Шымкент қаласындағы А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта демеушілердің қолдауымен бірнеше маңызды жобалар жүзеге асырылып, көріктендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, саябақтың кіреберіс қақпасы жанындағы аймақта қалалық әуежайдың демеушілігімен заманауи спорт алаңы салынды. Жаңа спорт аймағы қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, белсенді демалысты қолдайтын тұрғындар мен келушілер үшін тамаша орынға айналды.
Соңғы үш айда саябақ аумағында бірнеше көгалдандыру және инфрақұрылымдық жаңартулар жасалды. Ескі күзет бекеттері жаңартылып, олардың орнына төрт заманауи күзет үйі орнатылды. Бос жатқан аймақтар көгалдандырылып, 400 түп қарағай ағашы отырғызылды. Бұл аумақ автоматты суғару жүйесімен жабдықталып, ағаштардың үздіксіз суарылуына жағдай жасалған.
Сондай-ақ, саябақтың «Қошқар ата» учаскесінде «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің қолдауымен жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Мұнда 60 жаңа жарықшам орнатылып, 300 метрлік кабель тартылды, бұл саябақтың кешкі уақыттағы қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырды.
Айта кетейік, жыл өткен сайын табиғат аясындағы демалысқа деген сұраныс еселеп артып келеді. Көркем көріністермен тамсанып, таза ауамен тыныстап, қоршаған әлеммен арадағы үйлесімділікті сезіну — ереше жан рақатын сыйлайтыны даусыз. Шымкенттегі мемлекеттік дендросаябақ — жоғарыда аталғанның барлығын тоғыстырған бірегей орын. 1979 жылы қаланған күннен бері саябақта қоршаған орта байлығын сақтау мен еселеуге бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Мұнда өсімдіктердің түр-түрін, тауыстар, тиіндер мен теңбіл бұғыларды көруге болады. Дендрарий орталығында катамаран бекеті бар айдыны әсем көл орналасқан. Көлде тұқы тұқымдасына жататын дөңмаңдай балықтар тіршілік етеді. Айтарлықтай кең аумақты жайлаған дендросаябақта велосипедтерді жалға алып, серуендеуге болады. Келушілердің аталмыш екіаяқты «серіктеріне» арнайы жолдар да салынған.
Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағын еш күмәнсіз — Қазақстанның көрнекті орны мәртебесіне әбден лайық нысан, оңтүстік өңірдің нағыз асыл інжуі деуге болады.
Демеушілердің көмегімен жүзеге асқан осы жаңартулар саябақты демалыс үшін тартымды орынға айналдырып, келушілерге жанға жайлы әрі қауіпсіз орта ұсынуда.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі