Шымкентте еліміздің Оқу-ағарту министрлігінің «Біртұтас тәрбие жүйесіндегі педагогтың рөлі» тақырыбында аймақтық оқыту семинары өтті. Семинарды Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Нұргүл Шамшиева жүргізді, деп хабарлайды Шымкент қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметі.
Қала мектептерінен жиналған ұстаздар және білім бөлімінің мамандары біртұтас тәрбие мен оның маңызы жайлы баяндамалар жасап, көпшілікпен талқылады.
Тұлғалық тәрбие берудегі педагогтың рөлі өте зор. «Баланы тек мектеп немесе мұғалім тәрбиелеу керек деген жаңсақ пікір» деген өз ойларын айтқан мұғалімдер мектепте жүргізілетін тәрбиеге байланысты іс-әрекеттерімен бөлісті.
-Биылдан бастап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, барлық мектептерде жүзеге асырылуда. Қазіргі қоғамда оқушылардың арасында көптеген вейб, лудомания қатарлы мәселелер туындап жатыр. Сондай жат қылықтардың алдын алу мақсатында бағдарлама ұлттық құндылықтарға бағытталған. Жалпы, былтырғы бағдарламада үш құндылық болса, биыл алты құндылыққа негізделгенін айта кету керек. Тек қана мектеп емес ата-ана, білім ошағы үштік болып, болашақ ұрпақты тәрбиелейміз, — дейді қалаға арнайы келген Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.
Айта кету керек, аймақтық семинар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында оқу-тәрбие процесінің сапасын жақсартуға ықпал етіп қана қоймай, педагогтер арасында білім мен тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды.
«Біртұтас тәрбие бағдарламасы» – ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Бұл құжатта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің мақсаты, міндеттері айқындалады. Жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген саналы азаматты тәрбиелеу мақсаты көзделеді.
«Біртұтас тәрбие бағдарламасының» мақсаты — жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу.
Іс-шара барысында қатысушылар оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда білім беру ұйымдарындағы жаңа оқу жылында жүзеге асырылатын тәрбие жұмысының беталысын, құндылықтар негізінде тәрбие жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктерін, сынып сағаты мен сыныптан тыс әлеуметтік тәжірибе арқылы меңгеріп, өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салып, ертеңгі ұрпақты жан-жақты үйлесімді дамыған тұлға етіп тәрбиелеудің тиімді жолдарын талқылады.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметі