Шаһардағы инклюзивті орта

28 ақпан, 15:24

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік жағынан қамту бағытында бірқатар шаралар қабылданып, жүзеге асып жатыр. Бұл оларға тек медициналық немесе қаржылай көмек көрсету дегенді білдірмейді. Жәрдемнің ауқымы кең. Мәселен, Алматы сияқты ірі мегаполисте мүмкіндігі шектеулі жандар  емін-еркін жүріп-тұра ала ма? Олар қаланың кез келген бұрышына қалай жетеді? Ғимаратқа қалай кіреді?

Мектеп инклюзивті болуы тиіс

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың өзі бір сөзінде «мүмкіндігі шектеулі жандарға оңтайлы инфрақұрылым қолжетімділігі 5 пайыз шамасында» екеніне қынжылыс білдірген-тұғын. Қала басшысының пікірінше, бертінге дейін шағын аудандарды тұрғызған кезде арбамен жүретін адамдарды есепке алып, оларға қажетті инфрақұрылым жасау жағын ешкім ескермеген. «Біз бәріміз жабылып осы мәселеге көзқарасты өзгертуіміз керек. Біздің балалар оқитын мектептер инклюзивті болуы тиіс. Мұндай мектепте ешкім өзін кем сезінбейтіндей, барлық жағдай жасалуы керек», — дейді әкім.

Соған орай қалада инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын мектеп саны жыл санап көбейіп келеді. Өткен жылы ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жағдай жасау 185 мектепте жүзеге асты. Биылғы оқу жылында олардың қатарына тағы 16 мектеп қосылып, жалпы саны 198 болды. Бұл қаладағы мектептің 92 пайызы деген сөз. Алматы қаласы білім беру басқармасының мәліметінше, 2020-2021 оқу жылында 3672 бала инклюзивті біліммен қамтылса, 2022-2023 жылы олардың саны 4632-ге жетті.

Қолдайтын орталық көп болсын

Шаһарда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау және қолдау, қоғамда инклюзивті орта құруға бағытталған басқа да шаралар қолға алынып, біртіндеп іске асып жатыр. Мәселен, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қоғамға бейімдеуге арналған Ten Qogam әлеуметтік қолдау орталықтарының бюджеті 5 есе ұлғайтылды. Өткен жылы мұндай орталықтардың бюджеті 40 млн теңге болса, биыл бұл сома 200 млн теңгеге жетті.

Қаланың әр ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталықтар жұмыс істейді. Онда ерекше жандарға жұмыс іздеуге септеседі, заң жағынан кеңес беріледі, моральдық-психологиялық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ биыл мүгедектікті ерте анықтау және оның алдын алу жұмыстары қолға алынған.  Бұл мақсатта қала бюджетінен әлеуметтік қорғауға 300 млн теңге бөлінді.

Кітап оқуға жағдай жасалды  

Зағип және көзі нашар көретін жандар да кітап оқығысы келеді. Осыны ескеріп, Алматы кітапханаларында арнайы оқу құрал-жабдығы орнату жағы да ұмыт қалмады. Бүгінде А.Чехов атындағы орталық кітапханада, Alatau Creative Hub, қазақ жазушыларының кітапханасы мен №4 филиалда зағип және көзі нашар көретін адамдарға арналған орындар бар. Заманауи құрал-жабдық технологиясы мәтінді өңдеп, қолжетімді форматқа конвертациялайды. Оқу машиналары жазбаларды, кітап-журналдарды скандап, аудиоға сол қалпында ауыстыра алады. Мәтін навигациясы пайдаланушыға кітапты парақтауға, басқа бөлімдерге қиналмай өтуге мүмкіндік береді. Осылайша оқу процесін барынша қолайлы және тиімді етеді. Келесі жылы кітапханаларды мұндай құрал-жабдықпен жарақтандыру жалғасын табады.

Инватакси көмекке келеді

Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау ісінде олардың қала ішінде қиналмай жүруіне жағдай жасау ұмыт қалмауы тиіс. Мәселен, бұл инватакси қызметіне айрықша маңыз беруді талап етеді. Арбамен жүретін адамның қала ішінде бір жерге барып-келу машақатын олардың жақындары жақсы біледі. Осыны ескеріп, өткен жылы Астана мен Алматы әкімдіктері «Яндекс.Инватакси» пилоттық жобасын іске қосты. Жобаға еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қолдау көрсетті.

Қолданыстағы норма бойынша инватакси қызметін пайдалану үшін телефон арқылы бір күн бұрын тапсырыс беру керек. Ол үшін баратын жерін алдын ала жоспарлауға тура келетін. Оның үстіне инватакси саны аз болғандықтан, тапсырысты орындауға үлгере алмай жататын. Пилоттық жобаны жүзеге асыруға «Яндекс такси» қызметі ниет білдіріп, қазір жоба жемісті жүзеге асып жатыр.  Шын мәнінде, бұл жоба мүмкіндігі шектеулі жандардың  қала ішінде жүріп-тұруын едәуір жеңілдетті. «Яндекс Go» қосымшасы арқылы такси шақырып, шаһар ішінде қалаған жеріне бара алады. Жолақы қала бюджетінен төленеді. Инватакси жүргізушілері ерекше қамқорлыққа мұқтаж жандардың көлікке жайғасуына, түсуіне жәрдемдесу туралы нұсқаулық берілсе, оны бұлжытпай орындауы тиіс. Инватакси кәдімгі көлік емес, мүгедектер арбасын көтеріп-түсіретін арнайы гидравликалық құралдармен, оңай жылжып ашылатын есіктермен, жұмсақ орындықтамен және тағы басқа қажетті асай-мүсейлермен жабдықталады.

Міне, осындай қолайлы көлік қызметіне өткен жылы Астана мен Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандар 53,9 мың рет жүгінген көрінеді. Биыл да ол жалғасын табады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың көңілінен шыққан жаңа форматтағы қызметті еліміздің өзге өңірлерінде де енгізу жоспарланып отыр.

Мобильді қосымша  

Инклюзивті орта құруға бағытталаған шаралардың бірі – Алматы қаласын дамыту орталығында жасалған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мобильді қосымша. Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасовтың айтуынша,  қосымша пилоттық режимде тексеруден өткен. Жуық арада іске қосылады. Бұл қосымшаны кез келген адам жүктеп, қаладағы нысандарға қатысты өз пікірін қалдыруына болады. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жандар ғимараттардың қолжетімділігі жөнінде өз өтініш-ойларын жаза алады. Қосымшада қаладағы жол өткелдері, аялдама және өзге де нысандар туралы жан-жақты ақпарат беріледі.

Ғимаратқа кіріп-шығу жеңілдейді

Мүмкіндігі шектеулі жандардың кез келген ғимаратқа оңай кіріп-шығуына да мән берілуі тиіс. Алматыда өткен жылы әкімнің тапсырмасымен әлеуметтік нысандарды құжаттауды көздейтін кең ауқымды жұмыс басталды. Олар туралы бүкіл едерк  inva.gov.kz жүйесіне енгізіледі. Алматы қаласын дамыту бағдарламасы шеңберінде 75 нысанды құжаттау жоспарланған. Былтыр 7,5 мың, биыл 15 мың нысан құжатталып, 2030 жылға дейін кезең-кезеңмен құжаттауды аяқтау жоспарланды. Мұндай жұмыс нысандардың және ондағы қызметтің қолжетімділігін бағалауға,  қажетті кеңестерді әзірлеуді көздейді.

Айта кеткен жөн, Алматы әкімдігі бұл жұмысты өз ғимаратынан бастады. Қаңтар оқиғасы кезінде күл-талқаны шыққан ғимаратты қалпына келтіруде ең алдымен қолжетімділік жағы ескерілген көрінеді. Айталық, әкімдік ғимаратында көзі нашар көретіндерге арнап тактильді тақтайша төселген. Арбамен келетіндерге пандус орнатылған. Ғимарат ішінде электркөтергіш бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дәретхана, панудстар, шақыру нүктесі, Брайль алфавиті де ұмыт қалмаған.

Талап Тілеген

 

 

 

 

26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында ұздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 17:38
Түркістан: Есірткіге қарсы профилактикалық шаралар қарқынды жүріп жатыр
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды
23 шiлде, 11:56
Түркістан: Шардара ауданында профилактикалық іс-шаралар жалғасуда
22 шiлде, 14:26
Түркістан: Жетісай ауданында қауіпсіздік іс-шаралары өтуде