Еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласының биылғы экономикалық көрсеткіші ауыз толтырып айтарлықтай. Жуырда жария етілген жарты жылдың қорытындысы бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде тұрақты өсім бар. Шаһардың қысқа мерзімді экономикалық өсімі 11,6 пайызды құрап, ел көлемінде алғашқы 3-ші орынға көтерілді. Өткен жылы 6-шы орында тұрғанын ескерсек, бұл жақсы көрсеткіш.
Қаладағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына байланысты, жергілікті бюджет түсімдері де артты. Биыл бюджет шығысы 764,0 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 107,0 млрд теңгеге көбейген. Ал бюджет түсімдерінің көлемі 61 млрд теңгеге ұлғайып, 404 млрд теңгеге жетіпті. Бүгінге қала қазынасына оның 272 млрд теңгесі түсіп, жоспар 19,8 пайызға артығымен орындалды.
Бюджеттің бүйірі тоқ болса, халықтың табысын арттыру қиынға соқпайды.
Мәселен, биыл жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жалақысы төмен 15 мыңға жуық қызметкерге қосымша 50 мың теңге үстемеақы тағайындалып, ең төменгі жалақы 140 мың теңгеге көтерілді. Оған жергілікті бюджеттен 8,1 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, биылдан бастап кәсіпкерлікті дамытуға, кеңейтуге, қаржы айналымын ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беру мақсатында бөлшек салық мөлшерін 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді.
Ал инвестицияға келсек, қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 324,7 млрд теңге тартылған. Былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 14 пайызға артып отыр. Ал жыл соңына дейін 928,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Сонда бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 28,1 пайызға артуы тиіс.
Жоспарға сәйкес, алдағы үш жылда қалаға 3,6 трлн теңге, яғни 2024 жылы – 928,7 млрд теңге, 2025 жылы – 1 194,8 млрд теңге, 2026 жылы – 1 493,5 млрд теңге тарту көзделген.
Сонымен қатар, 2024-2028 жылдары жүзеге асырылатын жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын 220 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Ол ойдағыдай жүзеге асса, 29,4 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл жалпы құны 261,8 млрд теңгені құрайтын, 64 жоба іске асырылып жатыр. Соның нәтижесінде 6336 жаңа жұмыс орны құрылады.
Сондай-ақ қалада жалпы аумағы 1 307 гектарды құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Онда жалпы құны 230 млрд теңгені құрайтын 8 мың жаңа жұмыс орнын аша отырып, 289 жоба іске асырылды. Индустриялық аймақтарда инвесторларға ұзақ уақытқа жалға алу негізінде инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер учаскелері ұсынылады. Мұнда жұмыс істейтін кәсіпорындар коммуналдық қызметтерге төмендетілген тарифтерді пайдаланады және арнайы экономикалық аймаққа қатысушылар үшін салық жеңілдіктері қарастырылған.
Шымкентке инвестиция тарту мақсатында жалпы аумағы 1 660 гектарды құрайтын логистикалық хаб құрылмақ. Бұл бағытта сауда-логистикалық орталығын қосымша 136 гектарға ұлғайту, ауыр металлургия саласындағы жобаларды іске асыруға «Темір» индустриялық аймағы (1076 гектар), жеңіл өнеркәсіп саласын одан әрі дамыту мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын 175 гектарға ұлғайту және дайын өндірістік алаңдар құру мақсатында 118 гектар аумаққа «Стандарт» жеке индустриялық аймақтары құрылуда. Аталған аймақтарда инвестиция көлемі 1,5 трлн теңгені құрайтын 330 жоба жүзеге асырылып, 15 мың жұмыс орны құрылуы тиіс. Бүгінде сауда-логистикалық аймағын кеңейту бойынша инженерлік инфрақұрылым құрылысы басталып, оны 2025 жылы толық аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар «Стандарт» жеке индустриялық аймағында шағын және орта кәсіпкерлер үшін дайын өндірістік алаңдарының құрылысы жүргізілуде. Өндірістік аймақтарда негізінен, өңдеу өнеркәсібінің жобалары орналастырылады.
Осындай қарқыды атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде Шымкент экономикасының тасы өрге домалай түсетініне күмән жоқ.
Талап Тілеген
Суреттер: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі