Серпін берер серіктестік

26 тамыз 2022, 11:46

Каспийдің арғы бетіндегі көршіміз – әзірбайжан елімен арадағы сауда-саттық көлемі жылдан-жылға артып келеді. Өткен жылғы көрсеткіш 300 млн долларды құраса, мамандар биыл 500 миллионға жетеді деп отыр. Бұған дәйекті негіз бар. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өзара сауда-саттық өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 есе өсіп, 100 млн долларға жеткен. Елімізден Әзірбайжанға жасалатын экспорттың негізгі бөлігін теміржол локомотивтері, мұнай өнімдері, бидай, ұн тағамдары және арнайы жүзу құралдары құрайды. Ал импорт құрамында пропилен мен этилен полимері, сым, тоқыма бұйымдары, кабель және кейбір жеміс түрлері бар.

Осы сәрсенбіде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжанға ресми сапармен барды. Бакуде қол жеткізілген уағдаластықтар іскерлік қарым-қатынасқа тың серпін берері анық. Мемлекет басшысы сапар барысында Әзірбайжан Президенті Илхам Әлиевпен кездесіп, екі ел арасындағы стратегиялық қарым-қатынасты нығайту және одақтастық іс-қимылдарды тереңдету жайын талқылады. Қ.Тоқаев Әзірбайжанға екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару үшін арнайы миссиямен келгенін мәлімдеді.

Президент екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Осыған орай, «Кейінгі жылдары тауар айналымының айтарлықтай, үш есеге жуық өскеніне қуаныштымын. Бірақ бұл, әрине, жайбарақат жүруге негіз емес екенін атап өткім келеді. Сауданы арттыруға мүмкіндіктер бар деп есептеймін. Біздің үкіметтеріміз жақын арада елдеріміз арасындағы тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту үшін жұмыс істеуі керек», – деді.

Әзірбайжан басшысы жүздесуде екі елдің инвестиция саласында зор мүмкіндігі бар екенін, Қазақстанда да, Әзірбайжанда да бұған қолайлы (инвестициялық) климат қалыптасқанын айтты. Бұған қоса, шетелдік инвестицияның көлемі де қомақты. И.Әлиев: «Осы бағыттағы күш-жігерімізді біріктіріп, Қазақстан мен Әзірбайжандағы, сонымен қатар өзге де елдердегі бірлескен инвестициялық жобаларға қатысатын уақыт келді деп ойлаймын», – деді.

Инвестиция демекші, экономиканың түрлі салаларына өзара қаржы салу қарқыны да белең алып келеді. Әзірбайжан шағын және орта бизнес агенттігінің (KOBIA) мәліметіне жүгінсек, бұл елдегі компаниялардың біздегі мұнайдан тыс секторға құйған қаржысы соңғы 15 жылда 200 млн доллардан асыпты. Ал еліміздің Ұлттық банкі келтірген дерек бойынша, Хазардың (Каспий) арғы жағынан келген инвестицияның жалпы көлемі 306 млн долларға жеткен.

Қазақстан Президентінің Бакуге ресми сапары аясында экономикалық дамуға серпін беретін бірқатар құжаттарға қол қойылды. Бұлардың арасында бауырлас екі мемлекет арасындағы Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларация, 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама, сондай-ақ екі ел үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім сияқты маңызды құжаттар бар. Сонымен қатар, еліміздің цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Әзірбайжан цифрлық даму және көлік министрлігі арасында ақпараттық-коммуникациялық және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум, аталған министрліктер арасында көлік саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум, Қазақстан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Әзірбайжан цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы транзиттік жүк тасымалы саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға айрықша тоқталған жөн.

Іскерлік ортаның өкілдері де Әзірбайжанмен өзара тиімді сауда-экономикалық байланысты өркендетудің мүмкіндігін жоғары бағалайды. Атап айтқанда, Бакуде өткен Қазақстан-Әзірбайжан іскерлік кеңесінің алғашқы отырысында еліміздің сыртқы сауда палатасы басқармасының төрағасы Аян Еренов логистика, энергетика және құрылыста ынтымақтастың әлеуетіне тоқталды. Оның айтуынша, ендігі жерде қаржы саласында іскерлік байланысты жандандыру қажет. Осы аптада жасалған уағдаластық екі елде Сауда үйін ашуға, «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Әзірбайжандағы қаржы ұйымдары арасында тығыз байланыс орнатуға септігін тигізері сөзсіз.

Сарапшылар қауымы екі ел басшыларының жоғары деңгейдегі кездесуінен кейін экономикалық байланыстың жаңа кезеңі басталды деп санайды. Әсіресе, Қазақстан мен Әзірбайжанның көлік-транзиттік әлеуеті артады. Бұған әлгінде айтылған транзиттік жүк тасымалы көлемін арттыруды көздейтін құжаттың ықпал етері анық. Осы орайда Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Олжас Бейсенбай ТрансКаспий халықаралық көлік бағытының маңызы зор екенін айтады. Ол тасымал көлемін арттыруда инфрақұрылымдық жобаларға айрықша мән беру керек деген пікірде.

Әлемдегі қазіргі геосаяси ахуал экономикаға, соның ішінде сауда-саттықта маңызды фактор болып табылатын тауар мен жүк тасымалына тікелей ықпал етіп отыр. Сондықтан көлік бағыттарын әртараптандыру (диверсификация) көкейкесті міндетке айналды. Бұл ретте Каспий теңізі мен Қап тауының оңтүстігі (Әзірбайжан, Грузия) арқылы транзиттік тасымал ауқымын арттыру жайы пысықталуда. Мамандар «Орта дәліз» деп атайтын осы күретамырдың бір тармағы Қытай-Қазақстан – Каспий – Әзірбайжан – Грузия – Түркия бағытымен Еуропа елдеріне шығуға мүмкіндік береді. Жуырда Қазақстан, Әзірбайжан және Түркия сыртқы істер министрлері және көлік саласындағы жауапты тұлғалардың қатысуымен өткен кездесу осы мәселеге арналды. Жиында аталған дәліздің Әзірбайжан – Түркия – Қазақстан бөлігінде жүк тасымалы көлемін арттыра отырып, Азия-Еуропа бағыты бойынша сауда-саттық байланысты дамыту жайы пысықталды.

Осылайша, ТрансКаспий бағыты бойындағы транзиттік және көлік-логистикалық ынтымақтастық екі ел арасындағы сенімді серіктестікке серпін береді. Еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған деректерге жүгінсек, Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы жүк тасымалы көлемі тек биылғы алғашқы екі айда өткен жылмен салыстырғанда 149 пайызға ұлғайыпты. Тараптар Маңғыстаудағы Ақтау, Құрық (қуаты – 26 млн тонна) пен Баку маңындағы Әлят (15 млн тонна құрғақ жүк және 100 мың контейнер) теңіз айлақтарының өзара ықпалдастығына айрықша мән беріп отыр. Жүк өткізу мөлшері жылдан-жылға көбейіп келе жатқан Құрық арқылы көмір, мұнай өнімдері, тыңайтқыш экспортқа жөнелтілуде. Айта кеткен жөн, еркін экономикалық аймақта орналасқан Әлят айлағы мен Құрық арасында паром арқылы жүк және жолаушы тасымалы жолға қойылды. Еркін экономикалық аймақта логистика көлік инфрақұрылымы өркендеп жатқанын атап өткен экономист Натиг Жафарли мұны қазақ-әзірбайжан сауда-экономикалық байланысын жандандырудың маңызды тетігі деп есептейді.
Баку-Тбилиси – Жейһан және TANAP, TAP құбыр желілері арқылы әлемдік базарларға «қара алтын» мен «көгілдір отын» жөнелтіп жатқан әзірбайжан елінің транзиттік мүмкіндігі Қазақ мұнайын тасымалдауда баламалы бағыттың бірі болып табылады.

Әзірбайжан, сонымен қатар Парсы Шығанағы арқылы Еуропадан Таяу Шығысқа, одан әрі Африка құрлығына апаратын Солтүстік – Оңтүстік дәлізінде аса маңызды көлік хабына айналғалы тұр. Бұл дәліз де теңіз жолдарынан алыс жатқан еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға, сөйтіп отандық экономиканың дамуына үлес қосары анық.

Срайыл Смайыл

30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары
30 қыркүйек, 16:04
Түркістан: Жастарға заңгерлік кеңес берілді
30 қыркүйек, 16:03
Түркістан: Қылмыс пен жаза
30 қыркүйек, 13:20
Түркістан: Полиция жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
30 қыркүйек, 12:55
Назерке Тәнекеева: Қолдау бар. Тек тәуекел етіп, кәсіп бастау керек
29 қыркүйек, 22:52
Су үнемдеудің сәтті тәжірибесі
27 қыркүйек, 16:46
Түркістан: Жан-жақты іс-қимыл - мал ұрлығына тосқауыл