Қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 13 қазанда дүниеге келген. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жазушының 100 жылдығы жыл басынан бері атап өтілуде. Айта кетейік, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның еске алынатын Күнтізбесіне де енді.
Шымкенттегі «Әл-Фараби» атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында өтетін жазушы Б.Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай, «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-көпшілік конференциясы өтті.
Конференцияға Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және шетелдік және елімізге белгілі Б.Соқпақбаевтың шығармаларын зерттеп жүрген ғалымдар мен профессорлар қатысты.
Әдебиет саласын зерттеп жүрген ғалымдар басқосуда жазушыға қатысты тың деректермен бөлісті.
Ақын, Қазақстанға Еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан Жазушылар Одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы оқырман жүрегінен ойып тұрып орын алатын бабалар әдебиетін биік деңгейге көтерген Бердібек Соқпақбаев шығармашылығындағы шынайылықты, әділдікті, ерекше талантпен үйлесім тапқан көркемдікті атап өтті.
Өз кезегінде «Әл-Фараби» атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова республикалық «Бір ел – бір кітап» жобасы аясында жазушының шығармалары алдағы уақытта ел көлемінде насихатталатынын, әлемдік және отандық ғалымдардың басын қосып «Балалар әлемінің бәйтерегі» атанған қаламгердің әңгімелері мен повестері білім ордаларында, мәдени орталықтарда кеңінен қамтылатынын жеткізді.
Конференция барысында Шымкент қалалық жасөспірімдер және қуыршақ театры жазушының «Менің атым – Қожа» повесін сахналады.
Жалпы Бердібек Соқпақбаевтың барлық туындыларында оның шығармашылығының қайнар көзі халық өмірінен бастау алғандығында. Бейнелеу қабілеті өте бай, шебер жазушы өз кейіпкерлерінің портетін шебер суреттеп, әрқайсысын өзіне тән тілде сөйлететіндігінде. Кейіпкердің ішкі күйзелісі мен ой-пікірлері жазушының басты көркемдік әдісі болып табылады.
Түптеп келгенде Бердібек Соқпақбаев көзі тірісінде-ақ қазақ балалар әдебиетінің классигі деп аталып кетті. Оның кітаптары ешқашан кітапхана мен дүкен сөрелерінде шаң басып жатқан емес. Жазушының кітаптарын қай кезеңде де үлкен-кіші басына жастанып оқитыны да шындық.
JQ-Aqparat
Суреттер: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі