Бұрын өрісі малға, қамбасы дәнге толған ауыл еді, қазір бар-жоғы көше. Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданындағы екі елді мекен ауыл мәртебесінен айырылды.
Волчиха және Красная Заря деп аталатын екі ауылдың бірінде — 34, екіншісінде — 40 тұрғын қалған. Волчихада – 3, Красная Заряда – 2 оқушы ғана мектепке барады. Осыдан отыз жыл бұрын бұл ауылдардың әрқайсысында 50-60 үй болыпты. Кейін нарық қысқан жылдары жергілікті жұрт қалаға жаппай көшіп, ауыл іші қаңырап қалады. Енді Волчиха ауылы 25 шақырым қашықтықта жатқан Кіші Уба ауылының бір көшесі ретінде тіркелсе, Красная Заря 3,5 шақырымдағы Березовка ауылының құрамына енеді. Ауыл қотарыла көшпейді. Бірақ бұдан былай көрші елді мекендердің көшесі ретінде аталады.