Идеяның жүзеге асқаны маңызды. Өнерде. Басты құндылық та осында. Басқасы оған қосалқы күш ретінде ғана көркемдік мазмұн береді. Өнер туындысын талдағанда, басты басымдықты осыған аударған дұрыс.
Әміре Қашаубаев – қазақ экранына лайықты тұлға. Әлем назарын аударған әншіні ең бастысы – әлемдік экран өнеріндегі әріптестермен бірлесіп жасау саяси қажеттілік. Себебі, Әміре әлемге қазақты Париждың төріндегі сахнада танытуға өзіндік үлесін қосты. Шетелдік әріптестердің ортақ мүддемізге жұмыс істегені айып емес. Қылмыс та емес. Өнерде шекара болмайды. Әлеммен қарым-қатынасымыз нығайған жағдайда ғана біз өзімізді кемел ұлт ретінде сезіне аламыз. Әлемге тереземізді айқара аша білген. Үрейленбеген. Ішкі комплекстерімізді жеңген. Тәуелсіз мемлекеттің өнері үшін бұл батыл қадам.
Басқасын қайдам, бірақ мен Әміре туралы идеяның экранда рухани шын жаңғырғанын көрдім. Әміре атамыздың өзі өз тұлғасының қазақ экранында келешек ұрпағының көрермен ретінде көретінін білмеген де болар. Жаһанға өз үнін қосқысы келген жас әншінің, дала баласының тағдырына бір жағынан жаның ауырады. Аңғал. Таза табиғатына. Кең көңіліне. Әлем халықтары мойындаған. Өнеріне бас иген. Тарихи фактіні көрдік. Ең бастысы сол.
Дала баласының табиғи таланты да дара. Әуенді үйреткен де, меңгерткен де ұлы даланың табиғаты. Болмысы да, жолы да дара. Үлкен қала өмірін көрмеген Әміре үшін әлемнің есігі кездейсоқ ашылған жоқ. Адамзаттың ортақ мүддесі үшін кез-келген талантты тұлғаның қосар үні мен үлесі маңызды болып табылады. Өркендеуге. Алға жүруге. Дамуға қосылатын қомақты үлес. Осы тұрғыда бір нәрсені жақсы ескеруіміз керек. Тарих тиянақтылықты талап етеді. Әр ұлттың өз дәуірінде мақтанышы бола білген тұлғалар уақытында лайықты құрметін алып, бағаланса, бұл біздің оларға деген қарым-қатынасымыздың нақты көрсеткіші. Әміренің бейнесі ескеріліп, кейіннен болса да қазақ экранында жаңғырғаны тарихи үлкен жетістік.
Фильмнің мазмұны тұнған саясат. Мүдделердің күресі. Өнер сахнасына шыққан ұлт өкілдері арқылы сол мемлекеттердің өзара бәсекелестік күресін көру қиын емес. Осы тұрғыдан алып қарағанда, идея авторлары ұтымды ұстанымдарды алға шығарған. Бұл шын мәнінде, саяси батыл қадам. Өнер арқылы көрсетілсе де, өз ұлтымыздың орнын көрсеткен нақты дәлел.
Гүлзат КӨБЕК
Кинотанушы,
Өнертану PhD докторы,
«Тұран» университетінің профессоры