сонымен қатар, Астана, Алматы қалаларынан келген кітапхана саласының өкілдері, зиялы қауым, ақын-жазушылар, қалалық кітапхана қызметкерлері мен кітапхана ардагерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Конференцияға келген қонақтар кітапхананың көрмесімен танысты, деп мәлімдеді қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының баспасөз қызметі.
Салтанатты кеште Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз алып, кітапхана қызметкерлері қашанда рухани жаңалық алыбы, жаңа леп, жайсаң көзқарас жаршысы екенін атап өтті.
— Әл-Фараби кітапханасы — аты затына сай әдебиет пен руханияттың ордасы. Осы жылдар арасында қалалық, республикалық және халықаралық дәрежедегі ғылыми-теориялық шаралар мен кітап көрмелерін өз деңгейінде атқарып келе жатқан абыройлы ұжым. Әл-Фараби бабамыздың даналық еңбектерін насихаттайтын философиялық конференциялар мен жергілікті ақын-жазушылардың бас қосатын ыстық ұясы. Шырайлы шаһарымыздың мәдени дамуы мен рухани өрлеуіне үздіксіз үлес қосып жүрген бірегей кітапхана. Қазіргі таңда Республикалық маңызы бар Шымкент қаласының ең ірі ақпараттық-мәдени орталығы болып табылады, -деді С. Абайұлы.
Салтанатты шарада Сәрсен Абайұлы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың атынан арнайы кітапхана қызметкерлеріне құттықтау хатын табыс етті.
Конференция барысында философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаев, этно-дизайыншы, сазсырнайшы, қобызшы-фарабист Кендебай Қарабдалов, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Анарбаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрайымы Бақытжамал Оспанова, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева, ҚР Ұлттық кітапханасы «Жастар кеңесінің» төрағасы, кітапханашы Ерден Қабдрашитов баяндамаларын оқып, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана ұжымын арнайы құттықтап, кітапхана директоры Анар Жаппарқұловаға арнайы марапаттарын табыстады.
Конференцияның екінші бөлімінде «Әл-Фараби кітапханасы –өркениет мұрасы» атты бейнефильм көрсетіліп, Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының әртісі Дүйсенбек Аралбаев Әл-Фараби монологын оқыды.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкен қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы