Бүгін, 5 маусымда, Шымкентте ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев, қала әкімі Нұрлан Сауранбаев, қалалық мәслихаттың депутаттары мен қала активінің қатысуымен қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті, деп хабарлайды Шымкент қаласының әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.
Сессия барысында Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруге ұсыныс жасалып, аталған шешімге қол қойылды. Ендігі бұл құжат Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының қарауына ұсынылатын болады.
Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаевтың сөзінше, республикалық маңызы бар қала мәртебесі жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұндай өзгеріс қаланың дамуына, сондай-ақ, мегаполистің әр тұрғынына да оң әсер алып келеді.
«Сессияда тарихи құжатқа қол қойылды, бұл Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуда ауқымды жұмыстың бастауы болды.
Алда жоспар көп, олардың барлығы мәслихат депутаттары мен қала тұрғындарының қолдауымен ғана жүзеге асады», – дейді Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев.