Бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның өкілдері холдингтің сатып алу жүйесін жетілдіру, жүйелендіру, шағын және орта бизнес өкілдерінің осы жүйеге қатысуын жеңілдету шараларына тоқталды.Шағын және орта бизнеске көңіл бөлінбек. Кәсіпкерлер «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның қосымша 300 млрд теңгеге дейінгі тапсырысын алу мүмкіндігіне ие болды.
Жиын барысында «Самұрық-Қазынаның» операциялық қызметтер жөніндегі басқарушы директоры Әлішер Пірметов холдингтің сатып алу жүйесін жетілдіру, жүйелендіру, шағын және орта бизнес өкілдерінің осы жүйеге қатысуын жеңілдету шараларына тоқталды. Жалпы оның сөзіне қарағанда, сатып алу жүйесінде бірқатар елеулі өзгеріс бар. Мәселен, холдинг ішіндегі сатып алулар оңтайландырылып, маркетинг жүйесі енгізіледі. Алдын ала біліктіліктен өту рәсімдері жеңілдетіліп, шағымдану мекемесі құрылады. Сатып алуларға бақылау күшейтіліп, электрондық жүйенің жаңа формасы енгізіледі. Оның сөзіне сенсек, бүгінге дейін холдинг ішінде сатып алулар 4,5 мың позиция арқылы жүргізілетін. Бұл дегеніміз холдинг ішіндегі компаниялар кез келген тауарды, өнімді немесе қызметті бір-бірінен сатып алатын. Бұл шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысуына мүмкіндік бермейді. Холдинг сол 4,5 мың позицияның әрқасысын қарап шығып, 10 есе қысқартыпты. Бүгіннен бастап холдинг ішіндегі сатып алу позициясы 424-ке дейін азайған. Осы арқылы шағын және орта бизнеске қосымша 300 млрд теңгеге тапсырыс беру мүмкіндігі туып отыр. Енді сол пазициялар бойынша маркетинг жүргізіп отырады. Яғни холдинг мамандары көрсетілетін қызметтің, сатып алынатын тауардың нарықтағы бағасына талдау жасайды. Сатып алу кезінде сол бағадан аспауын қатаң бақылайды. Бұл бөлінген қаржыны 10 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік бермек.
Бұрын тендерге қатысушы шағын және орта бизнес өкілдері холдинг тарапы ұсынған 168 сұраққа жауап беруі тиіс еді. Ендігі уақытта холдинг аталған сұрақтардың санын 76-ға дейін азайтып отыр. Бұл конкурсқа қатысатын әлеуетті тауар өндірушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Белгілі бір дейгейде бюрократиялық мәселелерді де азайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ елімізде шағын бизнестің сатып алуларға қатысуы үшін қосымша мүмкіндік беру мақсатында, Қор баға ұсынысын сұрату тәсілі арқылы тек 9,6 млн теңгеден аспайтын сомаға сатып алуды Алдын ала бағалаудың шеңберінен тыс жүргізуді жоспарлап отыр. Ә.Пірметов атап өткендей, жақын арада жаңа электрондық сатып алу сайты — ЭСАЖ 2.0(электронды сатып алудың ақпараттық жүйесі) іске қосылады. Ол электрондық алаңды сүйемелдеу шығынын азайтады.Сондай-ақ тапсырыс берушілер мен жеткізушілер үшін қолайлы жағдай жасайды. Бүгінгі таңда кейбір жаңашылдықтар жүзеге асырылуда. Ал қалғанын Қор жақын арада іске қосуды жоспарлап отыр. Тағы бір қуаналық жағдай «Самұрық-Қазына» АҚ-ның мемлекеттік сатып алулар платформасын отандық компания әзірлепті. Сатып алудың бірыңғай жүйесінің жаңа платформасы соңғы кездері танымалдылыққа ие блокчейн технологияларына негізделмек. Қор өкілдерінің айтуынша, «Blockchain технологиясының ендірілуіжүйеде жүргізілген транзакциялар туралы деректі тәуелсіз түйіндерге тарату арқылы «Самұрық-Қазына» АҚ еншілес компаниялары өткізетін тендерлерге деген сенім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.Қор 2017 жылы жаңа платформада электрондық сатып алудың ақпараттық жүйесін әзірлеу және іске асыру жобасын бастады.Қор өкілдері ЭСАЖ 2.0 ендірілуі және одан әрі дамуы «Самұрық-Қазына» АҚ үшін электронды сатып алудың ақпараттық жүйесін толыққанды жүйеге айналдыруға мүмкіндік беретіндігіне сенімді. Бағдарламаны әзірлеушілердің айтуынша, толыққанды жүйе – бұл тауар, жұмыс пен қызметтерге сұранысты жоспарлаудан бастап, сатып алу, шарттар жасасу және келісім-шарттарды орындауға дейінгі толық циклді жүзеге асыру мүмкіндігі.Бұдан басқа, өзгерістер процесінде холдинг ішіндегі сатып алулар оңтайландырылды, жабдықтаушыларды алдын ала іріктеудің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған механизмдер енгізілді. Жеткізушілерді алдын-ала біліктілігі бойынша іріктеу енгізілгеннен бері, Қорға бірін-бірін қайталайтын сауалнамакөп түскен. Алдын-ала біліктілігі бойынша іріктеу процесінің ашықтығы туралы көптеген шағым келіп түскен. Нәтижесінде Қор іріктеу процедурасын жеңілдету бойынша бірқатар шараларды қабылдады. Оның ішінде жеткізушілерге берілген рейтингтерді көрсету, сауалнамалық сұрақтарды азайту туралы шешім қабылданды. Сонымен қатаршағымдарды қарау үшін апелляциялық комиссия құрылмақ.Оның құрамына«Самұрық-Қазына» қорының «Атамекен» Ұлттық палатасының өкілдері және тәуелсіз аудиторлар кіреді деп жоспарланып отыр. Бұл холдингтің жұмысты жеңілдету мен ақшаны тиімді жұмсауда жасаған жұмысының жемісі.
Елдос Өмірзақ