Сегіз қырлы сал-сері Серік

28 қантар 2022, 13:13

s

Қазақ әдебиеті мен өнеріне, мәдениеті мен музыкалық мұрасына, баспа ісі мен басқа да ісінің дамуына сүбелі үлес қосқан талантты тұлғалардың бірі – қаңтардың 31 күні ердің жасы елуге толғалы отырған танылған ақын, сазгер, ұстаз, баспагер Серік Әкірамұлы Қалиев.

сімі елге белгілі болса да аты мен тегіне қарап шатастырып жататындар аз емес. Сондықтан да, қысқаша мәлімет бере кетейік: Серік Әкірамұлы 1972 жылы 31 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында дүниеге келген. Алматы қаласындағы №2 қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын республикалық мектеп-интернатының түлегі. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Өнертану ғылымының магистрі. Халықаралық, республикалық айтыстардың, әртүрлі жанрдағы ән-терме байқауларының, мүшайралардың жүлдегері. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы. «Асылтас» қоғамдық қорының «Тарбағатай тарланы» төсбелгісінің, «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» медалінің иегері. Топтама өлеңдері «Толқыннан толқын туады», «Жас ақындар антологиясы», «Алматым жүрегімде», «Алтын бесік – туған жер», «Жыр бесігі – Тарбағатай», «Жыр маржан» атты 10 томдық поэзия антологиясына енген. «Көзайым», «Уақыт керуені», «Жасынның оты» және балаларға арналған «Ұқыпты бала» өлең кітаптары жарық көрген.
Айтыстары «Мектеп» баспасынан шыққан 9-сыныптың «Әдебиет» оқулығында талданған. «Махамбеттің семсері» көркем фильмі мен «Мәңгілік аспан астында» атты деректі фильмде айтыс ақынын сомдаған. 2010-2015 жылдар аралығында Астана күніне арналған республикалық ақындар айтысының ұйымдастырушысы. Баспагер ретінде көптеген кітаптардың редакторы және құрастырушысы болды. Тәрбиелеген шәкірттері халықаралық, республикалық, қалалық, облыстық деңгейдегі айтыстардың жүлдегері болып елге танылды. Атап айтқанда, Айнұр Тұрсынбаева, Ринат Зайытов, Сара Тоқтамысова, Алтынбек Ибрагимов, Бекжан Базарбек, т.б. танымал ақындардың тәлімгер ұстазы.

Өлеңіне жазылған әндері мен өзі шығарған ән-термелерді танымал әншілер орындап жүр. Әр жылдары Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Студенттер клубының директоры, ҰҚК Әскери институтының мемлекеттік тіл бөлімінің жетекші маманы, Қазақ радиосында бөлім бастығы, «Атамұра» корпорациясында аға редактор, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Қыздар университеті» баспасының директоры, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының «Айтыс» бөлімінің жетекшісі болған. Ал қазір Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының «Айтыс сыныбы» бойынша ұстазы. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында айтыскерлерді дайындайтын оқытушы, «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» атқарушы директоры. Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының мүшесі. Кезінде әдебиеттанушы-ғалым Тұрсынбек Кәкішов: «Серік Қалиевтің «Көзайым» жинағындағы өлеңдер ақынның ішкі сырын шертуге, өзі ғана білетін, қуанатын, қиналатын, мұңаятын сәттерін жырға орап жеткізген. Оқушы ойы мен сезімі әр тарапқа ұмтылғанымен, ақынның жырлары тың, таптыра бермейтін, қолға түсіп, оп-оңай ойға орала қоймайтын лирикалық сыршылдыққа негізделген. Ол ақындық пен айтыскерлікті ибалы азаматтықпен ажарлап жүрді», – деп еді.

Сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесін мерейтойымен құттықтай отырып, ұстаз, ағалары мен замандастарының азамат жайындағы ізгі лебізін ұсынамыз.

Зейнолла Тілеужанұлы, ақын, аудармашы:

Жалпы алғанда, Серік өлеңнің қыр-сырын жақсы меңгерген. Суырып салма айтыс өнерінің әліппесін, оның қырандай шапшаң, тұйғындай тегеуірінді, ойының терең, қиялының ұшқырлығын жазба поэзияда шебер пайдалана білетінін байқап отырмыз…

Жүрсін Ерман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын:

Серік – тамаша, талантты айтыскер. Көркем де ойлы сөздер айта білетін, қоғамның арғы-бергі мәселелерін қозғай алатын жақсы ақын болып көзге түсті. Серікті айтыстың қазылар алқасына тұрақты түрде мүше етіп келе жатырмыз. Өйткені ақын ретінде өлеңнің жаратылысын жанымен түсінетін, ақынның қандай күйде айтып отырғанын, не айтып отырғанын, ар жақ-бер жағын сезіп отыратын өте сезімтал қазы. Ол аз болғандай, айтыс ақындары одағының қара жұмысына да араласып кетті. Ол талай ұйымдастыру жұмыстарында маған сенімді серік бола білді. Осы айтысқа шын берілген, адал көңілімен қызмет ететін екі адам болса, сол екеуі – Бақыт Жағыпарұлы мен Серік Қалиев. Жүргенов атындағы академиядан айтыс бөлімі ашылып, соның ұстаздығын сеніп Серікке тапсырдық. Бір топ бала оның тәрбиелеуімен топқа қосылып, көзге түсіп келе жатыр. Үлкен аламанға емін-еркін араласатын жағдайы бар балалар. Осы академияда сабақ бере жүріп, «Айтысқа тәрбиелеу» деген тың пәннің әдістемесін жасап шықты. Ұстаз ретінде өте қабілетті екенін көрсетті. Былтыр Алтынсарин атындағы Білім академиясы мен біздің одақ бірлесіп, айтыстың алғашқы бастамасын «мектептің бағдарламасына енгіземіз» деген кезде соған әдістемелік жасаған дайын ғалым болып шықты. Зейнолла Сәнік атындағы қордың директоры бола жүріп, Қанат Сәнік бастаған қордың бетін айтысқа бұрып, неше айтысты өткізуге мұрындық болды. Мұның бәрі қайраткерлік жұмыс. Серіктің бойындағы қабілет көп. Оның сазгерлігі де бар. Мысалы, менің «Қасымның үйін қирату» деген өлеңімді термеге айналдырып, тереңнен толғап айтып жүр. Мен оны сүйсіне тыңдаймын. Оның жыраулығы да, әншілігі де бар. Демек оның бойынан өнер адамына тән қасиеттің бәрі табылып тұр.

Рақымғали Құл-Мұхаммед, «Атамұра» корпорациясының президенті:

Секең – сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Біріншіден, Серік – иманды азамат. Қазір «дін жолындамыз» деп жүрген азаматтар көп. Бірақ істеген ісі мен сөзі қабыспайды. Екеуі екі бөлек. Ал Секең ішкі жан-дүниесімен пірадар, тақуа. Себебі, оның айтқан сөзі мен ісі бірдей болып шығады. Екінші, әкем «мұсылманның бес парызынан бөлек, бес міндеті бар, соның біріншісі, сабырлылық, байсалдылық» дейтін. Міне, осы қасиет (сабырлылық, байсалдылық) Секеңде бар. Желпілдеп тұрған адам емес. Үшіншіден, Секеңде әншілік қабілет басым. Ол халық әндерін керемет нақышына келтіріп орындайды. Мен соны Секеңнің айтуында жақсы қабылдаймын. Төртіншіден, Секең – сазгер. Мысалы, М.Мақатаевтың «Аңғал досым-ай» өлеңіне жазылған әнді Секең шығарған. Содан кейін «Қасымның үйі» деген әнді тыңдадым. Қандай жақсы ән. Жақында ғана шығарған «Туған жерім – Ақсуат» деген жаңа әні жұртқа таралды, керемет ән. Бесіншіден, Секең – термеші, жыршы. Алтыншыдан, Секең – мықты редактор. Бізде 4 жыл жұмыс істеп, шыңдалған редактор әрі жақсы баспагер. Ол осы жерден тәжірибе жинап, бір баспаның директоры болып кетті. Секең мұнда жұмыс істемесе де, кейбір кітаптарды редакциялауға беріп қоямын. Себебі, оның қолынан келетінін білемін. Жетіншіден, Секең – талантты ақын. Ақындар суырып салма (айтыс) және жазба ақын деп екіге бөлінеді. Ал Секеңде екеуі де бар. Өзімнің ұсынысыммен Секеңнің жазба өлеңдерінен екінші кітабын шығарайын деп отырмын. Сегізінші қыры – айтқыштығы, асабалығы, ұйымдастырушылығы. Тап бермеде тауып айтқан тамаша әзілдері бар. «Атамұрада» жүргенде әнші-күйшілерді жинап, әрбір мерекені той сияқты етіп өткізіп жіберетін.

Деген екен…

Ақын Сырым Әуезхан бір айтысқа бара жатқанда Жұмабай Шаштайұлы мен Серік Қалиевті көлікте біраз күттіріп қойыпты. Келген кезінде:
– Үлкен кісілерді күттіріп қайда жүрсің? – депті Секең.
– Сіздер үшін дәрет алып келдім, – депті Сырым әзілге бұрып. Сонда Серік:
– Сен біз үшін дәрет аламын деп жүріп, біздің дәретімізді бұздың ғой, – деген екен қарымта қайтарып.

* * *

Жаздың жаймашуақ күнінде Серік Қалиев ізбасар інісін ертіп алып, Төле би көшесінің бойына көлігін қойып, жолдың арғы бетіне өтпек болады. Төле би көшесінің бойында трамвай жолы бар. Дәл сол екі ортада жүйткіп келе жатқан трамвай көрінеді. Ақын ағасы:
– Тез, тез арғы бетке өтіп алайық, – десе:
– Неге? – деп інісі кібіртіктеп қалған көрінеді. Сонда Серік:
– Басып кетсе трамвай, жатасың ғой тұра алмай, – деген екен.

* * *

Халықаралық, республикалық айтыстардың бас жүлдегері, ақын Серік Қалиев халық қолқа салған соң, бір жиында шәкіртімен кішігірім айтыс жасаса керек. Кезегі келгенде шәкірті:
Халыққа арнау сөзін жолдағасын,
Кешегі Бұқарлардай толғанасың.
Алтайы қызыл түлкі көргендейін,
Ағасы қыран құстай қомданасың, – деп бір қайырыпты.
Сонда ақын домбырасын қағып-қағып жіберіп:
Болар ма әзіл ғажап, күлкі керім,
Қандай өлең құрайды бұл күн ерің?
Мен сені азулы арлан деп жүр едім,
Құйрығын бұлғаңдатқан түлкі ме едің? – деген екен.

* * *

Бішкекте өткен бір айтыста қырғызға ұзатылған қазақтың қызы Майра Керімқызы мен Серік Қалиев жеребе бойынша айтысуға тура келеді. Өз кезегі келген кезде Майра Керімқызы:

Қазағым байып бүгін шалқалады,
Алатауға тиіп тұр арқалары.
Қыздың назы деп түсін, айналайын,
Майраға қайтарсаңшы Қарқараны, – депті сол кездегі қазақ-қырғыз ағайындардың арасындағы Қарқара жайлауына байланысты дауды меңзеп. Сонда Серік Қалиев:
Апатай-ау көңілің жаз болды ма,
Көлінен үйрек ұшып, қаз қонды ма?
Қырғыздың әуенімен айтар деп ем,
Табиғаты үйлеспес саз болды ма?
Жерімді қайтарып бер деген кезде,
Отырған қайын жұртың мәз болды ма?!
Құдаларға енді ештеңе бере алмаймын,
Сізді қиып бергенім аз болды ма ? – деген екен.

* * *

Бірде Серік Қалиев жүзге келген әженің тойына қатысады. Апамыздың келіні: «бағып-қағып, күтімін жасап отырған менмін, жүзге келді» депті. Сонда ақын:

Ұрпағы апам салған ізбен еред,
Ортақ болдық бұл тойға біз керемет.
Апамды бағып-қағып, күткен жеңге
Алғысымды айтамын Сізге бөлек.
Келіні жайсыз ене ерте кетед,
Келіні жайлы болса, жүзге келед,– деген екен.

(Ермахан Шайхыұлының «Атақты айтқыштар» кітабынан алынды)

Үйірімді шибөрілер жәркемдеп,
Талағанда қарап тұрдым жәутеңдеп.
Көк бөрі едім, қыңсыладым ит болып,
Маңдайым сор, таңдайымда дәм кермек.
Жан жаралы, жүрегім шер, сау денем,
Қарындастан, жерден шығар дау деген.
Толағай боп кетсем дедім бір мезет,
Бірге алып өте шығар тауменен.

Қайран бабам, көрсе жауың бүріскен,
Сол айбатың, сол қаҺарың тұр үстем.
Сары аюдың өтін жарып найзамен,
Айдаһардың басын кескен қылышпен.

Тор құрсаған атажұртқа құштарын,
Өз бағына оралар ма құстарым?!
Рухым қайта оянады Ғұн болып,
Тығылатын қорған салып дұшпаным.

* * *

Неге, Алатау
Арылмайды мұнардан?
Неге Алматы
Сейілмейді тұманнан?
Тұман ойдың арасында адасып,
Мен де арылмай қойғаным-ай күмәннан.
Беу, Алматы
Бәсің артық басқадан,
Қасиетті,
Қасіретті бас қалам.
Құдірет-ай шындығыңды қаңтарда,
Тұманменен бүркемелеп тастаған

 Жарқын Сәленұлы, журналист

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды