Елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға барлық жағдай жасалғаны мәлім. Әйтсе де, бұл заңды бұзуға жол беру дегенді білдірмейді. Сондықтан биыл Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті кәсіпкерлік саласындағы бірқатар заң бұзушылықтарды анықтап, қатаң шаралар қабылдады. Тексеру жұмыстары прокуратурамен бірлесіп жүргізіліп, департамент үш тергеп-тексеру ісін аяқтады. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ернар Қосбаев Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте баяндады.
«Ең ірі заң бұзушылықтардың бірі «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның әрекеттерімен байланысты. Тексеру нәтижесінде компанияның Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабын бұзғаны анықталды. Мәні бірдей келісімдерге әртүрлі шарттар қолданып, корпорация өзінің нарықтағы үстемдігін теріс пайдаланғаны үшін 104,7 млн теңге айыппұл салынып, бюджетке өндірілді», — деді департамент басшысы.
Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы да назардан тыс қалмаған. Бұл басқарма сұйытылған мұнай газын бөлу кезінде бәсекелестікке қарсы әрекеттері үшін 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген.
Осындай шаралар Шымкент қаласында адал бәсекелестік ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Шымкент қаласындағы бірқатар кәсіпкерлік субъектілеріне монополияға қарсы заңнаманың бұзылуына байланысты шаралар қабылдады. «ҚТЖ» ҰК АҚ-ның Шымкент магистральдық желі бөлімшесіне қатысты арнайы хабарлама енгізілген.
Ернар Қосбаевтің айтуынша, тексеру кезінде филиал вагондарды беру және шығару кезінде кейбір нарық субъектілеріне басқаларға қарағанда артықшылықтар бергені анықталған. Бұл әрекет нарықтағы бәсекелестікті бұзып, басқа субъектілерді кемсітушілікке алып келген. Қазіргі уақытта хабарлама талаптары толық орындалып, филиал қызметі заңнамаға сәйкес реттелді, сонымен қатар белгілі бір субъектілерге қатысты жеңілдіктер алынып тасталған.
Монополияға қарсы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік мекемелер мен акцияларының 50 пайыздан астамы мемлекетке тиесілі кәсіпорындар бір көзден келісімшарт жасау үшін монополияға қарсы органнан рұқсат алуға міндетті. 2024 жылы Департамент осындай 10 өтінішті қарады, олардың 7-не келісуден бас тартылды.
Сондай-ақ Департамент жыл басынан бері 15 тауар нарығына талдау жүргізген. Олардың ішінде тауық етін көтерме сату, байланыс арналарын жалға беру, мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау сияқты маңызды секторлар бар. Қазір дәрілік заттарды көтерме өткізу және сымды интернет қызметтері секілді әлеуметтік маңызы бар нарықтарға талдау жалғасуда.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі